Аймақтар • 17 Мамыр, 2017

Жамбыл ауданы жаңғыру жолында

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында негізгі бес басымдықты айқындап берді. Сонымен қатар, Елбасы жуырда ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан ой қозғап, алдымызға маңызды міндеттерді қойды. Сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасын қабылдау туралы ойы да топырақтың тереңдігін, даланың дегдарлығын көрсететін бірден-бір құнды бастама деуге болады. Енді «Туған жерге ту тіккен» халқымыздың алдындағы асқаралы міндет те, маңызды мақсат та туған жерді тұлғаландыру болмақ.

Жамбыл ауданы жаңғыру жолында

Шын мәнінде, экономиканың же­дел­детілген технологиялық жаңғыруы, дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық, ада­ми капитал сапасын жақсарту, инс­ти­туттық өзгерістер, қауіпсіздік және сы­байлас жем­қорлықпен күрес сынды ба­сым­дықтар бағытымызды айқындап, бо­ла­шағымызды біртұтастандыра түседі. Бұл орайда негізгі темірқазықтың беки тү­су­іне, тамырын тереңге тартуына ауыл шаруашылығымен аты шыққан, өн­дірісімен өркендеген, білімімен бә­секеге қабілетті, кәсіпкерлігімен кең өріс тапқан аймақтардың қосар үлесі ай­рықша.

«Ауыл – алтын бесік» дейді қа­зақ. Ауылды абаттандыру, өңірді өр­кен­­дету басты міндет. Әулиеатаның оңтүстік-батысында орналасқан сексен мыңнан астам халқы бар Жамбыл
ауданы өнеркәсібі өркендеген аймақтар қатарынан саналады. Мемлекет мүм­кін­дігін пайдаланып, өркен жаяр істерге бастамашы болған ауданның ахуалы бү­гінде айтарлықтай жақсарған. Ауданда ағымдағы жылдың үш айында өнеркәсіп са­ласында 1 миллиард 411,7 миллион тең­геге өнім өндірілуі де кәсіпкерліктің кең өріс алғанын көрсетеді. Мәселен, мұнда 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы жалпы құны 6 миллиард 725 мың теңгені құрайтын 3 жобаның іске асырылғанын айта кету керек. Болашақта да аталған үш жоба үдемелі дамудың деңгейін арттырып, аудан экономикасын одан әрі нығайта түсетін болады.

Қаратөбе ауылдық округінде орна­лас­қан «Оңтүстік Халал тағамдары» жау­апкершілігі шектеулі серіктестігі ет өндіретін комбинатының өндіріс қуаты тәулігіне 40 тонна «Халал» тағамдар стандартына сәйкес келетін ет өнімдерін шығаруға қауқарлы. Жобаның құны жеке қаражаттар есебінен 2 миллиард 450 миллион теңгені құраған. Өткен жылдың мау-
сым айында іске қосылған кәсіпорында бүгінде 40 адам жұмыс істейді. Болашақта аталған серік­тес­тік жұмысын күшейтіп, бірқатар тың жобаларды қолға алуға ниеттеніп отыр. Алдағы уақытта комбинат толық кө­лем­де жұмыс атқарып, 153 адамды жұ­мыспен қамтиды.

Жалпы, өңірлердегі өндірістің не­гіз­гі өзегі халық. Елдің сұранысын қа­­­нағаттандыру, одан экономиканы әлеу­­еттендіру, тіпті өнімді экспортқа ш­ы­ғару да маңызды іс. Сондықтан да бәсекеге қабілеттілікті арттырып, өзге мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып өзара әріптестік қарым-қатынас орнату да күн тәртібіндегі мәселе. Мәселен, Көлқайнар ауылдық округіндегі «Аса-DAMU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы бүгінде Ресей мемлекетімен байланыс орнатқан кәсіпорын ретінде белгілі. Аталған фабриканың бір мезетте 316 мың тауық және 84 мың балапан өсіріп, жылына 90 миллион данаға дейін жұмыртқа шығару мен 280 тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндігі бар.

– Бүгінгі таңда 82 мыңға жуық балапан өсірілуде. Балапандар Ресей мемлекетінің Кемерово қаласынан жеткізілген. Ағымдағы жылдың сәуір айында бірінші корпус іске қосылып, ал­ғашқы жұмыртқалар шығарыла бас­тады. Алдағы шілде айында Кемерово қа­ласынан 90 мың балапан әкелінеді, – дейді аудан әкімі Мәден Мұсаев.

Бүгінде 80 мың тауықтан күндігіне орташа есеппен 65 мың дана жұмыртқа алынатын болса, айына 1,9 миллион дана жұмыртқа шығарылады деп жоспарланған. Ал, екінші цех алдағы қазан айында іске қосылады. Жалпы, жыл соңына дейін өндіріс көлемі күніне 130-140 мың дана болса, ал айына 4,1 миллион жұмыртқаны құрайтын болады. Өз кезегінде «Аса-DAMU» аудан жұртшылығын ғана емес, облыс халқын да толықтай қуатты тағам түрімен қам­та­масыз ете алады. Сонымен қатар, үшін­ші цех­тың жұмысын 2018 жылы толық іске қосу көзделген.

Жаңғыру жолына түскен Жамбыл ауданындағы өндірісті кәсіпорындардың қатарына Қаратөбе ауылдық округіндегі «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің гипс зауытын да жат­қызуға болады. Құны 1 миллиард 725 миллион теңгені құраған жобаның жыл­дық қуаты 180 мың тонна немесе тәу­лігіне 450-500 тонна құрылыс гипсін және 100 мың текше метр гипсокартон өндіруге негізделген. Сондай-ақ, бүгінде зауыттың құрылыс жұмыстары толық аяқ­талып, қажетті құрал-жабдықтар Түр­кия мемлекетінен жеткізілген. Са­лын­ған инвестиция көлемі 918 миллион теңгені құраған кәсіпорында бүгінде 50 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бір ға­на кәсіпорынның өзі ауылдағы азаматтар­ды жұмыспен қамтып, аймақтағы жұ­мыс­с­ыздық деңгейінің төмендеуіне үлес қосуда.

Қазіргідей құрылыс қарқынды дамып, кең етек жайған тұста мұндай серіктестіктердің де қуаты арта түспек. Себебі, құрылыс жұмыстарына қажетті материалдардың бір бөлігі өзімізден шығып тұрса, бұл құрылыс кезінде қар­жы үнемдеуге және сапалы құрылыс жүр­гізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Ел­басы айтқандай, отандық өнімдерді пай­даланып, алға шығуға да септеседі.

Ауылды жерлерде отын тасып, от жағу да оңай емес. Таң бозынан үйдің мұржасын тазалап, ошаққа от тамызу жұмыстары ауыл тіршілігінде ежелден қалыптасқанмен, бүгінде елді мекендерді көгілдір отынмен қамтудың орайы келіп тұр. Бір жағынан табиғи таза, екіншіден, аса көп әурешілікті қажет етпейтін газ мәселесі де ауданда шешіліп келеді. Аудан бойынша бүгінде 42 елді мекен бар болса, соның ішінде 24 елді мекен кө­гілдір отынмен қамтылған. Мәден Тоқ­тарбайұлының айтуынша, енді 2018 жылға дейін 13 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді екен. Бұл тұрғыда «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің үлесі айрықша. Биылғы үш айдың ішінде зауыт 214,8 миллион теңгеге 21,8 мың тонна өнім өндірген. Енді өнім түрлерін көбейту мақсатында 40 мың тонна жоғары октанды бензин өндіретін тұрақтандыру блогы және сыйымдылығы 4 160 тонналық қыс­ымдалған газ сақтау қоймасын са­лу жобалары іске асырылып келеді. Құ­рылыс жұмыстары да 80 пайызға орындалған.

«Кәсіптің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» дейді халық. Ен байлық еншімізде болса, болашақты бағдарлау, рухани жаңғыру, бәсекеге қабілеттілік қағидалары да қарапайым жолмен жүзеге аса берері хақ. Жамбыл ауданында жұмыс істеп тұрған бұл кәсіпорындар келешекте де кемел сипат алып, егемен елдің ерекше бастамаларын насихаттай беретіні анық.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы