Соғыс бітті, Жеңіс жетті. Жауынгерлер елге оралып жатты. Бірақ, сержант Нығмет Маханов әскер қатарында қала берді. Оған Украина жеріндегі Кеңес өкіметіне қарсы күштермен, ал олардың арасында соғыс уақытында фашистермен ауыз жаласқандар көп болатын, күресуге тура келді. Елге тек 1951 жылы ғана оралды. Бейбіт еңбекке араласты, абыройсыз болған жоқ.
Қазір ақсақал Жезді кентінде тұрады. Ол − Ұлытау ауданы бойынша көзі тірі қалған жалғыз майдангер. Ұлы Жеңістің 72 жылдығына байланысты ақсақалды құттықтауға аудан әкімі Әнуар Омар, аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сейітжанов бастаған азаматтар арнайы келді. Әрине, құрқол келмегендері анық. Майдангерге 150 мың теңге сыйақы мен коммуналдық шығындар үшін 80 мың теңге, үйін ағымдық жөндеу мақсатында 50 мың теңге көмек берілді.
Ақсақал аудан басшылығына рахметін айтып, батасын берді.
− Біздің ақсақалдардың сүйегі асыл ғой, шіркін. Олар алақан жайып, көмек сұрауды ар санайды, барды қанағат тұтудан әріге бармайды. Үйдің шатыры да, қоршауы да жөндеуді қажетсінетіні байқалып тұр. Бұл шаруаға шамамен 600 мың теңгедей керек секілді. Арнайы мамандар келіп есептейтін болады. Қанша қаражат керек, соншасын табамыз. Бәлкім, демеушілер тартуға тура келер. Не болғанда да, керекті қаржыны табу − біздің міндетіміз, − деді ақсақалды құттықтай келген аудан әкімі.
Әкімнің бұл сөзі Ұлытаудағы жалғыз майдагерді барынша құрметтеп, қадірлеуден ұлытаулықтардың аянып қалмайтынын сездірді.
Абдолла ДАСТАНОВ
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы