Бұл кездесу Жадыра Байбұланованың жақында ғана баспадан шыққан «Қағаз жүрек» атты өлеңдер жинағының таныстырылымына орай ұйымдастырылып отыр.
Жеңімпазын «Жылдың ең үздік ақыны» аталымы бойынша марапаттап, кітабын шығарып беруді дәстүрге айналдырған Жұмабек Тәшенов атындағы мүшәйраның биылғы бас жүлдесі Жадыраға бұйырған. Осы игі іс себеп болып, жарық көрген, алғы сөзін ақын Күләш Ахметова жазған «Қағаз жүректің» тұсауын ақындар Мұрат Шаймаран, Маралтай Райымбек, Мақпал Мыса кесті. «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, Бақыт Беделхан бастаған ақындар; композитор Қадырғали Көбентай мен дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай; Қарағандыдан арнайы келген жас ақындар өлең оқып, ән айтты, кеш иелерінің шығармашылығы жайлы пікір білдіріп, тілектерін жеткізді.
Әдебиет пен өмірде қол ұстасып келе жатқан екі ақынның өлеңмен жауаптасқан, өлең арқылы бір-біріне тіл қатысқан, сыр ашысқан сәттері бұл кездесудің ең басты ерекшелігі болды деуге болады. Кеш иелері осындай кездесуді алдағы уақытта Қарағандыда да өткізуді жоспарлап отыр.
«Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, әріптесіміз Мирастың шаңырағындағы қос қуаныш баянды болсын деп тілейміз!
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ