Жазғы спорт • 17 Мамыр, 2017

Үлгілі үрдіс

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аманбек Түсіпханұлы Балқаш­тың маңындағы «Қара­бұлақ» кеңшарында еңбек жолын бас экономист болып бастап, Қара­ғанды облысының Жаңаарқа, Абай аудандарын басқарған. Аманбек Түсіпханұлы Әбдіханов атындағы турнир елдің азаматына деген алғы­сы іспетті. Өзі де спортты сүйіп, со­ған жұртты үйіре білген азамат­тың құрметіндегі жарыс биыл же­тін­­ші рет өтіп, онда Астана қал­асы мен Қарағанды аймағының во­лей­­бол­шылары өнерлерін сынға салды.

Үлгілі үрдіс

Он команда қатысқан тартыс­та теміртаулықтар бірінші орын­нан көрінсе, ақжалдықтар мен астаналықтар мәреге үзеңгі­лес келді. Оларға осынау тур­нирді ұйымдастырушылар тара­пы­нан ақшалай сыйлықтар беріл­ді. Сонымен бірге, «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» «Волейбол спортының ардагері» атанған Юрий Сенкевич, Азамат Балағазинов және Марат Оспановқа да сый-сияпат көрсетілді.

– Бұл жарыстың арқасында об­лысымызда волейбол спортын дамытуға үлкен қозғау салынып отыр. Әбдіханов атындағы тур­нир­де танылған жігіттердің біразы таңдаулы командалар құрамы­на тартылып, халықаралық жарыс­тар­да көзге түсіп жүр, – дейді жа­­рыс­тың бас төрешісі Болат Дүйсебаев.

Осынау игілікті бастаманы көтеруші Әбдіхановтар әулеті жа­рыс аясын кеңейтуді ойлайды. Ал­­­дағы жылы республикалық бірін­­ші­лік­ке ұластыру, Қарағанды ай­ма­ғын волейбол спорты ордасына ай­нал­дыру негізгі мақсат. Өтуі бір түс­тік, есте қалуы бір күндік жиын-той­лардан гөрі мәні мен жөні бөлек осын­дай жарыстардың түр-түрін өзге де жанашырлар өрістете түссе, нұр үстіне нұр-ақ.

Айқын Несіпбай 
ҚАРАҒАНДЫ