Жазғы спорт • 17 Мамыр, 2017

Кереку спортқа мән бере бастады

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ERG компаниялар тобы облыстағы түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 3,7 миллиард теңге бөліп отыр. Алпауыт кәсіпорын алдағы жылдары жаңа меморандум аясында өңірде бірнеше спорт нысандарының бой көтеруіне үлес қоспақшы.

Кереку спортқа мән бере бастады

Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының мәліметінше, биыл бұл жобалар қатарында Пав­ло­дардағы Усолка шағын ауда­нында халықаралық стан­дарт­тарға сай 300 орындық три­бу­насы бар 50 метрлік жүзу бас­сейні­нің құрылысы баста­ла­ды. Ал Баянауылда тау шаң­­ғысы кешенінің жобасы әзір­лік үстінде. Өңірде еркін күрес залдары жаңғыртылып, Пав­лодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 32 стрит-воркаут (street workout) жаттығу қондыр­ғы­ларын және ойын алаңдарын орнату жоспарда бар. Жалғыз Бая­н­ауыл емес, өңірдегі әр аудан­­да спортқа ерекше көңіл бө­­лі­нуде. Сондықтан, облыстық әкім­­дікте өткен отырыста спорт­қа жауапты тұлғалар «Біздің өңір үшін 2017 жылды спорт жы­лы деп атауға болады», деп атап өтті. 

ERG компаниясы мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандумға сәйкес,  жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармасы Баянауыл аудандық әкімдігінің «Ұлттық саябақ» басшылығымен бірлесіп, тау шаңғысы кешенін салу үшін жер телімін бөлу мәселесімен айна­лысуда. Сонымен қатар, жол, электр желісін тарту сияқ­ты жұмыстар басталып та кеткен. 

Басқарма жоба бойынша облыс орталығында 164 миллион теңгеге екі күрес залын қайта құруды жоспарлаған. Орталық жағажайда, сондай-ақ, қаладағы 33 тұрғын үйдің ауласында және Ақсудағы 10 алаңда воркаут құрылғыларын орнатпақшы. Бұл мақсатта «Самұрық-Қазына Траст» қорының қолдауымен өңірде пластиктен жасалған қоршаулары бар хоккей корты, күш жаттығу құрылғылары, шағын футбол, стрит-вор­каут, стритбол алаңдары және бала­лар­ға арналған 10 инклю­зивті, көп функциялы алаңқай­лар орнатылады. Олардың сегі­зі – Павлодар, Екібастұз және Ақ­су қала­ларында орын теппекші.

– Сонымен бірге, биыл Қашыр ауданының орталығы Тереңкөлде, Ақсу қаласының Евгеньевка, Қызылжар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтереді. Облыстың үш қала­сында, сондай-ақ, Баянауыл ауы­лында 200 миллион теңгеге футбол алаңдары салынады. Мем­ле­кет-жекеменшік әріп­тестік желісі бойынша облыс орталығында жабық футбол кешенінің құрылыс жұмыстары қолға алынады. Жуық арада оның эскиздік жобасы таныс­тырылатын болады, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев.

Тағы бір жақсы жаңалық – енді қала тұрғындары мен қо­нақт­ар облыс орталығындағы Усол­ка өзенінде қайыққа мі­ніп, ескек есетін болады. Өйт­ке­ні, бұрын бұл жерде арна­йы қайық базасы болған-ды. Ес­кек есу секциясы ашыл­мақ­­шы. Қажетті құрал-жаб­дық­­­ты сатып алуға және өзен жа­­ға­­сында қайықтарды сақ­тау­­ға арналған эллинг салуға кон­­курс жарияланып та қо­йып­ты. Академиялық ескек есу­­ші­­лерді дайындайтын жат­ты­қ­­т­ы­ру­шылар да бұл іске жұмылдырылмақшы. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы