Мақтанатын жайт емес, әрине. Өткен жылы жасөспірімдер жасаған 24 қылмыс тіркелді. Жыл басынан бері 10 қылмысқа бұзақы балалардың араласқаны анықталды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Әсемгүл Абдрахманова жасы кәмелетке толмаған алты бала 29 құқық бұзушылық дерегімен тіркелгенін айтады. Ал бір жасөспірім жалғыз өзі 18 рет ұрлықпен ұсталыпты.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында осындай мәліметтер жария етілді. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи биыл бірінші рет құқық бұзған балаларды ата-аналарымен жиынға қатыстыру тәжірибесі енгізілгенінен хабардар етті. Алайда, кейбір ата-аналар балаларын әрі қарай тәрбиелей алмайтындарын айтып, бас тартқан. Енді аталған комиссия қала мектептерін тексеру жұмысын қолға алғалы отыр.
Тағы бір мәселе баспана кезегінде тұрған ата-ана қамқорлығынсыз қалған 881 балаға заңдылыққа сәйкес пәтер берілген еді. Алайда, мемлекет қамқорлығын толыққанды сезінбей, алған үйлерін берекесіз ойын-сауыққа айналдырып отырғандар да бар. Облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Нұрым Оразбаев «Нұрсая» шағын ауданындағы №14 үйдің жанында орналасқан дүкен сатушыларынан шағым түскенін айтады. Дүкенге ұрлық жасап жүргендер сол жерде тұратын балалар үйінің түлектері. «Қазір аталған үйдің әр қабатынан полиция қызметкерлеріне пәтер бөлініп, тәртіп қалыпқа келтірілді. Полиция қызметкерлері барлық жағдайды бақылап отыр», – дейді Н.Оразбаев.
«Қиын балалардың» көбі ата-анасы ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарайтын, тым жұмысбасты немесе зиянды әдеттерге бейім отбасылардан шығады. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев жасөспірімдерге кәсіптік білім беру, аула клубтарын ашу, бос уақыттарын тиімді өткізу сынды шаралар жақсы нәтиже береді деген пікірде. Оқушыларды үйірмелермен қамту көрсеткіші облыста 32,2 пайыз ғана. Осы жұмысты жандандыру мақсатында жақында арнайы жоба бастау алады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ