Қазақстан • 16 Мамыр, 2017

Отыз жыл бұрын жапон газеті Қазақ Республикасы туралы не жазды?

862 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1986 жылы 16 желтоқсанда ширек ғасыр басшылық тізгінді ұстаған Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен алынып, орнына Г.В.Колбин келгені, соның салдарынан «Желтоқсан оқиғасы» орын алғаны тарихтан белгілі. Еңбек жолын етікшіліктен бастаған  Г.Колбиннің Нижний Тагил зауытында партком хатшысы болғаны, одан соң Грузияға қызметі ауысып, кейін Ульяновск компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы лауазымына тағайындалғаны, ақырында Қазақстанды 1989 жылға дейін басқарғаны ел есінде.

Отыз жыл бұрын жапон газеті Қазақ Республикасы туралы не жазды?

Жалпы, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» ғана емес, Кеңес өкіметінің тұяқ серпер кезеңі әлем жұртшылығының назарында болды. Осы кезде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қызметінен кетіп, орнын жергілікті халыққа бейтаныс Г.Колбиннің басуы, оған Қазақ елінің наразылығы туралы ақпараттар бүкіл әлемге тарап жатты. Барша әлем Орталық Азия аймағында бір өзгерістің боларын күткендей еді. Халықтың қарсылығына ұшырап, жағымсыз әрекеттерімен ел есінде қалған Г.Колбин өзін Мәскеу алдында ғана емес, шет елге ақтап көрсетуді мақсат тұтқаны байқалады. Оның сол кездегі қазақ қоғамы, ел тұтқасын ұстаған азаматтарға қатысты көбі жалған, асыра сілтеген ақпараттары Кеңес Одағын былай қойып, шет ел баспасөзінде жарияланып жатты.

1986 жылы желтоқсан айының ортасында қызметіне кіріскен Г.Колбин жергілікті халықтың өзіне деген наразылығын сезіп, Қазақ Республикасын күйелеудің небір әдістерін қолданғанына сол кездегі газет тігінділері куә. Ол 1987 жылдың қаңтар айында «The Moskow news» басылымына көлемді сұхбат беріп, қазақ қоғамын басынан аяғына дейін жемқорлыққа батқан ел, басшылық тізгінді ұстаған азаматтарды қара басын күйттеген тойымсыз ретінде суреттеген. «The Moskow news» газетіне Г.Колбиннің Қазақ Республикасын даттаған сұхбаты жарияланған соң келесі күні Жапонияның «Асахи» басылымының халықаралық тақырыптарға арналған бетіне «Кеңес өкіметі. Қазақ Республикасы. Басшылығы түгел іріп-шіріген» (22 қаңтар, бейсенбі, 1987 жыл) деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Тақырыптың төменгі жағына «Еттің 30 пайызы үкіметке жасырын жолмен тасылған, тұрғын үй бөлінісінің 80 пайызы заңсыз» деп жазылған. Мақаланың бас жағына Г.Колбиннің Қазақстан Компартиясы басшылығында 22 жыл отырған Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылған соң орнына келген адам екені айтылған.

Мақалада Г.Колбин «жемқорлыққа белшесінен батқан Қазақ Республикасын» қызметіне кірісе салысымен дереу тазартып шыққанын мәлімдейді. Қазақстан үкіметі, партия, милиция, сот төрағалары барлығы өздерінің малын колхоз, совхозға өткізіп, «жеке малын бағуға мемлекет қаржысын пайдаланған», дейді. «Социалистік Кеңес Одағында осындай бюрократия қаулап, жоғары таптық авторитаризм жайлап барады, мұны әшкерелеу қоғамдық реформа мен түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін қажет», дегенді де қосады.

Г.Колбин «Қазақ Республикасының астанасы Алматыдан бастап барлық облыстардың орталық қалаларында азық-түліктің үштен бірін басқарушы тап пайдаланғанын айтыпты. Мысалы, барлық дүкендерде сатылуы керек еттің 30 пайызы жасырын жолмен басқарушы мекемеге жеткізіліп отырған, дейді. Сөйтіп, Қазақ Республикасын басынан аяғына дейін жемқорлық жайлаған ел ретінде сипаттайды. Ал шын мәнінде Қазақстанда өндірілген ет қана емес, жергілікті дүкен сөрелерінен табылмайтын, одақтас республикалардан шыққан азық-түлік, жеміс-жидектерге дейін Кеңес Одағының орталығы – Мәскеу мен үлкен шаһар Ленинградқа тасылғаны сол заманды көзі көргендердің есінде болса керек.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы республикадағы басшыларды бильярд, сауна, саяжайлар салып, онда мемлекет қаржысымен адамдар жұмыс істеген деп айыптаған. «Мұндай орындарға басшылар жылына екі-үш рет достарын, отбасын ертіп барып демалған», дейді. Бірақ ондай мекемелердің қайда орналасқаны туралы бір ауыз сөз айтпайды. Сөзінің соңында Г.Колбин: «Кілең басшылар мемлекет қаржысын пайдаланып, қарапайым адамдардан артық дәрежеде, шалқып өмір сүрген жұмақ тәрізді ұяшықтың көзін жойдық», деп мәлімдеген. Бұл сөзіне де нақты мысал келтірмеген ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттардың 16-сы бұл дәрежеге лайық емес деп танылғанын да айтқан.  

Д.А. Қонаевтың кезіндегі Қазақ Республикасындағы басшылық жайында шет елге осындай ақпарат таратқан Г.В.Колбиннің өзі мемлекетке адал болды ма? Г.В.Колбин отбасымен Алматыға көшіп келгенде қызына жеке үш бөлмелі пәтер бергізгені, Төлебаев көшесі бойындағы үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекет қаржысынан 33 мың рубль (ол уақытта үш бөлмелі пәтердің құны 10 мың рубль) жұмсалғаны, қызы мен әйелін, екі итімен қосып Ульяновскіден жеке-жеке ұшақтармен жеткізуге қыруар ақша кеткені тарих парақтарында жазулы (Э.Аубакиров. Колбин. Штрихи к портрету // «Экспресс К».  № 233,  11.12.2009).

«Асахи» газетінің аталған күнгі халықаралық айдарында Қазақ КСР-інде екі зауыт басшысының парақорлығы үшін өлім жазасына кесілгені туралы ақпарат жарияланған. Бұдан Г.Колбин басқарып тұрған кезде әлемге Қазақ Республикасы туралы жағымсыз ақпараттарды арнайы тарату саясаты жүргізілгені байқалады. Сол заманды көзбен көргендер Г.Колбин аз уақытта жүзеге асырып тастаған «жемқорлықпен күрес науқанында» айып тағылған жергілікті басшылардың барлығы қазаққа қарсы саясатты қолдамағаны үшін  қызметінен босатылғаны да ұмытылмаса керек.  

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА