Қазақстан • 17 Мамыр, 2017

Болашақтың кілті

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­­­ғы­ру» ат­ты мақаласында еліміздің ширек ғасырлық Тәуелсіздік межесінің қорытындысы ретінде саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынып, жаңа болашаққа нақты ұстаныммен қадам басқанымыз баса айтылған. Елбасы мақаласындағы айшықты ойлар мен игі бастамалар көпшіліктің көңілінен шығып отырғаны сөзсіз.

Болашақтың кілті

Президентіміз: «Болашақта ұлт­тың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», деген болатын. Бұл ұлттық ұстаным болуы тиіс. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ағылшын, орыс тілдеріне баса назар аударуы керек, сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай озық технологияларды игеру, ең бастысы, мәдени болмысымызды жаңғырту әрбір қазақстандықтардың төл міндеті болмақ. Бұл – болашақтың кілті.

Бағдарламалық мақалада «Праг­ма­тизм − өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа даңғойлық пен кер­деңдікке жол бермеу» – деп, Елба­сымыз дөп айтқан. Расында, біздің қоғамымызда да күнделікті тұрмы­сы­мызда қол жеткен табыстарға тоқ­мейілсу, масаттану, кеудемсоқтық әрекеттердің құбылыстарын, аста-төк ысырапшылдықтың болып жатқанын күн сайын кездестіріп жүрміз. Сондық­тан, қай-қайсымыз да «Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз, Асып-тасып ақыры сасқанды да көргенбіз», деген халықтық нақылды естен шығармағанымыз абзал.

Президент атап көрсеткендей, «Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес». Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен қазақ халқы тілінен, дінінен, ділінен, ұлттық сана-сезімінен түгелдей айырылып қала жаздады. Кеңестік билік қазақ халқын тарихсыз халық жасауды көздеді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды істер атқарылды.

Президенттің еліміздің латын қарпі­не көшуін ертерек қолға алып, дайын­­дық жұмыстарын тезірек жүргізу қажеттілігі туралы үкімет пен ғалымдарға берген тапсырмасы да өте құптарлық іс. Біздің ойымызша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елтаңба, Әнұран, Ту, Ата Заңымызды қабылдағанымыз, кейінірек елорданы Алматыдан Астанаға көшіруіміз секілді, бұл да қазақ халқы үшін сананы жаңғыртудың бір тетігі болып табылады. Сонымен бірге, латын қарпіне көшу арқылы түркі әлемімен бірігуімізге, жаһандық өркениетке кірігуімізге жол ашыла түседі.

Алайда, елімізде баға жетпес үздік
туындыларды өз ішімізде жоғары деңгейде танып, насихаттағанымызбен, әлем халқы бейхабар қалып келеді. Аталған мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы Мәңгілік Елді әдеби, мәдени жауһарларды сұрыптап, оны өзге елдерге таныту мақсатын алға қойып отыр. Осы жолда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сын­ды жобаларды ұсынып, елдің рухани жәдігерлерін сақтап, насихаттау міндеті туындайды. Қазақстанның «Киелі жерлерінің географиясын» жасау елтаным ғана емес, мәдени-тарихи орындарымыздың көркеюіне, туризмнің дамуына жол ашатыны сөзсіз. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің озық үлгілерін зерттеуге, жариялауға мүмкіндік береді.

«Туған жер» атты бағдарлама қабылдауды ұсынған Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриот­тық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын кеңінен насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігі ескерілген. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер...» дегендей, елге танымал тұлғаларымызды қадірлеп, өлке тарихын зерттеуге, зерделеуге көп көңіл бөлуіміз керек.

Елбасының бағдарламалық мақала­сы қазіргі заманғы Қазақстанның стра­те­гиялық бағыт мүдделерін айқындай­тын жаңа идеологиялық тұжырымдама болып табылады.

«Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұр­пақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», деп Елбасы айтып өткендей, еліміздің болашағы жастардың қолында, өскелең ұрпаққа Елбасының да артар сенімі мол. Ендеше, сол сенімнен шыға білейік.

Әйгерім Еспенова,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері