Бокс • 16 Мамыр, 2017

Головкин Альваресті нокаутпен жеңеді – Андре Розье

153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дэниел Джейкобс пен Автандила Хурцидзе сынды боксшылардың бапкері Андре Розье биыл күзде Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы кездесу жайлы ой бөлісті.

Головкин Альваресті нокаутпен жеңеді – Андре Розье

«Маған GGG-дің Дэннимен өткен жекпе-жегінде жақсы қырынан көріне алмағанын, ал «Канелоның» отандасы кіші Чавеске еш мүмкіндік бермегенін айтқандар көп болды. Бірақ мынаны есте сақтайық. Альварес Дэниел емес. Шәкіртім мексикалыққа қарағанда ірілеу, әрі жылдам қозғалатын орта салмақтағы боксшы. Ал Альварестің жөні мүлдем басқа. Ол тұрақты және ринг шетіндегі арқанға сүйеніп алып жұдырықтасқанды ұнатады. Меніңше, Головкинге қарсы айқаста мұндай қолдануға болмайды, себебі, GGG оны есінен тандырып тастауы мүмкін. Бұл кездесуде Геннадий қарсыласын көбірек қысымға алып, соңғы раундтарда нокаутпен жеңеді деп ойлаймын», деді Андре Розье Behind The Gloves басылымына берген сұхбатында.

Орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерс те қазақстандық боксшының жеңісіне сенім білдірді.

«Шыны керек, бұл айқаста кімнің жеңіске жететінін дәл айту қиындау. Алғашында Головкинді сенімді түрде жеңеді деп ойлағанмын. Бірақ «Канелоның» да өзіндік қулықтары бар», деді Сондерс.

Дегенмен, ол Геннадий Головкинді допинг қолданып келді деп айыптады.

«Шындыққа көз жүгіртейікші. Головкин соңғы айқасында өзін екі-үш жыл бұрынғы деңгейінде көрсете алмады. Баяу қимылдағанын байқадық. Джейкобспен кездесуінде оны бес рет допингке қарсы сынақтан өткізгені себеп болды деп ойлаймын. Гена бұрынғы деңгейінде жұдырықтаса алмағанының бірден бір себебі осы, бәрі әділ өтті», деді BoxingScene.com басылымына берген сұхбатында.

Билли Джо Сондерс осы жылдың соңына дейін Головкин-Альварес айқасының жеңімпазымен қолғап түйістіргісі келетінін де жасырып қалмады. Дегенмен, ол ойына жету үшін алдымен 8 шілде күні Лондонда Автандила Хурцидзеге қарсы жекпе-жекте титулын қорғау керек екенін айтты.

Айта кетейік, Головкин-Альварес жекпе-жегінің күні белгілі болғанмен, өтетін орны әзірге нақтыланбады. ESPN телеарнасының сарапшысы Дэн Рафаэль Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гоместің осыған қатысты пікірін сұраған екен.

«Гоместің маған айтуы бойынша бірнеше аренаның басшыларынан ұсыныс түскен. Олардың бәрі бокс кешін өз стадионында өткенін қалап отыр. Бұл тізімде Арлингтондағы (Техас штаты) AT&T Stadium, Лас-Вегастағы T-Mobile Arena, Лос-Анджелестегі Dodgers Stadium және Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасы бар. Компания президенті жақын уақытта Оскар Де Ла Хойяның (Альварестің промоутері) алдағы апталарда бірнеше кездесу ұйымдастырып, осы мәселені талқылайды», деп жазды Дэн Рафаэль ESPN сайтындағы жеке бағанасында.

Осы мәселеге қатысты Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер де ой бөлісті.

«Бұл орынды таңдаған кезде ақша мәселесі бірінші орында болмайды деген ойдамын. Себебі, бұл тарихи кездесу, оны бүкіл әлем күтіп отыр. Өз басым Лас-Вегастың мүмкіндігін жоғары бағалар едім. Себебі, бұл аренада Головкин әлі жұдырықтасқан жоқ. Бұл оның арманы. Лас-Вегаста танымал тұлғалар көп. Осы жерде ұйымдастырса, олардың бәрі келетін еді. Бұл қалада Майк Тайсон, Флойд Мэйуезер, Мэнни Пакьяо секілді үздіктер жекпе-жек өткізген.

Бірер апта бұрын Владимир Кличко мен Энтони Джошуа кездесуінде «Уэмбли» стадионына 90 мың жанкүйер келді. Біз де осынша көрермен жинай алсақ, керемет болар еді. Қазір осыны қарастырып жатырмыз. Бізге ұсыныстар көптеп түсіп жатыр.

«Даллас Ковбойз» клубының басшысы Джерри Джонс Головкинді AT&T Stadium стадионынан аталған команданың ойынын көруге шақырды. Бұл стадионда Альварес Лиам Смитқа қарсы кездесу өткізіп, 50 мың жанкүйер жинаған болатын. Далластағы стадионда біз 90 немесе 100 мың билет сата аламыз деген ойдамын», дейді Леффлер UCNLive.com басылымына берген сұхбатында.

Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»