12 Мамыр, 2017

Төртінші кезең – мүмкіндіктер маусымы

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың 3-4 мамы­рында Қазақстан тағы да әлемдік саясаттың орталығы­на айналды. Астанада Сирия дағ­дарысын реттеу бойынша келіссөздің төртінші кезеңі өтті. Келіссөздің нәтижесінде Ресей, Түркия және Иран Сирия­дағы деэскалация аймағы туралы меморандумға қол қойды. Мемо­рандумда жанжалдасушы тарап­тардың арасында тікелей әскери қақтығысты болдырмаудың шарт­тары көрсетілген еді. Бізге мәлім болғандай, аталған меморандумды қолдау үшін Ресей қарардың жоба­сын Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынды.

Төртінші кезең – мүмкіндіктер маусымы

Әрине, бүгінгі күнде аталған меморандумды жүзеге асыруға байланысты туындаған сұрақ көп. Мысалы, ауыр бронды техника мен зымырандық-артиллериялық құрылымдар жанжалдасушы тарап­тарда сақтаулы тұрғанда соғыс қимылдарын тоқтатудың қандай мүмкіндіктері туралы айтуға болады? Сириялық көтерілісшілерді террорлық топтардан қалай ажыратуға болады? Және өткізу бекеттері мен бақылау нүктелерінің қандай тетіктері болуы мүмкін? 
Дегенмен, «Астана процесінен» жедел нәтиже күту, әрине, қиынның қиыны. Өйткені, Сириядағы қару­лы қақтығыс өзінің шырқау шегіне жет­ті. Осы уақыт ішінде ел содырлар­дың, көтерілісшілердің және үкімет әскерлерінің арасында бөлініске түсті. Мемлекет толықтай құлдырау­ға ұшырады. Мұның барлығы алты жыл бойы адам айтқысыз нашар жағдайда өмір сүріп келе жатқан Сирия халқынан күнделікті тұрмыс-тіршілігінен көрініс табуда. Халық аталған соғыстың жаппай құрбанына айналды. Мұндай жағдайда келіссөз үдерістері қиын жүреді және өзіндік ерекшеліктері болады. 
Барша жұртқа мәлім болғандай, БҰҰ-ның басқаруымен өткізілген Женева келіссөздері қажетті нәти­же­лерге қол жеткізе алмады. Бай­қап отырғанымыздай, Женева плат­формасының шеңберінде қарас­тырылған түйінді мәселелер «Астана процесінен» көп болмаса, аз емес. Қазір­гі кез келіссөзге қатысушы бар­лық тарапқа үлкен жауапкерші­лік жүктейді, себебі, олардың әрбір қабыл­даған шешімі «кеткен қатенің құнын» көп есе өсіретінін барлығы түсінеді. Уақытында қабылдан­баған немесе кез келген бұрыс шешім қақтығыс­тың әрі қарай жалғасуына алып келуі мүмкін. Сондықтан, қақты­ғыстың қазіргі кезеңінде оны шешу емес, оны реттеу туралы айтуға болады. Басқаша тұжырымдағанда, бүгінгі күнде ең маңыздысы – қантөгісті тоқтату. Бұл – соғыстан зардап шеккен халықтың пайдасын ойлап, олардың мүдделерін қайта бағалау үшін өзара келісімді іздеудегі бірінші шарт. 
Кез келген мемлекет тұрақтылы­ғының негізі оның институттарының легитимділігі, яғни заңдылығы болуы екендігін мойындауымыз керек. Халықтың билікке деген сенімі төмен болса, қақтығысты шешудің мүмкіндігі де төмендейді. Сондықтан, бірінші кезекте Сирияға ішкі мәселелерді шешіп алған жөн. Бұл орайда, үкімет пен оппозиция басты рөл атқарады. Сирияда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күрд мәселесін де шешкен дұрыс. Бұған қоса, Сирия үшін ең бастысы – елді «Ислам мемлекеті» делінетін мен «Джебхат ан-Нурсы» (Қазақстан Республикасында тыйым салынған лаңкестік ұйымдар) содырларынан тазарту керек. Бұл мәселе үкімет пен оппозицияны біріктіреді.
Сонымен қатар, кепіл елдер – Ресей, Иран және Түркияның өз міндеттерін орындағандары да маңызды болып табылады. Басқа жағынан алсақ, егер Астанадағы келіссөздердің нәтижелері басқа мемлекеттер, айталық, АҚШ пен Сауд Арабиясы тарапынан қолдау таппаса, онда Сирия дағдарысы ұзақ жылдарға созылады. Бұл арада Сириямен ортақ шекарасы бар мемлекеттерді де естен шығармау керек. 
Аталған қиындықтарға қара­мас­тан, «Астана процестері» ғалам­дық мәселелерді шешуде жаңа конс­труктивті нұсқалары бар алаң ретін­де өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл арада мұны қазақстандық дип­ломатияның үлкен жетістігі деген пікірмен де келісуге болады. Келіс­сөздің төртінші кезеңге жетуінің өзі соғыстан шығудың кішкене болса да мүмкіндіктері бар екендігін дәлел­дейді. Ал Қазақстан Республикасы кез келген жағдайда әлемдегі тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге әр кезде дайын екендігін көрсетіп келеді.

Гүлнар НАСИМОВА,
саяси ғылымдар докторы, профессор