Үкімет
«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іс жүзіне асырылып жатқан 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИДБ) ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, мемлекет әлеуетін арттыратын ғасырлық жоба екендігі белгілі. Егер, бұл бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылатын болса, еліміз алдағы 10 жылдықта тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде қол жеткізген табыстарға пара-пар жетістіктерге жететіндігі анық. Сондықтан да, Үкімет бұл бағдарламаны іс жүзіне асыруға барынша басымдық беріп, оны табысты жалғастыру жолында қажетті барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Жақында өткен Үкімет отырысында Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бұл мемлекеттік бағдарламаны одан әрі ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажетті жүйелі негіздерді баяндады. Қазірге дейін маңызды мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың заңдық негіздері жасалынған. Атап айтқанда, еркін экономикалық аймақ жөніндегі заңның жаңа нұсқасы қабылданып, рұқсат беру жүйесі туралы заңға өзгерістер енгізіліп, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы, инвестиция, энергия үнемдеу және энергия қуатының тиімділігін арттыру жөніндегі заңдар қабылданды. Сонымен бірге, ҮИИДБ-ны сапалы жүргізу мақсатындағы бірқатар құжаттар қабылданды. Міне, осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде ҮИИДБ іс жүзіне асырыла бастаған аз уақыттың ішінде еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Мәселен, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында ІЖӨ өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,1 пайызға өсіп, 10,1 триллион теңгені немесе 69 миллиард АҚШ долларын құрады. ІЖӨ құрылымында қайта өңдеу өнеркәсібінің үлес салмағы артты. Егер ол 2009 жылы 10,9 пайыз болса, биылғы жартыжылдықта 12,1 пайызға жетті. Жоғары технологиялық салалар қарқынды өсіп келеді. Мәселен, бұл көрсеткіш мәшине жасау саласында 28 пайыз, химия өнеркәсібінде 17,6 пайызға жетті. Қайта өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің артқандығы анық байқалуда. Еңбек өнімділігінің өсімі 2009 жылмен салыстарғанда 2010 жылы 42 пайызға артып, бір адамға шаққанда 43 мың долларды құрады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында да бұл көрсеткіш төмендеген жоқ. Алты айдың деректері бойынша, еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 20,7 мың долларды құраған. 2020 жылға дейінгі даму тұғырын айқындайтын ҮИИДБ шеңберінде белгіленген индустрияландыру картасына келетін болсақ, осы құжат қабылданғаннан бергі бір жарым жылдың ішінде жалпы құны 914 миллиард теңге болатын 227 индустриялық жоба пайдалануға берілген. 29 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 100 миллиард теңгеден астам соманың өнімі өндірілген. ҮИИДБ-ны ойдағыдай дамытудың басты алғышарттарының бірі белгіленген жобаларға инвестиция тарту болып табылады. Бүгінгі күнге дейін бұл мәселеде индустриялық жобаларға 142 миллиард теңге инвестиция тартқан Шығыс Қазақстан облысы мен тиісінше 128 миллиард және 121 миллиард инвестиция тартқан Ақтөбе және Павлодар облыстары алда келеді. Өткен жылы пайдалануға берілген 135 кәсіпорын бүгінде өнім бере бастады және біртіндеп жобалық қуаттары деңгейіне көтерілуде. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында ҮИИДБ шеңберінде жалпы құны 617 миллиард теңге болатын 129 индустриялық жоба іске қосылмақ. Бұл жобалар жұмыс істей бастағанда 14,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. 2011 жылы іске қосылатын жобаларға тартылған инвестиция көлемі 1,5 триллион теңгені құрайды. Индустрияландыру картасын одан әрі жандандыру мақсатында қосымша тағы 90 жобаны жүзеге асыру жөніндегі мәселе Үкімет қарауына ұсынылған. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында қайта өңдеу саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 204 миллиард теңгеге жетті. Кез келген экономиканың болашақ даму негізі инновация екендігі ақиқат. Осыған байланысты Мемлекет басшысы елімізде инновациялық белсенділікті арттыруға ұдайы көңіл бөліп келеді. Үстіміздегі жылы кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі біршама артты. Кәсіпорындардың технологиялық инновацияға бөлетін қаржысы 2 есеге дейін өсіп, 219 миллиард теңгені құрады. Өңірлер бойынша алып қарағанда, инновациялық белсенділігі жоғары кәсіпорындар Жамбыл облысында 7,8 пайыз, Қарағанды облысында 7 пайыз болып отыр. Ұлттық инновациялық жүйе қалыптасуда. Осы орайда «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-тың құрылғандығын атап өтуге болады. Инновациялық қызметті жүйелі түрде жүргізу мақсатында «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заң қабылданды. Инновациялық белсенділікті одан әрі жетілдіру мақсатында елімізде инновациялық гранттар белгілеу дәстүрі енгізілді. Үстіміздегі жылы осы мақсат үшін бюджеттен 7,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Уақыт өткен сайын инновациялық гранттарға деген сұраныс та артып келеді. Мәселен, биылғы жылы инновациялық гранттарға жалпы құны 55 миллиард теңге болатын 700-ге жуық өтініш түсті. Ел экономикасы қарқынды дамыған сайын қуат көздеріне деген сұраныс та еселеп артып келеді. Сондықтан қазіргі күнде энергия үнемдеу мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Қуат үнемдеу және тиімді пайдалану мәселесі, әсіресе, өнеркәсіп орындарында ерекше маңызға ие болуы керек. Себебі, елімізде өндірілетін электр қуатының 70 пайызынан астамын өнеркәсіп орындары тұтынса, 20 пайызын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұтынады. Алдағы уақытта бұл салаларда электр қуатын үнемдеу мақсатындағы кешенді шаралар жүзеге асырылатын болады. Электр энергиясын үнемдеу және тиімді пайдалану мәселесінде бірқатар ықпалды шараларды жүзеге асыру керек. Атап айтқанда, кәсіпорындарда энергиялық менеджмент саласын дамыту, салық жағынан ынталандыру, құрылыс нысандарында энергия үнемдейтін материалдарды барынша молынан пайдалану, біртіндеп қызуы жоғары электр лампаларын шығаруды және сатуды тоқтату, мемлекеттік энергетикалық реестр қалыптастыру және басқа кешенді шараларды жүзеге асыру керек. 2012 жылдан бастап жалпы құны 100 миллиард теңге болатын 9,5 миллиард кВт/сағат электр энергиясын, 8,2 миллион Гкал. жылу энергиясын және 9 миллион тонна көмір үнемдеу жөніндегі нақты шаралар іс жүзіне асырылмақ. Бұл шара, ең алдымен, еліміздегі электр энергиясының 30 пайызынан астамын тұтынатын 15 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында жүзеге асырыла бастайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сәйкес электр энергиясын үнемдеу және тиімді пайдалану шаралары еліміз бойынша 2230 бюджеттік ғимараттарда, 5812 тұрғын үйлерде және 1100 шақырым жылу тарату желілерінде қолданылатын болады. Көлік жолдары ел экономикасының қан тамыры екендігі белгілі. Осыған байланысты ҮИИДБ шеңберінде еліміз бойынша көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында бұрын-соңды болып көрмеген құрылыс жұмыстары қолға алынды. Бүгінде қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі, «Жетіген – Қорғас», «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» бағытындағы темір жол тораптары республикамыздың көлік жолдары инфрақұрылымын жаңа даму деңгейіне шығаратын ғасырлық жобалар болып табылады. Сонымен бірге, «Ақтау теңіз айлағы» және «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймақтары да бұл мақсаттағы шешуші жобалар екендігі белгілі. ҮИИДБ аясында шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау үшін жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Жалпы, елімізде бизнес саласын кешенді қолдау мақсатында «Еңбек өнімділігі-2020», «Инвестор-2020», «Экспорттаушы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» кешенді бағдарламалары қабылданып, іс жүзіне асырылуда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 67 мың адам еңбек ететін 600-ден астам кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасына қатысу үшін еліміздің 171 кәсіпорны өтініш берді. Осы мақсатта 2011 жылы қанатқақты бастама ретінде жалпы құны 19 миллиард теңге болатын 50 жобаны іс жүзіне асыру қарастырылып отыр. Елімізде қызу қолға алынған ҮИИДБ аясында жүзеге асырылып жатқан тағы бір маңызды бағдарлама «Экспорттаушы-2020» болып табылады. Өнімдерін экспортқа шығаратын 1,5 мыңнан астам отандық кәсіпорын жүйелі түрде мемлекеттік көмек түрлерімен қамтылған. Мәселен, өнім экспорттайтын 43 отандық кәсіпорынның 141 миллион теңге көлеміндегі әртүрлі мақсаттағы шығындары жабылған. Жалпы сомасы 292,6 миллион АҚШ долларын құрайтын экспорттық өнімдерге – мәшине жасау, химия өнеркәсібінің құралдары, тоқыма өнімдері, дәрі-дәрмек, азық-түлік өнімдері және құрылыс материалдарына осы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бұл өнімдер негізінен Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан сияқты 9 шетелге экспортталады. «Экспорттаушы-2020» бағдарламасы шеңберінде отандық кәсіпорындарды өнімдерін экспорттауға ынталандыру үшін қазақстандық тауарлар мен брендтердің тұсаукесерін жасау мақсатында 30 арнаулы шара өткізіліп, 20 мемлекеттің тауар сатушылары қатысқан 9 сауда миссиясы, 63 отандық экспорттаушылар қатысқан 50 шетелдік көрмелер өткізілді. Міне, осындай кешенді шаралардың нәтижесінде өнімдерін экспорттаушы отандық кәсіпорындар шетелдік сатып алушылармен 372 миллион АҚШ доллары көлеміндегі келісімдер жасады. Қорыта айтқанда, ҮИИДБ бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен атқарылып жатқан ауқымды міндет. Бұл – ел экономикасын дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеретін тұғыр. Бұл – экономикамызды шикізаттық салаға тәуелділіктен құтқаратын тура жол. Бұл – барыс бейнелі болашақтың бастауы. Сондықтан ҮИИДБ жобаларын іс жүзіне асыру мәселесінде ешқандай ұсақ-түйек болуға тиіс емес. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.