Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Солтүстік Қазақстанда ардагерлерге ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттері сыйға берілді

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық ішкі істер департаментінде өткен кезекті іс-шара барысында соғыс, еңбек және тыл ардагерлеріне «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің 160 билеті салтанатты түрде табыс етілді.

Солтүстік Қазақстанда ардагерлерге ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттері сыйға берілді

«Бүгінде кеңеске 1786 ардагер мүше, олардың 7-еуі фашистік Германияға қарсы асқан қаһармандықпен шайқасса, 28-і тылда жанқиярлықпен еңбек еткен. Қай-қайсысының өмір жолын алып қарасаңыз, ерлікке толы, жастар үшін үлгі-өнеге. Қоғамдық тәртіптің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан зор үлестері әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік наградалармен атап өтілген. Жақында Джура Кобелев деген майдангеріміз жүз жасқа толып, ОІІД-нің басшысы, генерал-майор Берік Біләловтың тарапынан үлкен құрмет көрсетілді. Иван Кузин, Григорий Красильников, Шаяхмет Мырзахметов жергілікті әскери госпитальда ем-домдарын алып, денсаулықтарын оңалтып қайтты. Соңғы екі жылда 125 ардагер Алматыдағы «Қазақстан» санаторийінде тынығу  мүмкіндігіне ие болды», дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы  Сұраған Көпеев.

Ал, ішкі істер органының 160 ардагеріне ІІД-нің басшылығы атынан халықаралық көрмеге тегін жолдаманың берілуі тағылымды дәстүрдің өміршең жалғастығы болса керек.

Қылмыспен күресте, алдын алуда, болдырмауда басын қатерге тігіп, үнемі алғы шепте жүрген аға буын өкілдері Отан деген асыл ұғымды көздің қарашығындай қадірлей біледі. Ар-ұждан мен берік тәртіптің үлгісі санайды. Сол себепті қандай құрмет көрсетілсе де еш артықтық етпейді. Александр Сахаров, Базарбай Омаров, Михаил Бедных, Ольга Кузенкова секілді қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген ардагерлеріміз Астанаға барып, халықаралық көрмені тамашалайтын болады.

Олардың ерлік істері мен небір қиындықты бастан өткерген өмір жолдары арқылы өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге баулу, елді-жерді сүюге тәрбиелеу басты мұратымыз болып қала береді. Бұл тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, атқарылып жатқан жұмыстар қыруар. ОІІД ғимараты жанына 752 жауынгердің есімі жазылған мемориалдық ескерткіш қойылған. Осыдан ширек ғасыр бұрын қызмет бабы кезінде әлдебір қаскүнемдердің қолынан қапияда қаза тапқан Ғазиз Есімов атындағы аллея жұмыс істейді. Жұмысқа орналасқан  жас қызметкерлер осында келіп, гүл шоқтарын қояды, тағзым етеді.  Сол сияқты  Қызылжар ауданының Березовка елді мекеніне осы ауылдың тумасы, кеңес одағының батыры Филипп Чижиковтың мүсіні орнатылды. Ведомоствоны талай жыл басқарған генерал-майор Михаил Барановтың құрметіне мемориалдық тақта қойылды.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарасаңында 7 соғыс ардагеріне 50 мыңнан, майдангерлердің 5 жесірі мен 28 тыл еңбеккеріне 30 мың теңгеден ақшалай жәрдем көрсетілді.

Өмір Есқали

«Егемен Қазақстан»