Қазақстан • 16 Мамыр, 2017

Баспасөз хатшылары жаңа коммуникациялық технологияларды меңгеруде

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық және аймақтық мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі жетекшілері қоғаммен өзара қарым-қатынас жасаудың заманауи құралдарын пайдаланудың озық тәжірибелерімен танысты.

Баспасөз хатшылары жаңа коммуникациялық технологияларды меңгеруде

«Мемлекеттік органдардың стратегиялық цифрлы коммуникациялары» атты семинар-практикумды Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп өткізуде. 
«Жаһандану және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуы – мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынас сипатын өзгертіп, мемлекеттік қызмет дамуы үшін сынаққа әрі мүмкіндікке айналды, – деді семинарды ашқан Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов. – Түптеп келгенде, мемлекеттік органдар квазибәсекелестік ортада жұмыс істей бастады, осы контексте цифрлы коммуникациялар құралдарын тиімді пайдалану маңызы айрықша арта түсуде». 
Канаданың Мемлекеттік сектордағы маркетинг бойынша озық тәжірибе орталығының (CEPSM) басқарушы серіктесі әрі аға кеңесшісі Майк Куджаски мемлекеттік органдарды әлеуметтік медиада ілгерілету бойынша әлемдегі және аймақтағы цифрлы үрдістер жайлы баяндады. 
Семинар-практикум аясында қатысушылар әлеуметтік желілер арқылы жұртшылықты хабардар етудің тиімді әдістерімен және қоғаммен қарым-қатынас жасау үшін интернет ресурстарын пайдаланудың заманауи құралдарымен танысады. Сонымен бірге олар әртүрлі мысалдарды қарастырады, әлеуметтік желілердегі тәуекелдерді анықтауды және бағалауды, мониторинг пен контент сараптамасын жасауды үйренеді. 
Семинар Ұлт жоспарын ақпараттық жағынан қамту бағытына, бес институттық реформаны жүзеге асыру, оның ішінде, БАҚ, интернеттегі, әлеуметтік желілердегі қазақстандық біртектілік идеясын жүзеге асыруды ілгерілетуге қолдау көрсету мақсатында өткізілуде. 
Семинар-практикум жұмысына Қазақстанның орталық мемлекеттік органдар мен облыстық әкімдіктердің баспасөз-хатшылары қатысуда. Қатысушыларға коммуникациялар саласындағы канадалық озық тәжірибе негізінде CEPSM әзірлеген «Әлеуметтік желілердегі стратегиялық қатысу практикалық нұсқаулығы» берілді. 
Семинар-практикум нәтижесінде әлеуметтік желілерде халықпен өзара қарым-қатынасты жақсарту мақсатында қатысушылардың пікір және тәжірибе алмасатын онлайн тұғырнамасы жасалады.