− Ашылғанына 10 жыл толған орталықтың ғасырлық мерейтойға әзірлігі қандай?
− Алаш тақырыбын зерттейтін ғылыми орталықтар еліміздің бірнеше аймағында бар. Негізгілерін атап айтар болсақ, Алматыдағы орталықты белгілі алаштанушы Мәмбет Қойгелді, Астанадағы Л.Н.Гумилев университеті жанындағы «Алаштану» институтын Сұлтан Хан Аққұлұлы, Батыс Қазақстандағы орталықты Дәметкен Сүлейменова басқарады. Біздің орталық осылардың үйлестірушісі болып есептеледі. Мұны аталған өңірлердің Семейге деген құрметі деп түсінген ләзім. Өйткені, Семей Алаштың астанасы болғаны белгілі.
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, біз осынау үлкен мерейтойға алдын ала, ерте бастан қамдандық. Орталық мерейтойлар қарсаңында немесе мерейтойлар кезінде ғана емес, үнемі, тұрақты негізде жұмыс істейді. Нақтылап айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын дайындалған ғылыми тұжырымдама бар. Сол бағыт бойынша жұмыс істеп келеміз. Орталықтың ғылыми концепциясының негізгі бағыттары мыналар: іргелі ғылыми-зерттеу бағыты, ғылыми-энциклопедиялық бағыт, ғылыми басым бағыт, ғылыми концептуалды бағыт, ғылыми өзекті бағыт. Әр бағыт бойынша дайындалып жатқан нақты жұмыстар бар. Соның бір-екеуін атасақ, олар мыналар: 10 кітаптан тұратын «Алаштану мәселелері» ғылыми-сериялық жинағы. Онда отандық, Еуразия кеңістігіндегі ғалымдардың еңбектері жинақталып берілген. Сондай-ақ, «Алаш-Семей» энциклопедиясы, «Алаштың пассионарлық қуаты» атты монография, тағысын тағылар.
− Аталған ғылыми-сериялық жинақтың қанша кітабы шықты?
− Негізінен, бұл бағытта орталықтан оннан астам кітап жарық көрген. Ал, қазіргі таңда, нақты ғылыми бағыттары бойынша жүйелеп, жаңа ғылыми методология негізінде дайындап жатырмыз. Алғашқы үш кітапты баспаға ұсындық. Жаңа методологияның мақсаты мына бағыттарды жүйелеп беру: Алаш және тарих, Алаш және философия, Алаш және ғылым, Алаш және мәдениет, Алаш және әдебиет, тағысын тағылар. Семейдегі мұрағатпен бірлесе жұмыс істеп, архивтік құжаттар жинағын шығарған болатынбыз. Соны толықтырып қайта шығаруды да мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ, жоғарыда өзім атап өткен еңбектің орыс тіліндегі аудармасы Мәскеу қаласынан «Пассионарная энергия «Движения Алаш» деген атпен жарық көрмекші. Алаш қозғалысы – ұлы қозғалыс. Қазақ елінің қуатын сыртқа таныстыру да парызымыз.
− «Алаштың пассионарлық қуаты» деген еңбегіңіз жөнінде тарқатып айтып өтсеңіз?
− Көп адамдар менен сұрап жатады: «Кітапты неге бұлай атадыңыз?» деп. Лев Гумилевтің шығармашылығын жан-жақты зерделеп зерттегендердің бірімін. «Лев Гумилев» тұлғалық энциклопедиясының авторымын. Тарихта ғылыми айналымға «пассионар» ұғымын енгізген – осы кісі. Оның ғылымға енгізген «Этногенездің пассионарлық теориясы» деген ғылыми-методологиялық концепциясы бар. Оған көзқарас әртүрлі. Ол бүгін біз қарастыратын мәселе емес. Ал, «пассионар» сол теорияның метакатегориясы. Басқаша айтсақ, ол қуат. Үлкен мақсаттарға бастар қуат. Сол үлкен жолдағылар осы қуаттың әсерінен «шаһит» болып кетуі де мүмкін. Осы қырынан келсек, Алаштың алыптары – пассионар тұлғалар. Пассионарлық қуат. Бұл – сән үшін қолданылған сөз емес, үлкен ұғым. Алаш қайраткерлеріне қараңыз. Сол ғасырдың басында жоғары білімді адамдар көп болса да, көшбасшылары шамамен 100 адамдай болды. Солар тұтас халықты өргізіп, жусатты. Тұтас халық оларды мойындады, құрметтеді. Өйткені, олар халықтың көкейіндегі мәселелерді дөп басты.
Қазір елімізде жоғары білімді адам саны қанша? Миллионмен саналады. Соның өзінде бір-бірін ұқпай жатады. Бұл жерде, көрдіңіз бе? Сан емес, сапаның күштілігі. Пассионарлық тұлға деген ұғым бар. Бұлар өте зор қуатпен, ерекше қарқынмен келетін адамдар. Олар Отан үшін, ел үшін тек алапат құлшыныс, айрықша ынтамен ғана емес, зор біліммен еңбек етті. Міне, соның барлығын тұтастай қарастыра, ойлана келе пассионарлық қуат дедік. Мәселен, Ленинді, Сталинді алайық. Екеуі де үлкен тұлғалар. Бірақ олар ұстанған саяси бағыт аренадан кеткен соң, олардың тұлғалық болмысы да солғын тартты. Ал енді өзіміздің Ахмет Байтұрсыновты алайық. Егер бүгін біреу осы тұлғаның саясаттағы еңбегін жоққа шығаруға ұмтылса, ар жағында әдебиеті тұр, әдебиетін алып тастаса, тіл білімі тұр, тіл білімін алып тастаса, көсемсөзі тұр, көсемсөзін алып тастаса, ақындығы тұр. Яғни, бұл кісілер энциклопедиялық, полифониялық, бір басына сан саланы тоғыстырған ұлы тұлғалар. Бұларды халықтың ұнатқаны – олар өнерде де, саясатта да, жұртқа қызмет жасау тұрғысында да өте адал болды. Еңбегіме атауды «Алаш қозғалысының пассионарлық қуаты» деп алғаным сол.
− Сіз үнемі «Алаш-Семей» деп айтып жүресіз, мақалаларыңызда осылай деп жазасыз.
− Жалпы, Семейдің атауына байланысты әртүрлі көзқарастар бар. Біреулер «Семей дегенді қойып Алаш қаласы деп атау керек» дейді. Семей – тарихи жер ғой. Қара шаңырақ. Бұл атауды алып тастасақ қалай болады? Көп адамдар қарсы болуы мүмкін. Қаланың сол жағалауы кезінде Алаш қаласы атанғаны белгілі. Абу-Даби, Нью-Йорк, Нью-Дели, Санкт-Петербург, Лас-Вегас, Сан-Франциско деген сияқты, өзім Алаш-Семей деп айтып жүрмін. Менікі ой салу, Семейдің бір кезде Алаш қаласы деп те аталғанын санадан өшірмеу.
− Алаш алыптары есімдерін құрметтеу жағы туралы не айтар едіңіз?
− Көп адамдар Алаш алыптарының есімдеріне көше берілмей жатыр, тағысын тағылар деген «төңкерістік» сауалдар көтеріп жатады. «Ана көшеге ананың аты берілмеді, мынаның аты берілмеді» деп. Ниет дұрыс. Орындалуы кейде бұрыс болып жатады. Кезінде Ленин бастаған көсемдердің есімдері сыпырылып тастап, көшелерге басқа тұлғалардың аты беріле бастады. Сол кезде бұрын «райком басқарған» деген сияқты «сиясы кеппеген тұлғалар» тоқпағы мықты болып көше атауларын иемденді. Сондықтан, бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды. Асықпай, саспай, бойға, ойға сіңіру керек. Ең бастысы, біз Алашты санаға кіргізуіміз керек. Сонда бәрі орнына келеді.
Қазіргі уақытта Алаш тақырыбы турасында да түрлі пікірлер айтылып жүр. «Алаш тақырыбы зерттелмей жатыр, қазіргі саясат оң көзбен қарамайды», деп байбалам салып жүргендер де бар. Мұның бәрі жел сөз. Өйткені, кешегі Алашты бүгінгі Тәуелсіз Қазақстаннан бөліп қарауға болмайды. Бұлар – бір-бірінің заңды жалғасы. Бүйректен сирақ шығарудың қажеті жоқ. Орталықтың маңдайшасына «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Мәңгілік Қазақ елі» деп жазып қойдық. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Біз өз жұмысымызда осы идеяны ұстанамыз. Әрине, Алаш алыптарының тағдырларына қатысты көптеген құжаттарға қол жетпей отырғаны рас. Бұл алаштанушы ғалымдардың тереңдеп түбегейлі зерттеуіне керек дүниелер. Оның мәні зор. Оған уақыт керек шығар. Мықты алаштанушы ғалымдар бұл бағытта жұмыстар істеп жатыр. Олардың ісіне сәттілік тілейік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы