26 Тамыз, 2011

«Абыралы – Дегелең» қоғамдық қоры хақында бірер сөз

757 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентi Н.­Ә.На­зар­баевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Қазақ­стан­ды ядролық қарусыз мемлекет ретінде дамыту туралы шешім маңызды қадам болды. Ядролық қарудан табанды түрде бас тарту – дүниежүзілік қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету жолындағы жарқын үлгіге айналумен қатар, елімізге қайғы мен қасірет әкелген сынақтарды біржолата тоқтатты. 1949 жылғы 29 тамыздан бастап Кеңес Одағы өткізген Семей ядролық сынақ полигоны Қазақстанның үш: Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қа­зақстан облыстарының қиылы­сын­да орналасқан және жалпы 18 мың шаршы шақырым жерді қамтиды. СЯСП жұ­мыс iстеген уақытта (1949-1989 жыл­дар) оның аумағында 466 ядролық сы­нақ, оның ішiнде: 30 жер үсті, 88 әуе және 348 жер асты ядролық жары­лыс­тары жүргiзiлдi, бұл ретте 13 жа­ры­лыс радиоактивтi газдың атмосфераға шығарылуына алып келдi. Сарапшы­лар­дың түрлі бағалаулары бойынша, шамамен 1,5 миллион тұрғын радиа­ция­лық сәулеленудің әсерiне ұшырады. «Семей ядролық сынақ поли­го­нын­дағы ядролық сынақтардың сал­дарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының норма­ла­рын­да ядролық сынақтардың әсерiне ұшы­­раған аумақтар белгiлендi. Оларға бұрынғы Семей облысының аумақ­тары, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан, Зайсан, Зырян, Тарбағатай аудандары, Өскемен, Риддер қалалары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының бұ­рын­ғы Таврия, Самар, Серебрянск аудан­дары­ның шекарасы шегiндегi елдi мекендер, Павлодар облысының Баян­ауыл, Май, Лебяжi аудандары, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, осы облыстың бұрынғы Егіндiбұлақ ауда­нының елдi мекендерi қоса (бұдан әрі – Семей өңiрi) жатқызылды. Көрсетiлген аумақтарды жіктеген кезде бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Саржал ауылдық кеңесi­нiң, Бесқарағай ауданындағы Долон және Бөденелi ауылдық кеңестерінің, бұ­рынғы Жаңасемей ауданындағы Са­ры­апан және Иса елдi мекендерінің шека­ра­сы шегiндегi елдi мекендер төтенше ра­диациялық қауiптi аймаққа енгізілді. Ең жоғары радиациялық қауiптi ай­маққа бұрынғы Семей облысының Абай, Бесқарағай аудандарының елдi мекендері, сондай-ақ бұрынғы Абы­ралы және Жаңасемей аудандарының, Павлодар облысының Май ауда­нын­да­ғы Ақжар және Малдар ауылдық ке­ңестерiнiң шекаралары шегiндегi елдi мекендер жатқызылды. Ядролық сынақтардан зардап шеккен аймақ тұрғындардың денсаулығын сауықтырудың, экологиялық ахуалын қалпына келтірудің күрделі жұмысы – қазіргі күннің аса маңызды міндеттері. Абыралы өңірі халқының қалауы мен тілегіне сәйкес Семей ядролық сы­нақ полигонынан зардап шеккен ел­дің, ауыл-аймақтардың әлеуметтік жағ­дайларын көтеріп, денсаулығын түзе­туге күш салу мақсатындағы Елба­сы­ның сарабдал саясаты негізінде биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігін басшы­лыққа ала отырып, өңірден шыққан Атымтай жомарт азаматтардың қол­дауы­мен елдің тұрмыс-тіршілігін мейлінше жақсартып, өскелең ұрпаққа тә­лім-тәрбие беру міндетті болды. Бүгінгі ел қамын ойлаған жанашыр жандардың әрекеті мен сөзі кейінгі буын өкілдеріне үлгі екендігі анық. Осы ретте Шығыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Ту­ған жерге тағзым» атты үндеуіне үлес қосқан Семей өңірінің азаматтары 40 жыл атом полигонының зардабын шек­кен қазақ жерінің ядролық сынақ алаңының түбінде орналасқан Абы­ра­лы өңіріндегі халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы­на қолғабыс етіп, қолұшын беруді көздеп, осыдан екі жыл бұрын «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қо­рын құрған болатын. Аталған қорға есімі елге кеңінен белгілі меценат, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, Семей қалалық мәслихатының депутаты, Семей қаласының құрметті азаматы Марат Құрманбай жетекшілік етуде. Қоғамдық қордың негізгі мақсаты – Семей қаласы Абыралы өңірі тұр­ғын­дарының әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағ­дайын жақсарту, оларды сапалы меди­ци­налық көмек түрлерімен қам­тамасыз ету үшін жағымды жағдайлар жасау, сон­дай-ақ Абыралы елінің құқықтық, эко­номикалық, әлеуметтік, мәдени-сауық­тыру экологиялық мәсе­ле­лерін шешуге қолғабыс ету және тұрғындардың өз мә­селелерін өздері шешулері үшін ақпа­раттық, ағарту­шы­лық, медицина­лық, әлеуметтік, қайырымдылық және бәсе­келестікке қабілеттілігі қолайлы ауыл­шаруашы­лық өнімдерін көтеру, ақыл-кеңес беру бағдарламаларын іске асыру. Қор заңды түрде тіркелген уа­қыт­тан бастап, өз алдына жоспар құ­рып, Абыралы өңірі халқының әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын көтеру мақ­са­тын­да тиісті жұмыстар атқаруда. Көп­тен шешімін таппай жүрген мәсе­лелерді оң шешу мақсатында арнайы мекемелерге хаттар жолданып, тиісті жауаптар алынуда. Қайнар ауылына кіреберіс жол бойына «Қайнар ауылына хош келдіңіздер!» деп жазылған қақпа типтес стелла бой көтерді. C.Бегалин атындағы орта мектепте балаларға ар­налған көркемөнер студиясы ашылды. 2009 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқ­татылуының 20 жылдығына арна­лып, Семей қаласында өткен салта­нат­ты шарада сөйлеген кезіндегі «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс», деген сөзін және 29 тамыздың БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланғанын ескере отырып, атом полигонының зардабын шеккен алаң­ның түбінде орналасқан Абыралы өңі­рінде полигон құрбандарына арнап биіктігі 15 метрлік монумент тұрғызды. Ал өткен жылы Ұлы Жеңістің 65 жыл­дық мерейтойына орайластырып, 7 мамыр күні «Ұлы Отан соғысына аттан­ған абыралылықтар» деген атпен 1500-ден аса ардагердің аты-жөні жа­зылған тақ­татастың салтанатты ашы­луы болып, қаза болған ардагерлерге арналып ас берілді. Биыл тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келген Абы­ра­лы көтерілісінің 80 жылдығы қарса­ңын­да «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қо­ры­ның президенті Марат Құр­манбайдың ұйымдастыруымен Қайнар ауылының орталығынан «БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» деген атпен тағы да бір тарихи ескерт­кіш­тің бой көтер­гендігін айтқан жөн. Бұл тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығы аясындағы «20 жарқын істің» бірі болып табылады. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қор­ғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», – деп Елбасымыз Н.Ә.На­зарбаев айтқандай, еліміздің қол жет­кен жетістіктерін өскелең ұрпаққа аманат етіп табыстау үшін де бірлік ауадай қажет.