Жаным еңлік,
Тар жол, тайғақ кешуге тағы келдік.
Тағы адастық тал түсте екінші рет,
Жүректерді тағы да әбігер ғып.
Жаным еңлік,
Сағынышым тозбайтын сары белдік,
Кімге қалмақ деп ойлап күрсінемін,
Не қалдырам демеймін, жәдігер ғып.
Екінші рет,
Мен аспанға қараймын жетімсіреп.
Жалбарынғым келеді көктегі Айға
Жақын келіп жаныма отыршы деп.
Ай біледі,
Бір өлтірсе өлтірер қайғы мені,
Мені көріп кербез Ай, тәкаппар Ай.
Аяған соң құшағын жайды бері.
О, тегінде,
Өкінеді ақындар өтерінде.
Мейлі, мейлі, жаным тек сен аман бол.
Мен көп болса Ай жаққа кетемін де.
* * *
Ұйықтай қалсам түске енесің,
Шарықтайсың самғап құсым.
Қол басындай кішкенесің –
Қорғасындай салмақтысың.
Жүздік біздер кемеше өрге,
Кемеше өрге көсілемін.
Күттірейін демесем де,
Ылғи дағы кешігемін.
Атқан таң боп, батқан күн боп,
Сейілмеді-ау тұман, сірә
Бұған қайдан тап болдым деп,
Өкінетін шығарсың, ә.
Не десең де көнем бүгін,
Жолықпайық қайта деші,
Өкіндірмей сені, еңлігім,
Өле қалсам қайтеді осы?
Бунин театр өнерін сүйді. Оны Чеховпен жақындастырған да осы театр еді. Чехов қана ма? Біздіңше, басқа да себептер болған сияқты.
Сенің театрыңда шамдар сөнеді кешкілік,
Сахна жақтан періштелер даусы естіліп.
Екі қолыңнан жетектеп келе жатады,
Жаңа бақыт пен Ескі үміт.
Сенің театрыңда Сенің күлкің бар,
Менің шерім бар – ақ, қара,
Екі дүние бар, бірі аппақ, бірі қап-қара.
Менің жырымды отқа өртеп жібер оқы да,
Менің мұңымды жүрегіңе тұт, жатта да.
Сенің театрыңа бүкіл бір әлем сыйып тұр,
Аласа үйдің төбесі көкке тиіп тұр.
Сөзім жетпеген асыл ол,
Қолым жетпеген биік бұл.
Ал ол өзінің ең маңызды шығармалары ретіне өлеңдерін де, прозасын да емес, Толстой мен Чехов туралы эсселер жиынтығын айтқан көрінеді. Меніңше, оның өндіріп көп жазбауына да, кісікиік боп шетте жүруіне де осы екі алыпты жас кезінен терең зерттеп оқып, өте жақсы білуі басты себеп, оған келіспесеңіз, ең басты себептердің бірі болған сияқты. Неге?
Батыста түп-төркіні латыннан шыққан «өтәрне сити» дейтұғын қанатты сөз бар. Ол, әлбетте, «мәңгі қала» Римге қарата айтылған.
Рим! «Римге не үшін келесіз?» деген сауалға әлемнің бай кісілерінің көбі «тазару үшін» не «ойлану үшін» деп жауап берген көрінеді. «Мәңгі қалаға» келген сайын өзіңнің, расында да паң да емес, нән де емес, атаң қазақ айтып кеткендей, жалған дүниенің құрттай ғана бір бөлшегі екеніңді анық сезесің. Әркімнің өз «өтерне ситиі» болуға керек. Бунин үшін ол Толстой мен Чехов еді.
Екі түрлі Чехов бар. Бірі – екінің бірі, егіздің сыңары оқи алатын, ханға да, қараға да түсінікті қарапайым Чехов. Аздап күлкілі, аздап мысқылшыл, аздап аурушаң, аздап кедейлеу, аздап кекшілдеу, бұдан шығады аздап бейшаралау Чехов. Орыстың жеті ата, жетпіс жеті бабасынан бері тазаланбаған шошқа қорасынан бастап алтын күмбез ақсарайларына дейін оның назарынан тыс қалмады. Демек жалпыға қолжетімді Чехов.
Екінші Чехов – басқа Чехов. Ол «Хамелеон» емес, «Шағала»; «Иван Матвеич» емес, «Ваня ағай»; «Театрдан соң» емес, «Дала»; «Басқа пәле тілден» емес, «Шие бағы»; «Қуаныш» емес, «Қызық емес һікая»; «Жаназа емес, «Ионыч»; «Каштанка» емес «Қарамонах»; «Гриша» емес, «Ит жетектеген келіншек»; «Қонақ үйде» емес, «Архиерей»; «Дәріханашы әйел» емес, «Алтыншы палата»; т.б. Жетер! Олай дейтініміз бұл тізімді соза беруге болады. Бунин «Чеховтың ең керемет дүниелері қайсы?» деп сұрақ қояды да, тізім жасайды. Ол желіге үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы қырық тоғыз шығарманы қатар тіздейді. Зерттеушілер Чехов соңына тоғыз жүзден астам шығарма қалдырғанын айтып жүр. Тоғыз жүзден қырық тоғызды алып тастаңыз... Келіспеуге болатын тұстары бар. Әңгіме келісетін жағы басым екендігінде. Ол тізімнен сіз Чеховтан бұрын, Буниннің өзін көресіз. Әлбетте, Бунинге әлдебір дарақы қатынның даңғаза қылықтарын («Соңғы могиканша», мысалы) инеге іліп, жіпке тізіп отыратын мысқылшыл желауыз Чеховтан өмір бойы жоқты іздеп, өмір бойы өзін-өзі жегідей жеумен келе жатқан Чехов жақын. «Жуынбаған, сасық» (Лермонтов) Ресейді, маскүнем Ресейді, соғысқұмар Ресейді, азған, тозған Ресейді әжуалап, әртүрлі қысқа дүниелер жазатын Чеховтан, әрине, жеті түнде көрші деревняда ажал аузында жатқан дімкәс кемпірге жедел жәрдем беруге келіп, қайтар жолда арба сынып, сатырлаған қара жаңбырдың астында қалып қойып, қалпағының ернеуінен су сорғалап, қызуы көтеріліп, демі қысылып күркілдеген көкжөтел Чехов жақын екені даусыз.
Бунин Толстой туралы да жазады. Бірақ ол «Алтыншы палатаның» ауқымы «Соғыс және бейбітшіліктен» бірде-бір кем емес немесе оқырманды «Ит жетектеген келіншектің» (кейбіреулер жазып жүргендей «Ит ерткен келіншек» емес) ішкі жан дүниесі «Анна Каренинадан» артық толқытпаса кем әсер етпейді деп жазған жоқ, «Шие бағын» «Қажымұратпен» салыстырмады. Олай етудің қажеті де жоқ болатын. Бірақ сіз Чеховты оқып болып, бір сәт көзіңізді жұмып ойланып көрсеңіз, жаңа ғана Ұлылық әлемінде жүргеніңізді әбден сезінесіз. Әсіресе, Буниннен кейін.
Десек те, ол Толстойға да, Чеховқа да ұқсамады, әдебиетте өз мектебін қалыптастырды. Буниннен олпы-солпы сөйлем, ойқы-шойқы оралым, шайқы-бұрқы қайырымдарды емге таппайсыз. Абай айтатын «тас бұлақтың суындай сылдырап өңкей келісім» осында. Қарадүрсіндік, қарабайырлық атымен жоқ. Сары майдан қыл суырғандай нәзік шеберлік. Бунин мектебінен шыққан қаламгерлер деп Константин Паустовский мен Юрий Казаковты айтсақ қателесер ме екенбіз? К.Паустовскийдің «Солтүстік хикаялары» атты кітабында ол туралы керемет мақала бар. Бунин шығармаларының ішіндегі ең көркемі, ең тереңі «Жеңіл тыныс» («Легкое дыхание») деген пікір қалыптасқалы қашан. Өз басым қаламгерге баға берерде дәл осылай «айттым – бітті, кестім – үзілді» кейіпте шорт кесуге қарсымын. Бірақ аталмыш новелланы оқыған соң қапыда оққа ұшатын Оля Мещерская сіздің бір қимас қарындасыңызға айналады, ал «сәуірдің ызғарлы түндерін» әр көктем сайын еске алып жүретін боласыз. Алда-жалда бейіт жаққа жолыңыз түссе, алдыңыздан оқушы қыздың моласына жиі келетін класс жетекші әйел шыға келердей алаң көңілмен өтесіз. Қайсысының өмірін мәнді дейміз? Қыршынынан қиылған Оляның «қысқа өмірде көрген қызығы мен шыжығын ба» жоқ, қайта келмес жастығын өзі емес, өзгелер ойлап тапқан шеңберден шықпай өткізіп алған кәрі қыздың өмірін бе? Ойыңызға еріксіз «Сан Францискодан келген мырза» атты әңгіме түседі. Ол Оляның өмірін мүлде түсінбес еді. Ол шын қуана алмас еді, шын жылай да алмас еді ол.
Ал Казаков болса әрбір сөйлемді қырнап, жонып, сәндеп, әшекейлеп жазатын прозашы еді. Оның аз жазғаны, бірақ саз жазғаны да осыдан болар. Ю.Казаков біздің Әбеңнің (Әбдіжәміл Нұрпейісов) даңқты «Қан мен терін» аударғанда да осы дегдарлықтан таймады, нәтижеде қазақ романын орыс оқырмандары өз шығармасындай қабылдады. Бұл екеуінен кейін орыста «Бунин жолымен жүрген» кімдер бар деп сұрасаңыз мен мардымды жауап айта алмаспын. Орыс прозасының кейінгі жылдардағы ахуалынан хабарымыз шамалы. Сіз, құрметті оқырман, менің бұл пікіріме келіспеуіңізге әбден болады, дегенмен, бүгінгі заманда орыста керемет әдебиет туатынына өз басым сенбеймін. Мұндай саяси дәуір кезінде көркем әдебиет емес, көсемсөз алға шығады. Неге екенін қайдам, маған осы көсемсөз дегені некесіз туған көрдемше деген секілді естіледі де тұрады, тоба!
Парижде Бунин В.Набоковпен кездеседі. Бұл Буниннің Нобель сыйлығын алып, көңілді жүрген кезі еді. Елге оралу да ойында болатын. Кеңес Одағынан, КСРО Жазушылар одағынан жылы хабарлар келе бастайды. Сең жібіп, сергелдең аяқталар күн алыс еместей көріне бастаған. Бірақ, екі алыптың кездесуі ерегеспен аяқталып, бірін-бірі көрместей боп тарасады. Шау тартқан Буниннің көл-көсір ақ дастарқанды жайып тастап «аттың басын бір еркін жіберелікші, бауырым» деген ақеден көңіліне ағылшынша тәрбие алып, мұз қара кесектей суық қарым-қатынасқа үйренген Набоков «мен арақ ішпеймін» деген секілді орыс баласына ұнамайтын сөзбен жауап береді. Сөйтіп сағынып кездескен қандасы, кәсіптесі жат қалада жампоз жазушыны жалғыз қалдырып кете барады.
В.Набоков өзінің «Өзге жағалаулар» дейтұғын өмірбаяндық кітабында осы жайларды асықпай, майын тамызып, жеріне жеткізе отырып баяндайды. «Көрдің бе, кезінде Буниннің өзі бізбен сұхбаттас болмаққа ұмтылғанда қарамай кеткенбіз» немесе «өй, бір орыстың қаңғып жүрген жаман шалы дағы» деген секілді қыжыртпа сөздер тізбегі... Бұл не? Орыс атаулыдан іргесін аулақ салып, оны айтасыз, орыс тілін де ұмытуға тырысып шығармаларын ағылшынша жазған тәккаппар Набоковтың Буниннің жүрегін ауырту үшін істеген қырсықтығы ма, жоқ аты бәйгеден бірінші келген ағайынға жасаған ішмерездік пе, қысастық па? Кейін бұл туралы А.Твардовский «Бунин туралы» деген мақаласында ашу- ызамен жазды.
Толстоймен арақатынасы Чеховқа қарағанда өзгешерек болған тәрізді. Чеховпен күнде сөйлесуге болады, Толстоймен әңгімелесу үшін үлкен дайындық керек. Чехов жұмсақ, Толстой да мейірімді, бірақ ол кейде үстін аппақ мамық қар басып жатқан алып қара тас секілді. Бунин Толстойдың христиан дінінің ортодокс тармағы (провославие) ұстанымдары, жалпы Иса пайғамбарды құдай тұту, шіркеулерді әлеміш-күлеміш безендіру, дін өкілдеріне берілетін артықшылықтар туралы пікірлерін қалт жібермей ұйып тыңдайтын, тіпті оның анафема жарияланбастан бұрын «Інжілдің» жаңа толстойлық нұсқасын жазамын деген талпынысына да қызыға қарады. Оның «Арылу» романынан соң шіркеумен аралары тіпті шиеленісіп кетті. Бірақ өз пікірін білдірген емес. Қарсылық танытпады, құптамады да. Расына келсек, Бунин де Чехов («Архиерей») сияқты ортодокстік тарихаттың сала-саласын терең білетін.
Жалпы, орыс жазушыларының басты жетістіктерінің бірі, бәлкім, бірегейі, олар өз ата-бабалары ұстанған дінді өте жақсы білді. Жақсы білгендіктен сенді. Білмей сенудің тақсыретін тартқандар аз ба? Дін, әдетте, егер ол шын мәніндегі иман мен сенімге негізделген дін болса, Адамның жүрегін нұрландырады. Қарайтпайды, ағартады. Ал «аққа құдай жақ» екені әлімсақтан аян емес пе?! Ф.Достоевский, И.Тургенов, Ф.Тютчев, А.Пушкин, Ю.Лермонтов... бұл классиктердің қай-қайсысына да қатысты сөз. Екінші бір аттың қасқасындай айқын көрініп тұратын ерекшелігі туған табиғатты, қоршаған ортаны кез келген орнитологтан, кез келген ботаниктен, кез келген зоологтан, кез келген астроном, инженер, агрономнан артық білмесе кем білмейтіндігі. Өкінішке қарай, біздің кейбір қаламгерлеріміз үшін құстың бәрі торғай, ағаштың бәрі тал, бояу саны жетіден аспайды, иіс болса не жұпар, не жаман иіс... Бұл тенденция көркем әдебиет пен көсемсөз мидай араласып кеткен соңғы жылдары тіпті, асқынып барады. Арнайы семинар, кеңестер соңғы рет қашан өткенін де ұмыттық, әдебиет туралы тұшымды сөз Ғабең марқұмның (Ғабит Мүсірепов) атақты «Авгийдің атқорасынан бастайығынан» соң айтылмай-ақ келеді. Бізге өзгеріс керек дей беретініміз, дей бергеніміз үшін жау көбейте беретіміз содан. Біздің басқа не кінәміз бар? Бірақ, маған сеніңіз, бізді Ұлы өзгерістер күтіп тұр, көп қалған жоқ, аз ғана шыдаңыз, бәрі басқаша болады!
Х-о-о-ш, Бунин мырзаның Толстоймен екінші бір жолайрық жері әйелдердің өмірдегі орны, қоғамдық қарым-қатынастардағы, отбасында атқаратын рөлі туралы. Толстой, әлбетте басқаша ойлайтын. Ол, бірақ, Адамзат адамзат болғалы Жер бетіндегі болған және бола беретін күнәһарлық пен қатыгездік, кещелік пен арсыздық тек әйелдерден немесе әйелдердің қырсығынан шықты дегенді айтқан емес, дегенмен қоғамда «Крейсер сонатасы» мен «Анна Каренинадан» соң графтың шын пікірі қандай екен деген қызығушылық пайда болғаны рас. Оның үстіне шалдың әр жылдары жазған:
«Өз басым ешқандай әйелге ғашық болып көргем жоқ. Махаббат секілді бір сезім болғаны рас, бірақ мен ол кезде он үш-он төрттегі бозбала едім, махаббаттың не екенін қайдан білейін.
Бес биенің сабасындай семіз күтуші әйелге жүрегім аузыма тығылып құмартқаным есімде....
...Бәрінен бұрын бұл һікаяны жазған кім, әйел ме, ер адам ба соны білмек керек, автор әйел болса, о, құдайдың құдіреті қолынан келмейтін іске ұрынып, еркектердің жай-күйі туралы жазамын деп жыныңды келтіреді ғой...керісінше әйелдер хақында жазса әңгіме басқа.
Асылы бар ғой, мен әйелдер туралы не ойлайтынымды табытқа түсер алдымда ғана айтамын. Оған дейін қинамаңдар. Табытымның қақпағын ашамын-дағы өмір бойы ішімде жиналып, қордаланып келе жатқан шындықтың бәрін бір-ақ ақтарып саламын, сосын лып етіп қайта кіріп кетемін. Ұстай алмайсыңдар мені.
Әйел қауымына тек жылтырап киініп, жарқырап жүрсе болды, бұ халықтан артық ақылдылық күтудің керегі жоқ.
Егер мен жаңа келген хатты ашып, оның әйел жазғанын білсем әрі қарай оқымаймын.
Осы секілді «әйелсүймес пікірлері» сол кездегі зиялы қауымның арасында кең танымал болды. Бұл «шедеврлерге» қарсы дау айтқандар да, қолдап, қуаттағандар да болмады. Арада жүз жылдан астам уақыт өтті, Толстойдың қателігін іздейтіндер бұл тұсты емес, мүлде басқа кеңістіктерді шиырлайды. Бірақ, әлі таппай келеді.
Әлбетте, шау тартқан шал графтың ойлары кім-кімге де қызық еді. Ол патшаның моральдық тұрғыдан азғын адам екенін, оның маскүнем бауырлары, қысқа күнде қырық құбылғыш қыздары, көңілдес әйелдері, маңына топтасқан неше түрлі алаяқтары туралы тұспалдап та, ашық та жазып жүрді. Христиан діні ұстанымдарына жат қылықтармен күресудің орнына «елді өзі бастап азғындыққа итермелейді» деді. Толстойдың шығармаларынан нені аңғарасыз? Бірінші көзге түсетіні, «Мынадай азғын патша ел билеп отырғанда орыс елі қайдан оңсын?!» деген ойдың сұлбасы. «Бұл нағыз бақытсыз адам, меніңше, оны о дүниеде лапылдап жанған от пен жұлқи аққан тажал суы күтіп тұр. Ол қиналып өледі. Мойнында қаншама халықтың қаны бар? Әттең, ол қазір «менен кейін не болса ол болсын. Тірі кезімде шайқап қалайын, өлген соң сүйегімді көрден шығарып тастаса да мейлі» дейтұғын тоқтаммен өмір сүруде...». В.И.Лениннің Толстойды орыс төңкерісінің айнасы деп бағалауы негізсіз емес.
Ал Бунин болса патша туралы жаман жазған емес, жақсы да жазған емес. Оның өзінің әлемі бар еді.
Буниннің шығармаларында Әйелді жоққа шығару, кекету, мұқату, кемсіту емес, керісінше, Әйелге табыну басым. Оның шығармаларындағы мораль, әдеп, ахлаһ басқаша өрнектеледі. «Мен өзі әйелден жолы болмаған сорлымын» деп жазады ол. Расында жігіт болып, жілігі толып ең алғаш ғашық болған Варвара есімді қыз бұған әйел болудан бас тартады. Ал ресми алғашқы некесі туралы ол ештеңе жазбайды, бәлкім, есіне алғысы келмеген болар. Соңғы кезде өлердей сүйген Анна Цакни деген келіншек мұның жазған хаттарына жауап бермейді.
Етімнен ет кесіп бердім,
Өлмедім, бірақ.
Тағдырмен кектесіп көрдім,
Көнбедім құлап.
Қолымды сермедім алға,
Жасындай шарпысып өткен.
Жартасты көргенің бар ма,
Жарылып жартысы кеткен.
Шеттемін, жер шегіндемін,
Періштем, жүргейсің демей.
Кішкентай бөлшегім менің,
Сен мені білмейсің де ғой.
Бір күні білерсің...
Өмірінің соңғы жылдарында махаббат тақырыбына дендеп бет бұрған Бунинді замандастарының көбі түсіне алмады. Не түсінгісі келмеді. Ол алыста қалған жастық шағы мен енді қайтып көре алмайтын Отанын аңсады. Махаббат, қызық мол жылдарын жиі есіне алды. Құлай сүйген қыздарды, кездейсоқ жолыққан бикештерді көз алдынан өткізумен күн кешті. «Мына шал алжыды» деген қауесеттің отына май құйған да осы сағыныш туралы хикаялары еді. Әйелі Вера Бунина мұның қылықтарын кешіре алмай үйден кетіп қалады. Кейін оралады, бірақ үзілген жіп қайта жалғанғанмен, орнында түйін қалған еді. Қиын түйін. Шешілмейтін түйін. Ол шынын жазды. Әдеттегідей оқырманға жазушының шындығы керек емес еді, оқырманға керегі оқырманға керек шындық болатын. «Менің қағаздарымды реттеуге жәрдем етеді» деген желеумен үйіне кіргізіп алған жас ақын келіншек күндердің бір күнінде қарт қаламгерді тастап басқа қалаға кетіп қалады да, мүлде хабарласпай қояды. Талай түндерді кірпік қақпай, сансыз күндерді сағынышпен өткізген Бунин өзінің ақырғы сәттері таяп қалғанын сезді. Нобель сыйлығына берілген ақшасы да тез таусылды. Бір рәуяетте ол алаяқтарға жем болған, енді біреулер сақиға біткен малдың ақыры осылай боладыға жығады. Қалай десек те өмір бақи ұлтым, Отаным, Ана тілім, ең бастысы Арым, Ұятым, Иманым деп өмір сүрген Ұлы жазушы Ұлтынан да, Ана тілінен де, Отанынан да, отандастарынан да қайыр көрмей, жат жерде жарлы-жақыбай күн кешіп, елеусіз ғана көз жұмады да, Сент Женеве Де Буәдағы орыс қорымына көптің бірі болып жерленді.
Ол Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігіндегі» князь Андрейдің өлетін тұсын қайта-қайта оқиды екен. Толстой туралы мақаласында сол үзіндіні әдейілеп қара әріптермен тергізеді. Оның жақсы өлгісі келді.
Бұл Еуропаның табалдырығынан келін болмай кесір болып аттаған 1953 жылғы қараша айының 8-жұлдызы еді...