Мәншүк батырмен бір дивизияда болған
Қасымжан Мырзаханов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Алматы облысы, Андреев ауданы Екпінді ауылында 1917 жылы дүниеге келген. Қазан төңкерісі заманында туып, анасынан ерте айырылып, әкесімен, қарындасы Ақтауықпен отызыншы жылдардағы ұжымдастыру зобалаңын, аштық зардабын бірге тартқан. Кедейлік тауқыметінің кесірі болса керек, Қасымжан небары он үш жасынан жаңа ғана құрылған «Бірлестік» ұжымшарында еңбек жолын бастады. Әбүйір болғанда, Екпіндідегі жеті сыныптық мектепті бітіріп үлгереді.
«Жиырма төрт жастағы өрімдей жігіт ел басына екіталай күн туған 1941 жылы әскер қатарына шақырылыпты. Смоленск,
Арзамас, Ивановка, Новая Покровка елді мекендерін жаудан азат ету үшін шайқасады. Малая Ивановка деревнясын азат етуде қатты жараланып, госпитальға түседі. Осы ұрыста «Жауынгерлік ерлігі үшін» деген алғашқы медалін кеудесіне таққан екен. Әкем госпитальдан шығатын күнін санап, қайтадан өз бөліміне жетуге асығады. Сол тұста әскери басқару орталығы бұйрығымен Калинин қаласындағы жаяу әскер дайындайтын училищеге сегіз айға оқуға жіберіледі. Онда әскери ғылым негіздерін меңгеріп, кіші лейтенант шенін алып, Үшінші екпінді армия құрамында Великие Луки – Торопец майданына қатысады», дейді майдангердің ұлы. Маратхан ағаның айтуынша, әкесі енді бұрынғыдай қатардағы жауынгер емес, бөлімше командирі, взвод командирі дәрежесінде Балтық бойындағы шайқасты атой салып, Ржев, Невель қалаларын азат етеді. Айта кетерлігі, барлық жауынгерлердей Отан үшін от кешіп, толарсақтан саз кешкен Қасымжан Мырзаханов Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен бір дивизияда болған.
Елге оралған соң, еңбекке араласты
Соғыстың қызып тұрған шағы. Кенигсберг қаласын жаудан босату үшін арпалысқан қызыл әскердің қатарында Қасымжан да болады. Сонда дәл қасынан ірі калибрлі снаряд жарылып, екі қолына бірдей жарықшақ тиіп, Кунгур қаласындағы госпитальда есін бір-ақ жыяды. Сол шайқастағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Алайда, бірнеше күрделі отадан соң, алған жарақатына байланысты соғысқа жарамсыз деп танылып, еліне оралады.
Қарт ұстаз осыдан кейін өңіріне соғыстағы ерлігін, еңбектегі игілікті ісін әйгілейтін Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі ордендерін қадаған, бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болған әкесінің 1996 жылы 79 жасында дүние салғанын есіне алды. «Адам қанша жасқа келсе де, әкесін өзінің тірегі, ақылшысы, жанашыры, қамқоршысындай көреді. Мен үшін де әкем – ең жақын, қымбат жан. Нағыз ер азаматқа тән қасиетті, қиын істе тез шешім қабылдауды әкемнен үйрендім. Бүгінде сол асқар тауымнан алған тәрбиені балаларыма, немерелеріме беріп келемін», дейді ағынан жарылып.
Үш жыл бойы оқ пен оттың арасында болған Қасымжан Мырзаханов 1944 жылы елге оралған соң, Алматы облысы Андреев ауданы партия комитетінің нұсқауымен Майлышат ауылындағы Еңбек колхозы төрағасының орынбасары қызметіне жіберіледі. Ауылдықтардың әлеуетін жақсартуды мақсат еткен ол қым-қуыт тірліктің бел ортасында тыным таппастан ат үстінен түспей, қыруар жұмыстың түйінін тарқатуға бар күш-жігерін, білім-білігін жұмсайды. 1945 жылы Андреев ауданы бойынша мал шаруашылығын өркендету мақсатында алыстағы жайылымдарға су жеткізу үшін Лепсі-Шілікті каналын қазу жұмысын қолға алады. Оған сол кездегі 36 шаруашылықтың жұмысшылары атсалысқан екен. оларды азық-түлікпен, еңбек құралдарымен қамтамасыз ету Қасымжанға тапсырылған. Осы шара барысында майдангер басшы ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін танытты.
Әділдігін жұрт аңыз қылып айтады
1946 жылдан зейнетке шыққанша және бірнеше жыл аудандағы «Қазақстанның 30 жылдығы» ұжымшарында бригадир болды. «Сол тұста колхоздағы бір басқарма басшысы істі болып, ауданнан арнайы тексеруге келген прокурор бригадирлерден де қосымша түсініктеме алған екен. Шаруашылық жайын жетік білетін әкем: «Біздің колхозға зиянын тигізген, қоғам мүлкін заңсыз иеленген адам әділет тұрғысынан қылмысы дәлелденсе, тиісті жазасын алу керек қой», деген екен тергеушілерге. Жаратылысынан адалдықты ұнататын, ақ пен қараның ара-жігін ажырата айтуға батылы жететін қасиетін көзкөрген замандастарының аузынан жиі естимін», дейді Маратхан қария.
Қазақ – әуел заманнан жүйрік ат мініп, құмай тазы жүгіртіп, аң аулаған саятшылыққа құмар халық. Ет пен терінің арасындағы емес, қанға біткен сондай желік біздің кейіпкеріміздің де бойында болған көрінеді. Мұны баласының мынау естеліктерінен аңғарамыз: «Қырдағы қойлы ауылдарды аралауға шыққан кезінде Тарлан деген тазысын қоса ертіп алып, қасқырға, түлкіге, қарсаққа салатын. Қанша жыл қызмет атқарса да, өкіметтің атын мінген емес. Үнемі өзінің сәйгүлігін тақымдап, тауға да, қырға да сонымен шығатын еді. 1955-1956 жылдары аудан басшыларының өзі көліктен кенде-тін. Бірінші хатшы Грищагин әкемді арнайы шақырып, астындағы Көкжорғасын қалап, сұрап алған екен. Сол атпен қысы-жазы аудан шаруашылықтарын аралағанын көзім көрді. Ал әкем құлын кезінен баптаған Торжорғасын тізгіндеді содан кейін».
1976 жылы төрт бригаданың арасынан барлық көрсеткіштерімен ілгері көрінген Қасымжанның басшылық сыйлаған «ЛуАЗ» автокөлігінен бас тартқанын да ел іші аңыз қылып айтады. «Менің Торжорғам аман болсын, колхоздың жұмысына төрағамен бірдей атсалысып, көмектесіп жүрген ауылдық кеңестің басшысы Тұралық Дөненбаев мінсін бұл көлікті» деген ғой жарықтық.
* * *
Бүгінде жетпіс жасқа толып, бейнетінің зейнетін көріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, Алматы облысындағы Андреев, Ақсу, Алакөл, Талғар аудандарының мәдениет, білім салаларында қызмет атқарып, ұжым басқарған ұлағатты ұстаз Маратхан Қасымжановтың майдангер әкесі туралы әңгімесі мұнымен бітпейді. Әлі талай ұрпаққа үлгі боларлық естеліктер жазыла жатар...
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»