Әлем • 10 Мамыр, 2017

Эммануэль Макрон – Францияның жаңа президенті

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жексенбі күні Францияда президенттік сайлау өтті. «Ұлттық майдан» партиясы атынан үміткер Марин Ле Пен мен «Алға!» партиясының жетекшісі Эммануэль Макрон арасындағы бәсекеде сайлаушылардың 66% дауысымен Эммануэль Макрон ел президенті болып сайланды.

Эммануэль Макрон – Францияның жаңа президенті

39 жасар Макронның үлкен саясатта тәжірибесі аз. Тіпті, жоқ десе де болад­ы. Ол басқаратын жүйеге күмәнмен қарау­шылардың алға тартатыны да сол. Бірнеше жыл банк саласында жұмыс істеп, кейін елдің экономика, қаржы және өнеркәсіп министрлігін басқарған Макрон өзінің «Алға!» атты партиясын да өткен жылы ғана құр­ған. Оңшылдар мен солшылдар ара­сын­да орта жол ұсынған жас пар­тия атынан қазіргі парламентте бірде-бір депутаттың болмауы да жаңа президент­тің жұмысына ауыртпалық береді, дейді сарапшылар. Енді маусымның 11-і мен 18-іне жоспарланған парламенттік сайлауда «Алға!» партиясы алғаш рет өз өкілдерін қоспақ. 
Екіншіден, қазір, Еуроодақтың шаңы­рағы шайқала бастаған кезде, фран­цуздардың да саяси көзқарастары екіге жарылды. Әлеуметтік ішкі саяси таластарды санамағанда, одақтан шығуды қолдаушылар қарасының көбе­юі елдің екіге жарылуына әке­ліп соқты. Дегенмен, биліктің беделі төмендей баст­аған осы тұста пре­зи­денттікке орта жолды ұстанған қайрат­кердің келуі елдің саяси өміріне жа­ңа­ша қарқын береді деген де жорамал бар. 
Бастысы, Макронды елдің саяси элитасы қолдап отыр. Әсіресе, Марин Ле Пеннің Еуроодақтан шығу туралы сайлауалды бағдарламасынан сескенген саясаткерлер Макронның айналасына біріккен. Сарапшылар бұл тұрғыда Макронды Брекситтің «естен тандыруынан» емдеген қайраткер ретінде бағалауда. Сонымен қатар, Макронның еңбек нарығынан бастап экономиканың бірқатар секторларында реформа жасау туралы берген уәдесінен қарапайым халық үміт күтіп отыр. 
Макронның жеңісінен кейін еуро­ның долларға шаққандағы бағамы 0,3% түсіп кетті. Ал осыдан шамалы уақыт бұрын өткен сайлаудың бірін­ші турында еуро алты айлық максимум­ға көтерілген еді және еуроның қайта құнсыздануын инвесторлар нарық­тың бұл жаңалыққа дайын болуы­мен түсіндіреді. Екіншіден, Мак­рон­ның әлеуметтік реформалары ел эконо­микасына айтарлықтай өзгеріс әке­ле­тіндіктен, бастапқы кездегі қиын­шы­лықтар аясында валютаның әлсіреуі де заңды құбылыс болмақ. 

Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»