Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздардың бұл салтанаты Қазақстан Қарулы Күштерінінің құрылуына 25 жыл толуына орайластырылды. Іс-шараға Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті ұйытқы болды.
Ер азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – үлкен абырой әрі мәртебе. Ал өрендерімізді болаттай берік, темірдей төзімді етіп тәрбиелеу – әскери өмірдің еншісінде. Мұны көздерінде от ойнаған болашақ сарбаздардың жүзінен-ақ аңғаруға болады.
Сонымен, шара Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдердің жауынгерлері сапқа тұрғызылып, әскерге шақырылушылар Ұлы Отан соғысында шейіт болған ардагерлерге тағзым ретінде «Мәңгілік алау» даңқ меориалына гүл дестесін қою рәсімінен басталды. Жастардың жігерін жанып, рухын оятуды мақсат еткен ұйымдастырушылар әскерге шақырылушыларға лайықты құрметтерін көрсетті.
– Биыл Қарулы Күштердің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әрине, бұл – әр қазақстандық үшін айтулы оқиға, зор мақтаныш. Әскері айбынды елдің келешегі кемел болатыны да сөзсіз. Осыған орай, Елбасымыз, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «XXI ғасырдағы қазақстандық жауынгер келбеті – патриотизм, интеллектуалды даму және саламатты өмір дәстүрі болуы шарт» деген болатын. Бүгін біз қалыптасқан дәстүр бойынша әскер қатарына жастарды шығарып салып тұрмыз. Әрбір жас азамат үшін елін, жерін қорғау – ең қасиетті де киелі міндет, – деді Жандос Әбішев.
Отан-Ананың тыныштығын аманаттаған облыс әкімі орынбасарының тілегін қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы жалғады.
Полковник Ардақ Кукатов айт-
қандай, еліміздің қорғаныс қабілетін жетілдірудің басты өлшемі – Қарулы Күштерді дене тәрбиесі, интеллектуалы тұрғысында дағдылы дайындықтан өткен жауынгерлермен қамтамасыз ету.
– Биылғы көктемде облысымыздың 1500 жас азаматы әскер қатарына шақырылды. Бүгін салтанатты түрде Қарағанды облысының азаматтарын Қарулы Күштер қатарына шығарып салуға жиналып отырмыз. Жалпы, осы күні Қарулы Күштер қатарында 40 жас азамат аттанатын болады, – деді Ардақ Кукатов.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды