Әкелеріміздің бойтұмарына айналған Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балаларындағы» «Әке, есіңізде ме? Майданға кетерде менің маңдайымнан сүйіп тұрып: «Мә, құлыным, жоғалтпа, – деп бір тал шашыңды жұлып беріп едің ғой.
– Жоғалтпа, тығып қой. Мені сағынғанда осы шашты тұтатқайсың. Сонда мен Ер Төстіктің Шалқұйрық аты құсап жетіп келемін, – деп едің ғой, әке. Мен сенің аманатыңды ұзақ сақтай алмадым. Қырық үшінші жылдың қысында өзіңді қатты сағынып, үй сыртындағы төбеге барып шақпақ тұтаттым. Бір тал шашың лып етіп жанып кетті, бірақ сен уәдеңде тұрмадың, көп күттім, алыста ғой, жете алмай жүрген шығар деп ойладым. Бірақ сен келмедің... Сөйтіп сенің өзіңнен де, көзіңнен де айрылдым, әке. Ендігі көңілге медет етіп келе жатқаным майданнан жазған хаттарың ғана, иә, хаттарың» деген жолдар бізге де бөтен болмады.
Өйткені, біздің толқынның – 1960-жылдардын соңы мен 1970-жылдардын басында дүниеге келген менің құрдастарымның басым көпшілігінің аталары соғыста қаза тапқан немесе оның алдындағы саяси-қуғын сүргін кезінде айдалып кеткен азаматтардан туған немере болатын. Біздер аталарының шалғайына жармасып тойға баратын немесе олардың ертегілерін құныға тыңдайтын құрдастарымызға қызығы да қызғана қарап өскен толқынның өкіліміз.
Бала күнімізде 9 мамыр – Жеңіс күні өз әкелеріне құран бағыштап жатқан үлкендермен бірге біз де өзіміз көрмеген аталарымыздың әруағы алдында бас идік. Олардан «Атамыз қандай болған?» деп сұрай да алмадық. Себебі, біріміздің әкеміз аталарымыз соғысқа аттанған кезде іште қалса, енді бірі есін шала-шарпы білетін ойын баласы еді.
Кейін, қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман кезінде де әкелеріміз бен аналарымыз бізге ойыншық сатып алып бергенде, көз жанарларынан бізбен бірге ойнап кеткісі келіп тұратынын түсінбей қалатынмын. Мұның жауабын кейінірек Шерхан аға Мұртазамен әңгімелескен кезде түсіндім. Сол кезде 70 жасты еңсерген Шерағаң әңгіме барысында «Балалар ойыншығын көрсем, асыр салып ойнағым келіп тұрады. Психологтар мұның себебін балалықтың бал дәміне құмарымның қанбай қалғанымен түсіндіреді. Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарында өтті ғой, біздің балалығымызды соғыс ұрлады ғой», деп терең күрсінген еді.
Балалық шағы соғыс жылдарына тура келген, қазақ әдебиеті тарихынан соғыс жетімдері ретінде сақталып қалған әкелеріміздің алды сексен жасқа келіп, қатарлары селдіреп қалды. Селдіреп қалғаны бүгін емес, сонау 1980-1990-жылдары байқалыпты. Өйткені, қатарлары өте сирек еді. Ел ішіндегі қариялар олар жайлы «соғыс өрті қиып кеткен толқын» ғой деп еске алады. Себебі, Шерхан ағамның сөзімен айтқанда, 1932-1940-жылдары дүние есігін ашқан сәбилердің аман қалғандарының өзі тағдырдың сыйымен бірдей екен.
ТМД елдерінің соғыс дауылы жүріп өткен Ресей, Беларусь, Молдова, Украинада биылдан бастап оларға «соғыс балалары» мәртебесі арнайы заңмен бекітілді. Заң шеңберінде 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін 18 жасқа толмаған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ел ішінде жылына бір рет тегін саяхаттауға және жылына екі рет шипажайларда демалуға мүмкіндік берілді.
Ал бізде болса, бұл мәселе әлі күнге дейін ел ішіндегі пікірлерден жоғары көтерілген жоқ. Ресми орындар ұсынған деректерге сүйенсек, тыл еңбеккерлері ретінде жәрдемақыны 1936 жылға дейін туған азаматтар алады. Бірақ сол жәрдемақының өзі 9 мамыр қарсаңында 15-20 мың теңге көлеміндегі бір реттік көмекпен ғана шектеліп қалған.
2011 жылы сол кездегі Сенат депутаты Хұсайын Уәлиев Үкімет басшысына Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ғана емес, тыл еңбеккерлерінің қатары да сиреп келе жатқанын, сол уақыттағы балалар ересектермен қатар еңбек етіп, жеңісті жақындатуға күш-жігерлерін жұмсағанын, бірақ соғыс уақытындағы балалар деген әлеуметтік санат жоқ болғандықтан, олар өздеріне тиесілі жеңілдіктерден құр қалып келгенін айтып, «Соғыс уақытындағы балалар және олардың мәртебесі» туралы заң жобасын дайындап, оны қабылдасақ игі еді» деген ой тастаған еді. Өкінішке қарай, ол да аяқсыз қалды.
Рас, соғыс балалары сол кезде жасы 7-10 жасқа да толмаған ойын балалары еді. Жасына қарап тыл еңбеккерлері дей алмайсың. Соған қарамастан, 1930 жыл мен 1942 жылдар арасында туған балалар тыл еңбеккерлерінің маңдайына тиген ауыр кезеңді бастан кешті. Сенатор Қуаныш Айтаханов дәл бүгін болмаса да алдағы бірер жылда біздің ел бұл мәселеге оралатынына, соғыс балаларының мәртебесі заңмен бекітілетініне сенетінін айтады. Себебі, соғыс ардагерлерінің де, тыл ардагерлерінің де қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Тіпті, соғыс балаларының да алды 80 жасты алқымдап қалды.
Соғыс өрті қазақ жеріне жеткенін дәлелдейтін деректер жетеді. Еліміздің батыс өңірлерінде соғыста жарылмай қалған миналар күні кешеге дейін табылып жатты. Демек, енді алдағы бірер жылда Ұлы Отан соғысының бізге мүлдем белгісіз жаңа тарихы – соғыс балаларының қасіретін көрсететін жаңа парағы ашылады. Себебі, 1941-1944 жылдар арасында біздің елге 460 зауыт көшірілді. Онда қолына күрек ұстауға шамасы келетін қазақтың жетідегі баласы мен жетпістегі қариясы еңбекке тартылды.
Қостанайда «Соғыс балалары» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейтін болып шықты. Олар 2012 жылы «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Соғыс балалары» ҚБ төрағасы Виктор Синельник жергілікті журналистермен кезедскен кезде билік партиясымен жұмыс істеуге шешім қабылдағанын айтыпты. Олар 1933-1945 жылдары арасында дүниеге келген азаматтарға «соғыс балалары» деген мәртебе беру керек деген ұсынысты заңдастырмақ жолында біраз шаруаның басын қайырып үлгеріпті. Әзірге облыстық деңгейде. Енді бұл мәселені республикалық деңгейде көтермек.
Демек, бұл «Соғыс балалары» мәртебесін заңдастыруда ілгерілеушіліктер бар дегенді білдіреді.
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист