Көшпелі отырыстың модераторы, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Индустриялық даму» бағыты бойынша партиялық куратор Аманжан Жамалов бастаған комиссия мүшелері ең әуелі шаһардағы ірі кәсіпорын «Өскемен титан-магний комбинатын» аралап көрді. Халық қалаулысы өндіріс орнының жұмысымен танысу барысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында сөз етілген Қазақстанның Үшінші жаңғыруының нақты мысалдары кәсіпорында көрініс тауып отырғанына куә болғанын айтты.
«Зауыт қанша жерден жаңғыртылса да, адам факторы болмаса, даму мүмкін емес. Бұл мәселе кәсіпорында ұтымды ұйымдастырылған екен. Оған бүгін көз жеткіздік. «ӨТМК» АҚ әлемдік стандарттарға сай өнім шығаруда. Мұндағы титан өнімін АҚШ бастаған ірі мемлекеттер тұтынуда. Ұшақ өндірісінде, ғарыш, мұнай-газ саласында кеңінен қолданысқа ие. Зауыт әлемде өндірілетін титанның 11 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан мұнда қолға алынған ірі жобаларға Елбасы үнемі қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырады», − деді Аманжан Жамалов.
Көшпелі мәжілістің екінші отырысы облыстық әкімдікте өтіп, онда өңірдегі жәрдемге мұқтаж, жұмысы тұралап тұрған кәсіпорындардың түйткілді мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Істері ілгері баспай жүрген кәсіпорын басшылары өздерін толғандырған мәселелерін тілге тиек етті. «Азия Авто Қазақстан» АҚ-тың бас директоры Ержан Мәндиев қазіргі уақытта отандық көліктерге ел ішінде сұраныс төмендегенін айтып, мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан автонесиелендіру бағдарламасы әзірленіп, автомобиль импортына шектеу қойылса, өзге де қаржылай көмектер көрсетілсе деген өтінішін білдірді. Макарон өнімін шығарумен шұғылданатын «Тамаша» ЖШС басшысы 2013 жылы құрылғаннан бері ұнды тұрақтандыру қорынан төмен бағамен алып келгенін, қазір олардың ұнды саудаға шығармайтынына тоқталып, кәсіпорынды оңалтуға субсидия сұрады.
Жиын соңында «Индустриялық даму» бағыты бойынша өңірлік комиссияның мүшесі Оксана Желякова облыстағы кәсіпорындарды оңалту бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізгенімен, Мәжіліс депутаты қолға алынған шараларды жеткіліксіз деп танып, аталған комиссияның жұмысын жандандырып, комиссия мүшелерінің құрамын өзгерту қажеттігін жеткізді.
«Өз қуатында жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды оңалту қажет. Шығыс Қазақстан – ел экономикасының драйвері, мұнда іргелі өндіріс орындары шоғырланған. Сондықтан Шығыстағы өнеркәсіп іркілмеуі тиіс, ол үшін түрлі мемлекеттік қолдау шараларын қарастыру керек», – деді Аманжан Жамалов.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген
Есімхан ОРЫНБАЕВ