Аймақтар • 17 Мамыр, 2017

Атырауда «Жайық нұры» атты әншілер байқауы өтті

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімовтің 70 жасқа толуына орай Атырауда «Жайық нұры» атты республикалық әншілер байқауы өтті.

Атырауда «Жайық нұры» атты әншілер байқауы өтті

Қатысушылар патриоттық әндер мен Абайдың сөзіне жазылған Қазақстан композиторларының шығармаларын орындады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 39 жас әншінің арасынан бас жүлдені Андрей Медведев жеңіп алды.

Шығыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Андрейдің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады. Алматылық Бегім Айдос пен Әсем Сергеева, ақтөбелік Аманжол Өтемұратов бірінші орынның биігінен көрінді. Жүлделі екінші орын атыраулық Нұрсәт Алмас, астаналық Талғат Аллабірінов, маңғыстаулық Мөлдір Жайлыбаева, шығысқазақстандық Андрей Шагидевичтерге берілді. Ал Алматыдан келген Назгүл Орынтай, Болат Марғұлан, Жандарбек Еркінбаев, Халид Орынқұл, астаналық Мұхтар Ромашев, қызылордалық Әзиза Әбдірейім, атыраулық Ілияс Бөлекбаевтар үшінші орын иеленді.

Үш күн бойы Жайық жағасын әдемі әнмен тербеген байқау мерейтой иесі Ғафиз Есімовтің шығармашылық кешімен қортындыланды. Өнер мерекесіне халық әртісінің дос-туыстары мен әріптестері жиналды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мерейгерге «Атырау облысының құрметті азаматы» атағын табыстап, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Атырау аймағында нақты шаралар қолға алына бастағанын айтты. Шығармашылық кеште облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген Ғафиз Есімовтің шығармашылығына арналған антологияның тұсауы кесілді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»