Самарадағы (Ресей) әскери әуе ұшқыштарын даярлайтын Сызрань әскери институтында 1999-2004 жылдар аралығында білім алған ол еліміздің әуе кеңістігін қорғай жүріп, «Мирное небо», «Взаимодействие», «Боевое содружество», «Степной орел» секілді сан түрлі халықаралық әскери оқу-жаттығу жұмыстарына белсенді қатысқан. Сонымен қатар, «KADEX» әскери қару-жарақ пен әскери техникалардың халықаралық көрмесі және әскери парадтарда да сәтті өнер көрсеткен өз ісінің шебері. Ұшқыш-майордың еңбек жолындағы ең маңызды жетістігінің бірі ретінде – әскери әуе ұшқыштарының түнгі көруіне арналған америкалық «ANVIS AN/ABS-6» құрылғысымен тұңғыш рет түнгі оқу-жаттығуды өте жоғары деңгейде өткізгенін атап өтуге болады. Өйткені, Ә.Оршабеков сол кезде жарықтандырылмаған жерге арнайы жасақтарды сәтті түсіру арқылы өз мамандығының нәзік иірімдерін жан-жүрегімен сезінетіндігін және міндетін мінсіз атқаратындығын сала мамандарының алдында паш етіп, басшылық тарапынан жоғары бағасын алған.
Әскерилер әулетінде дүниеге келген Әлібек отбасындағы он бір перзенттің оныншысы екен. Сондықтан да болса керек, ол Жамбыл облысының Шу қаласындағы орта мектепті тәмамдаған кезінде темірдей тәртіпті талап ететін әскери саланың маманы атануға бір кісідей-ақ бейімі болған. Олай дейтініміз, Әлібек жоғарыда атап өткен әскери институтқа құжат тапсырған 130 үміткердің ішінен іріктеп алынған 10 курсанттың бірі атаныпты.
Бес жыл, екі айға созылған Әскери институттағы оқу, үйрену мерзімін ойдағыдай аяқтаған жас маман арнайы жолдамамен Астана қаласындағы 19132 әскери бөліміне қызметке кіріседі. Осылайша, Әлібектің әуеде өткізген күн-түні мен әскери өмірі 17 жылдан бері үздіксіз жалғасын тауып, Астананың өсіп-өркендеуімен астасып келеді.
«Ұдайы ізденіс үстінде болуың керек. Мен ұшудың қыр-сырын оқып-үйрендім, осы білгенім жеткілікті деп ойлаған сәтте-ақ, қалықтай алмай құлап түсуің мүмкін. Өйткені, техника, технология атаулы көз ілеспес шапшаңдықпен дамуда. Оған ілесе білгенің, өміріңді ұзарта білгенің», – дейді Ә.Оршабеков.
Кейіпкеріміздің алғаш тізгіндеген тікұшағының түрі өткен ғасырдың 70-ші жылдары шығарылған Ми-8 болған екен. Соңғы үлгідегі тікұшақтар еліміздегі әскери ұшақтар паркінде аз болмағанымен, арада жарты ғасыр өтсе де осы «Ми» маркалы тікұшақтар қатардан қалмай келеді. Ұшқыштың түсіндіруінше, оның сыры аталған әуе машинасының асқан шеберлікпен жасалып, жаңа технологиялармен үнемі жетілдіріліп отыруымен тікелей байланысты екен.
«Бүгінде Ми-29, Ми-171Ш сынды соңғы үлгідегі тікұшақтардың қыр-сырын дер кезінде оқып, үйреніп, білу арқылы өз-өзіңді жетілдіріп отыру керексің. Әрине, іс жүзінде біз Ми-17, ЕС-145 секілді тікұшақтарды тізгіндеп жүрміз. Бірақ, оның бәрі де үздіксіз ізденістің және қызметтегі аға буын әріптестердің дұрыс жөн сілтеп, жол көрсетуінің нәтижесі. Осы сәтте әскери әуе паркімізді соңғы технологиялармен жарақтандырылған ұшу техникаларымен қамтамасыз етілуіне қолдау білдіріп отырған Мемлекет басшысының ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді. Соның арқасында біздер заман көшінен қалмай, халықаралық деңгейдегі әртүрлі әскери байқаулардан зор абыроймен оралып жүрміз. Айталық, кәсіби шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толысқан әскери әлеуетке ие 180 елдің ішінде біздің Тәуелсіз Қазақстанымыз бүгінгі таңда 53-орында. Бұл ширек ғасырда құрылған Қазақстан армиясы үшін жоғары көрсеткіш деп санаймын», – дейді экипаж командирі.
Астана аспанында өтетін әскери ұшақтар парадында Ә.Оршабековтің экипажы Авиациялық эскадрилья командирі, подполковник Ардай Нұғымановтың жетекшілігімен «сыналап ұшу» тәсілімен көкте қалықтамақ.
«Біздің экипажымыз бұл жолы бесінші болып ұшып өтеді. Ал менімен бірге ұшқыш-штурман, капитан Мақсат Едігеев болады. Бір кездері қызметте жүріп менің өзімді оқытып, үйреткені сияқты, бүгінде біз білгенімізбен тәжірибе жүзінде бөлісудеміз. Бұл жазылмаған заңдылық. Осындай өзара үйлесімділік тапқан жағдайда ғана тапсырма тиянақты орындалып, ұшу сапары сәтті аяқталады. Сонымен қатар, бұл әскерилер арасындағы буындар сабақтастығының айқын көрінісі», – дейді Ә.Оршабеков.
Айта кетерлік тағы бір қызықты жайт, Әлібек Мейрамбекұлының өз отбасы мүшелері арқылы, ұшқыштар әулетінің іргетасын қалап жатқан сыңайлы. Өйткені, оның көңіл жарастырған жары да бұл күнде азаматтық саладағы әуе кемесінің 2-класты жолсерігі екен. Ал Әлібектің Алуа есімді 9 жасар қызы келешекте ұшқыш болғысы келетінін жиі қайталайтын көрінеді.
«Ұшқыш болу бір кездері ер азаматтарға ғана тән мамандық еді ғой. Қазіргі заманда адамның ақыл, парасаты мен білім, тәжірибесі жоғары бағаланады. Сондықтан да мен қызымның Тоты Әмірова секілді ұшқыш болуын қалаймын», – дейді асқақ арманды әке.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»