Қоғам • Бүгін, 14:23

UWW президенті Ненад Лалович Қазақстанға келді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада Қазақстан күрес федерациясының (ҚКФ) президенті Еркін Оқасовтың арнайы шақыртуымен елімізге Біріккен күрес әлемнің (UWW) басшысы Ненад Лалович пен Азия қауымдастығының төрағасы Мохаммед Әл-Авамле келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

UWW президенті Ненад Лалович Қазақстанға келді

Алғашында Алматыдаға ат басын тіреген олар «Шаңырақ» ықшамауданыдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат, «Алматы Арена» және Олимпиадалық даярлау орталығын аралады. Одан кейін Астанаға келді. Бұл жерде бірқатар маңызды кездесулер өтіп, отандық күресті дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалар жүзеге асырылды. Шетелдік қонақтар елордамызда салынып жатқан Қазақстан күрес академиясының жұмыс барысымен танысты. Академияда грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен бөлек, жағажай күресімен шұғылданатын балуандарының да еш алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта Академия аясында медициналық және спорттық-ғылыми лабораториялар ашу көзделген.

Меймандар Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Барыс-Аренаны» аралады. Дәл сол кезде Астанада Қазақстан күрес федерациясының штаб-пәтерінің ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсім барысында лента қию құрметі Еркін Оқасов пен Ненад Лаловичке бұйырды. Бұл ел күресінің жаңа кезеңге қадам басқанын айшықтайтын тарихи сәттердің бірі болды. Өйткені, жаңа кеңсе әкімшілік орталық қана емес, ол ұлттық спорттың рухын дәріптейтін ерекше кеңістік ретінде жасақталған. Сол жерде Қазақстан күресінің жеңіспен өрілген бай дәстүрін паш ететін бай арнайы Даңқ залы ашылды.

Даңқ залы – ел намысын әлемдік аренада асқақтатқан әйгілі балуандарға тағзым ететін рухани орда. Мұнда Олимпиада және әлем чемпионаттарында атой салған қазақ спортшыларының тарихи жетістіктерін бейнелейтін бірегей жәдігерлер қойылды. Атап айтқанда, чемпиондардың медальдары, белбеулері, жарыс формалары, фотосуреттері мен жеке архивтік материалдары келушілер назарына ұсынылды.

Осы сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстанда күресін жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылуы. Атап айтқанда, Қазақстан күрес академиясы United World Wrestling аясында жұмыс істеп, әлемнің үздік балуандарының орталығына айналады.

«Бұл бастама елімізде жас балуандарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандарды қалыптастыруға үлкен септігін тигізуге ашуы тиіс. Сонымен қатар, академия отандық және шетелдік тәжірибені біріктіретін білім беру және жаттығу орталығына айналып, бүкіл әлем балуандары көз тігетін жүйе құрылады деп сенеміз»,  деді Еркін Оқасов.

Ал халықаралық ұйым басшылары өз кезегінде Қазақстанның күрес спортын дамытудағы бағытталған қарқынына жоғары баға беріп, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23