Бокс • 17 Мамыр, 2017

Былғары қолғаптың бағасы қанша?

722 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қабырғасын бір-бірлеп сөксең де қабақ шытпас ерлердің кәсіпқой бокс дейтін спортына екінің бірі бара бермейді. Жүрегінің түгі бар жігіттің сырттанына ғана жалын сипататын спорт түрі ғой бұл. Бұған әуесқой бокста терезесі тең әлдіні таппаған соң, болмаса бұл салада алмаған атағы қалмағанда ғана барады жүрек жұтқан жам­поздар. Ашығын айтқанда, бұлар­дың түпкі мақсаты – төрткүл дүниеге атын шығару ғой, сонан соң, әрине ақша табу. Ал атақты һәм ауқатты болуға ұмтылғанның еш айыбы жоқ.

Былғары қолғаптың бағасы қанша?

Жалпы, қазақтың жалпақ тілі­мен айтқанда, кәсіпқой бокс деге­ні­міздің өзі жуан жұдырықпен мал табу ғой. Тігісін жатқызып, қан­ша мәймөң­келесең де айналып келгенде бұл тақырыптағы әңгі­ме ақшаға барып тіреледі. Яғни, өз еркіңмен, саналы түрде таң­даған мамандығың. Ал енді, осы мамандығымен нан тауып жеп жүрген кейбір былғары қол­ғап шеберлерінің  елдің атын шы­ғар­дым дегенді бұлдағандай болған іс-әрекеттеріне қарап тұрып,  қайран қаласың... 

Түнеугүні кәсіпқой бокстың қыр-сырына енді қаныға бас­таған қос боксшымыз – Батыр Жүкембаев (9-0, 8 КО) пен Абы­лайхан Құсайынов (6-0, 5 КО) Мәдениет және спорт министрінің қабылдауында болды. Мұндай бастаманың қай тараптан болғаны бізге белгісіз. Бірақ та, министрмен кездесуге боксшыларымыз немесе олардың шашбауын көтеріп жүрген азаматтар мүдделі бол­ғанға ұқсайды...

Осы ақпаратпен танысып отырғанда, бұдан біраз бұрын болған дәл осыған ұқсас оқиға еске түсті. WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлемнің суперчемпионы болған Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановқа былғары қолғабын сыйлап, қоштасарда өңір басшысы боксшының қолына үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатқан. Негізі, чемпион жоғарыдағы атақ үшін америкалық Роуши Уоренмен болған жекпе-жектен кейін 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыны жамбасқа басқан болатын. 

Аталған ақпарат БАҚ арқылы тарап үлгермей жатып, біздің тағы бір сайыпқыран боксшымыз Қанат Ислам Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қабыл­­­дауында болып, ол да қала бас­шысына былғары қолғабын сый­ға тартты. Көп ұзамай, осы бокс­шы­мыз Мәдениет және спорт министрі­нің де қабылдауында болды... 

Әрине, жат елдердегі жан алысып, жан беріскен жекпе-жектерде намысты қолдан бермей, қазақтың атын шығарып жүрген ерлерге құрметтің қандайы болса да жарасымды. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегеннен аулақпыз. Дегенмен, кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген баһадүр­леріміздің бірдеңе дәметкендей әкім-қараны жағалай бергені адамды әртүрлі ойларға жетелейді екен. 

Қазір ғой, Геннадий Голов­кин­нің атағы жер жарып тұр. «Елдің атын ер шығарар» деген, былғары қолғап шеберінің есімі­мен қосақталып еліміздің атауын да жат елдің балалары да жатқа айта бастады. Сөйткен Головкин қазір доллармен есептегенде миллиондап ақша тауып жүр. Қарағандыда білдей бір фабрикасы бар. Бір сөзбен айтқанда – миллионер. Көк ту­ды қабырғаға іліп қойып, көк шапанды жамылып алғаны сүй­сінтеді-ақ, сабаздың. Шаршы топ­тың алдында, Елбасына қаратып: «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын», – деген саңлақты Қазақ қайтіп сүймесін?!

Десе де, осы Головкиннің елге келгенде қал­талы азаматтардың қолынан жаңа пәтердің кіл­тін алғанын естиміз де, ал оның қандай да бір қайы­рым­дылық шарасына қатысқаны туралы  мағ­лұмат құлағымызға жеткен емес. Әлде, жет­пей қалып жатыр ма, мүмкін біз естімей жүрміз бе?

Осы жерде, жай әншейін мысал ретінде мынаны айта кету­ге болар еді. Не нәрсенің бол­сын па­р­­қы са­лыс­тырғанда білі­не­ді ғой: фи­липп­индік әйгілі кәсіп­қой ­бокс­шы Мэнни Пакьяо 2016 жыл­дың қо­рытындысы бойын­ша мыңға жуық отбасының әрқай­сысын жеке үймен қамтамасыз етіпті...

Иә, «Күлшелі бала сүймек­ке жақсы» деген. Атағы да, ақшасы да зор кәсіпқой боксқа, онда сойқан салып жүрген танымал тұлғаларға жанасуға әркім-ақ құмар. Мәселен, журналист аға­йын бұл тақырыпқа қалам тер­­бесе болды, ормандай оқырман жи­­найды. Бәлкім, әкімдер мен ми­нистр­лер де даңқты боксшы­лар арқылы рейтингісін көтеріп алу­дан кетәрі емес шығар? 

Бәріне де түсіністікпен қарау­ға болады. Бірақ, осы жерде мына­дай жайтты қаперге сала кеткен артықтық етпейді деп ойлаймыз. Мә­се­лен, біздің спорттың табысы таудай бол­ғаны­мен,  кемшін соғып жатқан тұстары да жоқ емес. Олимпиялық бағдарламаға енген спорт түрлерінің өзінде демеуге зәру қанша дарын жүр десеңізші?! Алыстағы ауыл, шал­ғайдағы аудан­да тұрып жатқан халықтың жасанды көгал төселген қарапайым футбол алаңына, қара­сирақтардың былғары қолғап пен бокс қап­шығына мұқтаж екенін мәселе емес деп кім айт­ты? Айта берсеңіз, бұқаралық спорттың да бір бас­қа жетерлік мұңы бар. Мұндай мысал­дар­ды жіп­ке тізе берсек, таяу арада таусылмасы анық. Сон­да дейміз-ау, кәсіпқой боксшыға бөлін­­ген ас­та-төк көңіл, керісінше қолы қыс­қа, кере­гі көп өзге спорт­шы­ларымызға шара­патын ти­гізуі керек емес пе? Қалай болғанда да, мем­лекет­тің қара­ма­ғын­дағы әуес­қой спорттың несі­бе­сіне ортақ­­та­сып, масылдың күйін кешу – кәсіп­қой бокста жүрген майтал­мандарға  жарас­пайтын қылық.

Әрине, әркім өзінің түсінігі мен өресі жет­кенінше өмірлік салт ұстанады. Елдің атын шыға­рып жүрген ерлерге жөн сіл­теп, ақыл айтудан аулақпыз. Деген­мен, «Елім маған не берді деп емес, мен еліме не бердім деп өмір сүру керек» деген ұстаным ел наза­рында жүрген наркескен ұлдардың рухани ұс­ты­ны болса екен дейсің. Осы тұрғыдан алып қара­ғанда, шет ел асып, кәсіп­қой бокста жұ­ды­рықпен нәпақа тапқан жампоздарымыз елге келгенде әкім-қараның ка­бинет­терін жағалап кетпей, біруақ балалар жаттығып жүр­ген зал­дарға барып шеберлік сыны­бын өткізуді, жетімдер үйіне барып қайырымдылық шараға қарай­ласуды әдетке айналдырса дейсің. Сонда, батырларымыздың абырой-беделі де, тер исі сіңген былғары қолғаптарының бағасы да көрер көзге өсе түсер еді-ау!

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»