Жақсылықтың жаршысы бола білейік
Тәуелсіз ел тарихында айтулы даталар да, ауыз толтырып айтар тарихи көріністер мен тұлғалар да бар. Елбасының Жолдауын барлық қауым болып жылда талдаймыз. Басшымыз өз елінің болашағына толықтай сенетін тұлға, оның әрбір Жолдауында ойланатын, іске асыратын жүйелі ойлар бар. Біздің еліміздің өз құндылықтары да, қиыншылықтары да жетерлік. Ал оларды жеңу сіз бен біздің қолымызда. Мен өз күшімізді біріктірсек кемел ел қалыптастыратынымызға сенімдімін. Кең байтақ елімізде ақын да, жазушы да, керемет өнер иелері де, өз мамандықтарының майталмандары да, жомарт жандар да, ер тұлғалы азаматтар да жетерлік. Сол жандардың есімі мен істерін көріп-біліп жүрсек, солардай болсақ – алар асуымыз көп-ақ.
Туған жерімдегі әрбір жаңалық мені серпілтіп отырады. Соңғы бес жылдың көлемінде біздің облысымыз гүлдене бастады. Қала келбеті әбден өзгерді, ауыл жаңаша тыныстады. Әрине, бұл бір адамның жұмысы емес шығар, дегенмен осы аралық Қ.Көшербаевтың ел басқару кезінде жүзеге асырылып жатқанына ешкім күмән келтіре алмас. Өзім Байқоңыр қаласының тұрғынымын. Бұл шаһарда да өз істерін дөңгелетіп отырған жандар баршылық. Осындай жандардың да еңбегі бағаланып, жақсылық жаршысы тізіміне көптеп енетініне, еліміз Елбасы айтқан дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінетініне мен әбден сенімдімін.
Гүлжайна ТҰРСЫНБАЕВА
Қызылорда облысы
...әсерімен бөліседі
Әбіш әлеміне үңілді
Шетпедегі С.Қондыбай атындағы облыстық мемориалдық мұражайында «Әбіш және Маңғыстау» атты рухани дөңгелек үстел мәслихаты өткізілді. Басқосудағы алғашқы сөзді заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың замандасы Алдаберген Құрмашев алып, сыныптасы жөнінде естелік айтса, жазушының шығармаларындағы Маңғыстаудың рөлі жайында Гүлжамила Құсайынқызы баяндама жасады. Сондай-ақ Рима Бердиева «Әбіш және Серікбол» тақырыбындағы баяндамасында екі ұлы адамның арасындағы қатынас пен өнегелі өмір жолы мен шығармашылық белестерін жан-жақты талдады. Ал тіл маманы Қ.Бөбетай «Әбіш Кекілбаев шығармашылығындағы стилистика» атты ғылыми тұжырымдамасын ортаға салып, көпшілікке Кекілбаевтың жазу шеберлігін түсіндіріп берді.
Басқосу барысында жастар келген қонақтарға сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірсе, жас ақындар өздерінің Әбіш аталарына шығарған арнауларын оқып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Шара соңында Ә.Кекілбаев туралы жазушы Сұлтан Оразалының арнайы түсірген деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы
...ұсыныс айтады
Бабалар кесенесіне көңіл бөлінсе...
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жарты бөлігі түрлі-түсті керамикамен көмкерілген де, ал қалған бөлігі қарапайым қыштармен өрілген көрінеді. Ардагерлер атынан сұрарымыз – кіреберіс келбеті жағы да түрлі-түсті керамикамен көмкерілсе дейміз. Сонда бұл кешен түгелдей әдемі бейнеге түсіп, әрі келген жұртшылықты тамсандырары анық.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізіміндегі мәдени мұра екендігін ескеріп, осы кесененің жөндеуіне жететіндей қаржы бөлінсе, құба-құп болар еді.
Тағы бір ұсыныс, осы ойшыл ғұлама ғалымның ұстазы болған Отырардағы Арыстан бабқа да құрмет көрсетілсе екен дейміз. «Бұл кесенені де түрлі-түсті керамикамен сыртын түрлентсе, әспеттесе екен» деген тілегіміз бар. Бұл Ясауи бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа деген құрмет болар еді. Осы екі кесенеге бірдей көңіл бөліп, ажыратпай бір жылда, бір мезгілде құрылысы жүргізілсе дейміз. Түркістан қаласы 2017 жылы түркі тілдес халықтарының рухани астанасы болған кезде осы істі қолға алуымыз маңызды болар еді.
А.САПАРОВ,
Кентау қалалық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің басшысы
Оңтүстік Қазақстан облысы
...сақтандырады
Тәрбие тал бесіктен басталады емес пе?
Қазіргі таңдағы қазақ отбасындағы тәрбие-тәлім қай дәрежеде? «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» заман болып бара жатқан жоқ па? Кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Кейбірі кеш басталысымен теледидардың алдынан шықпайды. Ата-ана не істесе, бала соны көріп өседі. Кеш болысымен жұмыстан шаршап келген ата-аналар: «Балам, бүгін сабақта не оқыдың, қандай тапсырма берді?» деп сұрамай, қолына ұялы телефонды беріп: «сен де тыныш, мен де тыныш» деп отыра береді. Бала қандай сайтта отыр, не ойын ойнап отырғанында шаруасы жоқ. Әлеуметтік желіге кірген бала одан шыққысы келмей, әртүрлі видеоларды көріп, желілерді аралап шығып, сол желідегі біреумен танысады. Жеткіншек қыздар алданып қалып, содан қиын жағдайға түсуі мүмкін...
Тәрбие – тал бесіктен басталады емес пе, сол тәрбиеміз қайда бара жатыр?! Екі жастағы сәбиді де телефонмен алдандырамыз. Өсе келе баланы телефонмен тәрбиелейтін шығармыз. Әлеуметтік желіден неше түрлі сұмдықтарды көрген жеткіншектер өз-өздеріне қол жұмсап, әртүрлі секта, жиһад жетегімен шетел асып кетіп жатыр емес пе! Заман өзгерді дейміз, заман емес – адам өзгерді. Ата-ана, ұстаздар араласатын орталары жақсы болса, бала да заманға қарай өзгермеуші еді.
Кенжегүл ӘДІЛОВА
Астана
...көзқарасын білдіреді
Жақынымызға домбыра сыйлайық
«Егемен Қазақстан» газетінен Оралхан Дәуіттің «Күй ойнайды қазағымның қанында» атты мақаласын оқып, менің де қалам ұстауыма түрткі болды. Бұрын домбырасыз үй болмаушы еді. Қазір ірі қалаларда балалардың үйренулері үшін домбыра үйірмелері бар, ал ауылда ондай мүмкіндік жоқ. Бір кездері телеарналардан домбырада орындалатын дәстүрлі әндер жиі беріліп, күйшілердің «күй тартыстары» болып тұрушы еді. Бұл күнде оның бірі де жоқ. Елде – орта жастағы, егде жастағы кісілердің, зейнет жасындағы ата-апаларымыздың ертелі-кеш теледидар алдында отыратынын ескерсек, бірауық домбыра үнін аңсайтынын неге бағамдамаймыз осы?!
Мен өзім де домбыра тартамын. Ұлымның жас кезінде ән салуға икемі барлығын байқап, домбыра үйреттім. Ұлым жиырмаға толғанда оған туған күніне домбыра сыйладық. Сосын інімнің балаларына да домбыра тартуды үйреттім. Олар да қазір студент, әлеуметтік желілерде қазақ әндерін, термелерді орындап өзі құралпылас жастарға насихаттап жүр. Қазір ойлап отырмын, жалпы сыйлық жасауды әйелдер қауымы ғой үйлестіретін. Қазақ аналарына, әйелдеріне айтарым – алтын тағудан, шапан жабудан жалығатын уақыт болды ғой... Қазақы құндылығымызды ойлайық. Ол үшін кейінгіге үлгі болсын, ең қадірлі қонаққа домбыра сыйлайық. Әр үйдің төрінде «құда сыйлаған» қасиетті домбыра ілулі тұрсын.
Зеберкүл ШАРДАРБЕКОВА,
ұстаз
Жамбыл облысы,
Талас ауданы