Қазақстан • 17 Мамыр, 2017

Адам құқығын қорғау – өркениетті елдің міндеті­

277 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бізге жыл сайын 1500-ге жу­ық арыз түседі. Оларда негізінен қоғ­ам өмірінің барлық саласына қа­тысты мәселелер қозғалады. Нақ­тылай айтқанда, олардың не­гізгі бөлігі құқық қорғау орг­ан­да­рының іс-әрекеттеріне (30%), сот шешімдеріне (28%) және жер­гілікті билік органдарының са­пасыз мемлекеттік қызметтер көр­се­­туіне (16%) қатысты шағымдар болып келеді.

Адам құқығын қорғау –  өркениетті елдің міндеті­

Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) мәр­т­ебесі Конституциямызда бекітілді. Нақтылай айтқанда, би­лік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу ба­ғытындағы конституциялық реформалар нәтижесінде жа­ңар­ған Ата Заңымыз бойынша Парламент Сенаты Президенттің ұсынуымен аталған уәкілді бес жыл мерзімге сайлайды жә­не оны қызметінен босатады. Бұл адам құқықтары және бос­тан­дықтарының ұлттық жүйесін айтарлықтай нығайтуға мүм­кін­дік береді. 

Осы орайда, біз Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар ШӘКІРОВПЕН әңгімелескен едік. 

– Еліміздегі Омбудсмен мәр­те­бесінің Конституция бойынша нақтылануы оның ке­ле­шектегі қызметіне қан­ша­лық­ты әсер етеді деп ойлайсыз?

– Адам құқықтары жөнін­дегі уә­кіл мәртебесінің Конс­ти­туцияда көрініс табуы оның бе­делін көтеру ғана емес, мем­ле­кеттегі және қоғамдағы адам құ­қығы мәселелерінің ба­сым­дығына назар аудару болып табылады. Сондай-ақ, бұл мә­селе Елбасымыздың «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғы­­ру» бағ­дар­ламалық ма­қа­ла­сын­да атап көр­сетілген мі­н­деттер мен ба­сым­дықтарға сәйкес келеді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жаңа мәртебесі оның қызметін реттейтін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруге жол ашады. Сонымен бірге, бұл қа­дам адам құқықтарын қорғау жә­не қол­д­аумен айналысатын ұлт­тық ме­кемелердің мәртебесіне қа­тыс­ты қағидаларға (Париж қағи­да­лары) сәйкес ұлттық құ­қық қор­ғау институттары үшін қа­был­дан­ған стандарттардың талаптарына жауап береді.

– Асқар Оразалыұлы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл р­е­тінде сіздің қолыңызда ел аза­­мат­­тарының құқығын қор­ғау­ға қа­­тысты қандай ықпал ету те­ті­гі бар?

– Омбудсменнің қызметіндегі негізгі құрал құқық бұзушылық істердің негізінде дайындалып, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға жолданған хаттар мен ұсыныстар болып табылады. Мәселен, мұндай хаттар мен ұсыныстар Премьер-Министрге, Жо­ғарғы Сот Төрағасына, мем­ле­кеттік органдардың бірін­ші басшыларына жіберіледі. Жал­пы, 2016 жылы тиісті орын­дар­­ға жолданған хаттар мен ұсы­­ныс­тарда пенитенциарлық, ме­­ди­ци­на­лық-әлеуметтік, бала­лар ісі, әс­кер­и және басқа да са­лалардағы мә­се­лелер қам­тыл­ды. Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) шеңберінде 700-ден аса ны­санда болып, ондағы жұ­мыс­тармен танысу барысында на­за­ры­мызға түскен жағдаяттар да әл­гі жолданған хаттар мен ұсы­ныс­тарда көрсетілгенін айта ке­т­ейін.

Биылғы жылдың бірінші тоқ­санында 200-ден астам ны­сан­ға барып, олардың тыныс-тір­шілігімен таныстық. Соның нә­ти­жесінде бірқатар ұсынымдар әзір­­леніп, олар тиісті мемлекеттік ор­гандардың қарауына жіберілді.

Соңғы уақытта бұқаралық ақ­­парат құралдары арқылы Жер кодексіне түзетулер енгізумен бай­ланысты рұқсат етілмеген мити­нг­тер, жұмыспен қамтылмаған аз­а­маттарды қару­лы күштерге ша­қыру бастамасы, көп балалы отбасыларды үйден шығару, балаларды жағымсыз ақпараттық ортадан қорғау және тағы бас­қа да мәселелер бойынша өз ұста­ны­м­да­рымызды жария еттік.

– Ел азаматтары көбінесе қан­дай мәселелермен арыз­да­на­­ды?

– Бізге жыл сайын 1500-ге жу­ық
арыз түседі. Оларда негізінен қоғ­ам өмірінің барлық саласына қа­тысты мәселелер қозғалады. Нақ­тылай айтқанда, олардың не­гізгі бөлігі құқық қорғау орг­ан­да­рының іс-әрекеттеріне (30%), сот шешімдеріне (28%) және жер­гілікті билік органдарының са­­пасыз мемлекеттік қызметтер көр­­се­­туіне (16%) қатысты ша­ғым­дар болып келеді.

– Қазіргі таңда Омбудсмен ме­кемесінің қызметіндегі қан­дай жетістіктерді атап өтер еді­ңіз?

– Ең алдымен, Омбудсмен ме­кемесі мемлекеттік құқықтық жүй­еде Ұлттық құқық қорғау институты болып танылды. Менің көзқарасым бойынша, біз­дің ме­кеме мемлекет пен қо­ғам, мем­лекеттік органдар мен аза­маттық сектор арасындағы ме­диатор қызметін табысты атқарып отыр. Осы орайда, Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің жа­нындағы үйлестіруші рөлін ат­қаратын Ұлттық алдын алу те­тігі қызметін де атап өткен аб­зал. Ұлт­тық алдын алу тетігі қыз­ме­ті арқасында соңғы 3 жылда Қазақ­стан­дағы 1688 жабық мекемеге еш ке­дер­гі­сіз мониторинг жүргізілді.

Сондай-ақ, халықаралық құ­­қық қорғау ұйымдарымен ын­­тымақтаса жұмыс істеу де жол­­ға қойылған. Біз Ұлттық құ­­қық қорғау мекемелерінің (ом­буд­­с­мен­дердің) Халықаралық үй­лестіру комитетіне мүше бол­дық және оның желісінің бірі – Азия-Тынық мұхит форумы шеңберінде белсенді жұмыс жүргізіп отырмыз. Халықаралық әріптестіктің арқасында біздің ел жекелеген құқық қорғау мәсе­ле­лерінде реципиент емес, до­нор болып келеді. Мәселен, от­ба­сында, мектепте жә­не қала­лық ортада балаларға қа­­тысты зор­лық-зомбылыққа қар­сы күрес бой­ынша ЮНИСЕФ-пен бір­лесіп жа­салған жобаның нә­ти­желері бас­қа елдерге пайдалану үшін ұсынылды.

– Елімізден тыс жерлерде тұ­ратын азаматтарымыздың құ­қықтарын қорғау мәселесіне байланысты не айтасыз?

– Әрине, елімізден тыс жерлерде жүрген қазақстандықтар да тұрақты назарымызда. Олар да біздің қорғауымыздың объектісі болып табылады. Мен осы арада екі мысалға тоқтала кетейін. Біріншісі – АҚШ азаматтары асырап алған отандастарымыздың қазасымен байланысты. Аталған қайғ­ылы оқиға бірқатар маңызды мә­­­селелердің анықталуына жол ашты. Бұл жағдайлар біз­ді мем­ле­кеттік органдарға, атап айт­­­қан­да, Сыртқы істер ми­ни­стр­лі­гі мен Білім және ғылым ми­ни­­стрлігіне сұрау салуға мәжбүр етті.

Тарата айтар болсақ, АҚШ азаматтары асырап алған қа­зақ­стан­­дық 6609 баланың арасынан 673 бала бойынша заңмен бел­гіленген асырап алушылар есептері түс­пегені, ал 237 ба­ла бой­ынша тіпті мүлдем ақпа­рат жоқ екені, яғни олардың кон­сул­дық есепке алынбағаны анық­тал­ды. Қазіргі таңда осыған бай­ла­ныс­­ты тиісті есеп пен бақылау жүр­гізілуде.

Тағы бір жайт – біздің бұрынғы отандастарымыздың – қазір Ресей азаматтарының Мәскеуде заң­сыз ұсталып, қанауға түс­ке­ніне және қатыгез қарым-қаты­нас­қа тап болғанына байланыс­ты Қазақстан азаматының жаз­ған арызына қатысты. Біздің ме­ке­меміздің бастамасы бойын­ша өза­ра құқықтық көмек көрсету шең­берінде екі елдің құқық қор­ғау органдары аталған арыздағы деректерді зерттеуге кірісті. Сондай-ақ, мен өз әріптесіме – Ресей Омбудсменіне қызметтік хат жол­дадым. Ол қа­зір­гі уақытта іс­ті соңына дейін жет­кізу мақ­са­ты­мен қажетті ық­пал­дасу амалда­рын жүргізіп жатыр.

– Сіз өз қызметіңізде қандай са­лаларға басымдық бересіз?

– Біз кез келген әлеуметтік, саяси, нәсілдік, ұлттық және өзге де белгілерге байланысты басым бағыттарды белгілемейміз. Омбудсмен институтының қыз­ме­­ті саясаттандырылмаған және мұн­­д­ай үрдіске тартылудың қи­сы­ны жоқ.

Біз қоғамның осал топ­та­ры­ның, ең бастысы, балалардың, әйел­­­дер­дің және мүгедектердің құ­­қық­та­рын қамтамасыз етуге ба­сым­дық бе­­ріп, оларға ерекше на­зар ау­да­ра­мыз.

Қазақстанда балалардың құ­қық­тары мәселелеріне ерекше кө­ңіл бөлінеді. Білім және ғылым министрілігінде Балалардың құ­­қық­­тарын қорғау комитеті бар. Былтыр Қазақстанда Пре­зи­д­енттің Өкі­мімен Бала құқ­ы­­ғы жөніндегі уәкіл қызметі құ­рылды. Адам құ­қы­қ­­тары жө­нін­дегі уәкіл меке­ме­­сі бұл жаңа институттың құ­рыл­ған күнінен бас­тап мақсаттар мен мінд­ет­тердің ортақ екенін ескере отырып, оған жан-жақты қолдау кө­р­­сетіп келеді. Сондай-ақ, бұл инс­титут бұрын басталған жобалар шеңберіндегі жұмыстарға атсалысуда.

– Қазіргі таңда елімізде Ба­ла­­лар үйлерін жабу үрдісі бай­қ­а­­лу­да. Осыған қатысты сіздің пі­кіріңіз қандай?

– Елімізде бірқатар Бала­лар үй­лерінің өз жұмысын тоқ­та­туы­на жетімдер мен ата-ана­сы­ның қамқорлығынан шет қал­ған ба­­ла­ларды отбасыларына, яғни пат­­ронаттық тәрбиелеу мен қам­қор­лыққа беру үрдісі бел­гі­лі бір дең­гейде әсерін тигізіп отыр. Мә­селен, 2015-2016 жылда­ры пат­ронаттық тәрбиелеу мен қам­қор­лыққа 1841 бала берілді. Ба­ла­ларға арналған 48 мекеме-үй жа­былды.

Алайда, жетім және қараусыз қалған балаларды патронаттық тәрбиелеу мен қамқорлыққа бе­ру­дің де өзіндік мәселелері бар. Нақ­тылай айтқанда, жоғарыда көр­сетілген мерзім ішінде атал­ған балалардың арасынан 399-ы кері қайтарылды. Бұл – аталған санаттағы әрбір төртінші бала екін­ші рет жетімдікке тап бола­ды деген сөз. Біздің пайым­дау­ы­мызша, осы мәселе патро­нат­­тық ата-аналарды арнайы оқытып, дай­ындау ісінің жолға қой­ыл­ма­­ғандығынан туындауда. Ал шетел­дерде патронаттық ата-аналарды дайындау міндеттелген. Бұл тәжірибе біздің елімізге де енгізілуі тиіс деп ойлаймыз.

Жоғарыда айтылып өткен жағ­даяттарға байланысты мен Пре­мьер-Министрге ашық хат жолдадым. Онда қажетті базаны құрмай және қалыптасқан жағ­дай­ды есеп­ке алмастан Балалар үйлерін та­ратуды тездету үрдісі түрлі қиын­дық­тарды алдымызға көлденең тар­туы мүмкін деген пікірімді білдірдім.

Жақында мен Ақмола обл­ыс­ының Ақкөл қаласындағы Балалар үйі­не бардым. Біз­дің пікірімізше, бұл мекеме халық­аралық өл­шем­дер­мен қарағанда үлгілі саналады. Он­дағы игілікті істерді, жақсы тә­жірибелерді осы бағытта қызмет көр­сететін өзге де мекемелерге үл­гі ретінде ұсынуға әбден болады. Мұны айтып отырған себебім, қа­зіргі уа­қытта тәжірибесі мол, мамандары сақадай-сай, инфра­құ­рылымы қалыптасқан, қажетті талаптарға жауап бере алатын Балалар үй­ле­рі жетім және қараусыз қалған ба­лалар үшін ана­ғұрлым сенімді орын болып қал­ып отыр.

Айта кететін тағы бір жайт, ба­ланы патронаттық тәрбиелеуге алуда талап етілетін қажетті құ­жат­тарды иелену тәртібі бізде өте же­ңіл. Тіптен, ол Халыққа қыз­­мет көр­сету орталықтарында ре­­сім­­де­летін қарапайым құ­жат­тар­ды алудан да оңай. Бұл жағ­дай­дың да өз кезегінде патро­нат­тық ата-аналар қатарына лай­ықсыз адам­дардың еніп кетуіне жол ашаты­ны анық.

Келесі бір тоқтала кетер мә­­­­селе, жақында Білім жә­не ғы­­­­лым вице-министрі 40 пай­ыз­ға жуық ата-ана мектепке дей­інгі тәрбиелеу дағ­дысын біл­­­мейтіндігін, ал олар­дың 50 пай­ызы балалардың фи­зио­ло­гиялық даму мә­се­ле­ле­рі­­нен хабарсыздығын айт­­ты. Бұл мә­лі­мет­те бізді алаң­дат­пай қой­май­ды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»