Қазақстан • 11 Мамыр, 2017

Ілгерілеу жолындағы ілкімді қадамдар

127 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мәжілісі болды.

Ілгерілеу жолындағы ілкімді қадамдар

Отырыс барысында Прези­дент Н.Назарбаевтың мақала­сындағы негізгі аспектілер орта­ға салынып, талқыланды. Соны­мен қатар, Қазақстан халқы Ассам­блеясының 25-сессиясында белгі­ленген міндеттер туралы Кеңес мүшелері өздерінің ойларын ортаға салды. 
Негізгі баяндаманың бірін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бұрынғы орынба­сары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Анатолий Башмаков жасады. Ол Президенттің «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласындағы алға қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі екенін ескерте келіп, алда тұрған жұмыстар жөнінде айтып өтті. 
«Бізді кеше ғана Прези­дент Әкімшілігіне жинап, жұмыс топтарына бөлді. Мен өзім патриотизмді дамытумен айна­лысатын жұмыс тобының қатарына ендім. Туған жер бағ­дар­ламасы жалпыұлттық пат­­риотизмнің өзегіне айналу керек­тігін Елбасы атап көрсетті. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған еліміз Қазақстанға деген пат­риоттық сезімге ұласуы керек­тігі де мақалада айтылған. Менің жүрегіме де осы бағыт жақын, сон­дықтан мен осы топтың қата­рына енгеніме қуандым. Кез келген экономикалық реформа немесе мектептегі білім, саяси жүйегі жаңғырту адамның өзінің көзқарасын өзгертуден басталуы керек. Сондықтан, комиссияның базалық құрылымы болатын нақ осы топта жұмыс істейтіндерге насихатпен айналысқан білікті маман­дар тобы қажеттігін мен оты­рыста айтып, өзімнің ұсыны­сымды жасадым. Біз аймақтарға барып сананы жаңғыртудың қажеттілігін халыққа жеткізуіміз керек», деді ол. 

Өзінің сөзінде Анатолий Баш­маков сананы жаңғырту жұмысының оңай еместігін, «адамның санасын өзгерткеннен атом­ның құпиясын ашу әлде­қайда жеңіл» деген сөздің барын айта келіп, тек қана шешен сөйлейтін, ой-өрісі терең, парасаты биік ғалымдар ғана ха­лықтың жүрегіне жол тауып, Президенттің алға қойған міндет­терін жеткізе алатынын айтты. 

Басқа да шығып сөйлеуші­лер осы пікірлерді жақтап, өз ойларын жеткізді. Соның ішінде ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гри­горий Косяченко да болып, ол мемлекеттің діни және гума­нистік құндылықтарын теңес­тіру қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар, ол Президенттің мақаласындағы «Қазақстан­дағы 100 жаңа есім» жобасын орындау барысында ыңғайсыз бәсекелестік болмау жағын қарастыру керек екенін атады. «Сондықтан, жұмыс тобы осынау тізімге енгізілетін адамдардың критерийін алдымен анықтап алып, оны қатаң түрде іске асыруы керек», деді Г.Косяченко. 

Ал осы Кеңестің мүшесі, фи­ло­софия ғылымдарының док­торы, профессор Қазбек Қаз­­кенов Президенттің бұл мақаласы ХХІ ғасырдағы адамзаттық сын-қатер­лерге қарсы қолданыла­тын өзек­ті мәселе екенін атады. «Біз­дің еліміз бәріне де қарсы тұруға дайын болуы керек. Тек экономикалық, сая­си, құқықтық дайындықтар аздық етеді, ең бастысы, әрбір азамат­тың ұлт­тық ұстанымы берік, Отаны­ның қауіп­сіздігі мен тәуелсіздігі жо­лын­­дағы қадамдарға саналы түр­де дайын болуы керек», деді ол. 

Филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Шәймерденова мақаланың мәдени аспекті­леріне назар аударып, өзінің осы бағыттағы ойларын ортаға салды. «Бізде бәрі де бар. Ендігі міндет Елбасы атап көрсеткеніндей, тек ұлттық мәдени кодымызды, этносаралық келісім мен өзара түсіністікті сақтау ғана. Біз­дің жарқын болашағымыз осы­ған тікелей байланысты», деді профессор. Сонымен бірге, ол кездесудің тиімді болғанын да атап өтті.

Бұлардан басқа да сөйлеу­шілер өздерінің осы тақылеттес ойларымен бөлісті. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»