Бұл орайда тек сахна сыртында тілекші болып қана қоймай, өнер қонған баласын қыранның өз балапанын баулығанындай биіктерге талпындыратын ата-ананың да рөлі ерекше. Ұлпан Әбдікерімова да осындай өнер десе ішкен асын жерге қоятын, әрқашан қолдау беретін өнегелі шаңырақта тәрбиеленген. Бала жастан бастап қаншама байқаулардың лауреаты, жүлдегері атанған. Санаңыз, 2003 жылы Алматыда өткен халықаралық «Бозторғай» байқауының І орын иегері, 2004 жылы Ақтауда ұйымдастырылған «Біз күн перзентіміз» халықаралық байқауының І орын иегері, 2005 жылы Болгарияның Тутракан қаласында өткен «Речные ноты» халықаралық байқауының бас жүлде иегері, 2009 жылы Италияда өткен бүкіләлемдік «San Remo» байқауының І орын иегері, 2015 жылы Астанада өткен «Менің Қазақстаным!» халықаралық ән байқауының бас жүлде иегері, т.б. осындай оншақты байқаудың бас жүлдесін не бірінші орнын қанжығаға байлаған.
Сызылтып тәтті дауыспен ән салатын Ұлпан Әбдікерімова қазіргі кезде Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. «Классикалық вокал және хорда дирижерлік» факультетінің доценті Татьяна Николаевнаның сыныбында дәріс алып жүр. Классикалық бағытта ән салатын оның репертуарында ария, романс, опера, халық әндерін қосқанда жүз шақты ән бар екен. Дауысы – лирикалық колоратуралық сопрано. Университеттің ректоры Айман Мұсақожаевамен бірге гастрольдік сапарларға шығып, оқу ордасы атынан шет елдердің сахналарында да өнер көрсетіп жүрген жас дарын белгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бір топта дәріс алады. Ол эстрадалық, ал біздің кейіпкеріміз классикалық бағытта білім нәрін жинауда.
Ұ.Әбдікерімованың ел ордасы Астанаға келуі де кездейсоқ емес. Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы колледжде төрт жыл білім алған бойжеткен облыстық, республикалық деңгейлердегі шараларда ән салып жүріп көзге түсе бастайды. Оның өміріндегі ең маңызды оқиға 2012 жылы Қызылорда қаласына Елбасы Н.Назарбаевтың сапармен келуі болатын. Үлкен іс-шарада ән айтқан жас қызға Президент ақ батасын беріпті. «Бүгінде жастар үшін мүмкіндіктер мол. Тек алға үлкен мақсаттар қоя білу керек. Сен Астанаға кел», деген Елбасы сөзінің құдіреті Ұлпанның әпкесінің ізімен Алматыға барсам деген ойына тоқтау салған. Ол өзінің Астанаға келуіне Елбасымыз себепкер болғанын жасырмайды.
«Астана – армандар орындалатын қала. Әрине, өнер жолы оңай емес. Көре алмау, қызғану, жолды кесу сынды түрлі жағымсыз әрекеттерге де жолығуың мүмкін. Бірақ, мен қандай жағдайда да өнерді, сахнаны биік қоямын. Қаншама адам болса, соншалықты талғам бар. Сондықтан, әрбір әншінің өз тыңдарманы бар екеніне сенемін», дейді Ұ.Әбдікерімова. Ол – сахна мәдениеті, дауыс күту, репертуар таңдауға қатысты өзіндік пікірі бар әнші. 22 жаста ғана болса да өнеге көргендігін, мектеп көргендігін байқатып, байсалды әңгіме айтады. Армандары да көп. Енді бір жылдан соң университет бітіретін жас әншіні тағдырдың қандай сыйы күтіп тұрғанын біз білмейміз. Әйтсе де талантымен өз ортасын мойындатып жүрген жас әншінің болашағына сенеміз.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»