Саммит тақырыбы «Уименомика шегінен тысқары: мүмкіндіктерді жеделдету» кәсіпкер әйелдердің әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсете отырып, олардың бизнестегі басшылық лауазымдарға көтерілу жолдарын айқындауға, сонымен қатар, жаһандық нарыққа шығу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Саммит әйелдерге арналған жаһандық шаралар күнтізбесінде ерекше орынға ие, яғни жаңа идеялар мен іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа білім алуға, бизнес пен көшбасшылықта тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік пікір алмасу алаңы болып табылады.
Бұл маңызды және ірі ауқымды іс-шара жұмысына әлемнің барлық мемлекеттерінен 1000-нан астам әйел қатысты. Кездесулердің мақсаты − қазіргі таңдағы әлемнің серпінді даму жағдайындағы әйелдердің экономикалық хал-ахуалын жетілдіру бойынша әлемдік саясат өкілдерінің, ірі халықаралық ұйымдар мен компаниялар өкілдерінің және көшбасшы әйелдердің пікірлерімен танысу.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Раушан Сәрсембаева мен Динар Нүкетаева бастаған 85 кәсіпкер әйелден тұратын қазақстандық делегация осы маңызды жиынға қатысып қайтты.
Саммит жұмысына Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ, Токио қаласының мэрі Юрико Койке, Жапонияның сыртқы істер министрі Фумио Кишида және Жапонияның т.б. мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Мұндай ауқымды іс-шараның Токио қаласында өткізілуі кездейсоқ емес, бұл – серпінді дамып келе жатқан Азия нарығының айқын мысалы. Сол себепті саммиттің пленарлық отырыстарының маңызды тақырыптарының бірі «Жапониямен бизнес-әріптестік орнату» болып табылды. Ал басқосуда жапониялық және Азия-Тынық мұхиты нарықтарына шығу мүмкіндіктері жөнінде толыққанды ақпарат берілді.
Саммит жұмысы шеңберінде әйелдердің корпоративті көшбасшылыққа жету мүмкіндіктерін жылдамдату және әлем бойынша әйелдер басқаратын кәсіпорындар санын арттыруға бағытталған стратегиялар құру бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі бастамалар талқыланды.
«Егемен-ақпарат»