16 Мамыр, 2017

74 жылдан соң...

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Төлеби ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Екпінді орта мектебіне Алматы қаласындағы Ресей Федерациясы Бас консулдығының консул-кеңесшісі С.А.Соколов келді. Ол Ресей Федерациясының Президенті В. Путиннің арнайы тапсырмасымен осы ауылдың тумасы, соғыс кезінде минометшілер взводының командирі болған Лаулан Ағабековтің «Қызыл Жұлдыз» орденінің кітапшасын тапсыруға келіпті. Бұдан 74 жыл бұрын берілмеген марапат Жеңіс жауынгерінің мұрагері – Лаулан Ағабековтің үлкен ұлы Керімбайға салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұл ерліктің тарихы төмендегідей екен…

74 жылдан соң...

Сталинград түбінде 1943 жылы 15 қаңтарда болған кескі­лескен ұрыс­та Л.Ағабековтің мино­мет­ші­лер взводы жаудың кезек­­­­ті қарсы ша­буылын той­тарады. Олжа ретінде түсір­ген неміс пулеметімен гит­лершілдердің автокөлігіне оқ атып, оны жойып жіберген. Жаудың 20 солдатын тұтқынға алған. Сондай батылдығы үшін взвод командирі «Қызыл Жұл­дыз» орде­ніне ұсы­нылған екен. Алайда, бұл награда белгісіз себептермен ержүрек командирге бұйырмапты. 
Мұндай айтулы шараның өске­лең ұрпаққа берері мол. Сал­­танатқа жиналғандар мектеп аула­сында Ұлы Отан соғысына қаты­сушыларға арнап орнатылған ескерт­кішке гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Әруақтарға Құран аяттары бағышталды. Аудан әкімінің орынбасары М.Пернебеков, мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев, Екпінді орта ме­к-
тебінің директоры Н.Ділдабеков сөз сөйлеп, тарихи сәтке куә болып отырғандарын, мұның өзі жас­тарды отансүйгіштікке, патриотизмге, елі мен жерін сүюге тәрбиелейтінін жеткізді. 
1917 жылы бұрынғы Қы­зыл үңгір ауылдық кеңесіне қа­расты Чапаев атындағы колхоз­да туған Лаулан Ағабеков Қы­зыл армия қатарына 1939 жылы алынған. Со­ғыс өрті бұрқ ете қалғанда ол тұ­рақ­ты Қызыл Әс­кер Қарулы Күш­те­рі­нің сапында болған екен. 1941 жыл­дың жаз айынан 170-атқыштар ди­­визиясының 198 атқыштар пол­кінің құрамында Великие Луки түбінде күші басым фашист жен­дет­терімен шайқасады. Жеңіл жа­ра­қаттанып, көп ұзамай қайта сап­қа қосылыпты. Келесі жылы ол 20 ақпан мен мамыр айының аралығында Оңтүстік-Ба­тыс май­данындағы 199-атқыштар ди­ви­зия­­сына қарасты 617-атқыштар пол­кінде пулеметшілер бөлім­шес­ін басқарып, талай әскери жо­рықтарды бастан кешіреді. Кей­ін Л.Ағабеков үш айлық қысқа мер­зімді курсқа жіберіліп, кіші лей­тенант шенін алып шығады. Көп ұзамай 204-атқыштар ди­ви­зиясының 700-атқыштар пол­кін­дегі 82 милиметрлік мино­мет­ші­лер взводының коман­дирі болып тағайындалады. Ста­линград тү­бін­дегі қиян-кескі шайқастарға қа­тысады. Содан кейін Жапон миллитаристерін талқандауға да атсалысып, 1946 жылы ғана туған жеріне оралады. 
Бейбіт өмірде Л.Ағабеков ауыл ша­руашылығы саласын өр­кендетуге атсалысады. Әйелі Бей­біт екеуі 3 ұл, екі қыз тәрбилеп өсі­­­ріп, бертінде 72 жасында қай­тыс болады. Майдангер қарт бұ­­ған дейін «Қызыл Жұл­дыз», «Ұлы Отан соғысы» орден­де­рі­мен және ондаған медаль­дар­­­мен наградталған болатын. Ал осы мақаланың жазы­луына түр­т­кі болған орденнің кітап­шасы ұр­пақ­тарына табыс етілді. Мұндай май­дан­герлердің кешегі жорық жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
журналист

Оңтүстік Қазақстан облысы