Оңтүстіктен 150 мың оңтүстікқазақстандық көрермен ретінде барады. Олардың 3750-і − мектеп оқушылары. Сондай-ақ, 139 мүмкіндігі шектеулі және зейнеткерлік жасындағы азаматтарды апару жоспарланып отыр.
Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының бөлім басшысы Перизат Қонысбаеваның айтуынша, баратын азаматтардың саны белгілі. Оларды тасымалдау жағы қарастырылған. Әзірге Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының жатақханаларынан алдын ала тапсырыспен орын алынған екен.
Бөлім басшысы көрмеге баратындардың 15 пайызы ұшақпен, 110 мың 200 азамат пойызбен жетеді. Олардың билеттері алдын ала брондалып қойған деген деректі айтты.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев:
− Көрмеге барамын деген азаматтарға алдын ала пойыз, ұшаққа билеттерді сатуды бастадық. 16750 орынды дайындап отырмыз, – деді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтің айтуынша, көрмеге оңтүстіктен 12 976 тонна ауылшаруашылық өнімдері жөнелтіледі. Астана қаласы мен Ақмола облысының бау-бақша өнімдеріне деген қажеттілігін ескере отырып, 37 ірі және орта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз керуенін аттандырмақ.
Азық-түлік тауарлары 25 жүк және мұздатқышы бар арнайы көліктермен тасымалданады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы