Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылы Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында экономиканы жедел технологиялық жаңғырту бірінші бағытта айтылды. Мемлекет басшысы еліміздегі жаңа индустриялармен келешегі бар 3D баспа, онлайн сауда, мобильді банкинг, сандық қызмет сияқты салаларға баса көңіл бөлу керек екенін айтқан болатын.
Сонымен қатар, ғылыми және инновациялық қуатты жоғарғы оқу орындары мен инновациялық технологиялық парктерді Алатау аймақтық базасында дамыту керектігіне ерекше тоқталған еді. Бүгінгі көшпелі отырыстың да негізгі мақсаты – Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру. 2003 жылы құрылған экономикалық аймаққа мемлекет тарапынан 24 млрд теңге жұмсалған. Қазіргі таңда инновациялық жобалардың алды сапалы өнім шығара бастады. Тіпті, коммуникациялық құралдарды отандық нарықпен қатар, көршіліс елдерге де экспорттауда.
Бүгінгі басқосуға бастамашы болған экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің құрамында комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев бастаған Талғатбек Абайділдин, Михаил Бортник, Бекмырза Еламанов, Мұратбай Жолдасбаев, Асхат Күзеков, Елеусін Сағындықов сынды Жоғары палата өкілдері инновациялық бағытта жұмыс істейтін өндірістің қуатымен танысты. Сондай-ақ, «НұрОтан» партиясы фракциясы жанындағы аймақтық саяси кеңес мүшелері мен Парламент мәжілісінің депутаттары да шағын және орта бизнесті дамыту тетіктері жайлы ойларын ортаға салды.
«Алатау паркінің жұмысымен танысу барысында, аталмыш нысан директорының ұсынған жоспарлары мен бөліскен ойлары көңілімізден шықты. Қазақстанның дәл қазіргі кездегі орны, алдағы уақытта тағы да қандай мақсаттар қойылатыны, оларды орындау жолдары, нысандарды аралау барысында толық талқыланды. Аталмыш өндіріс орнында шығып жатқан өнімдермен танысып қана қоймай, өндірушілермен сұхбаттаса келе қазіргі заңның кемшін тұстары мен оларға қандай өзгеріс енгізу керектігін, Үкімет тарапынан қандай көмекке мұқтаж екендігін бізге жеткізді. Бұл кісілердің айтқан өтініштерін өз назарымызға алып комитет отырыстарында ұсыныстарымызды дайындайтын боламыз. Комитетіміздің негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау. Елбасы тапсырмасымен шағын және орта бизнестің көлемін ең кем дегенде 50%-ға өсіру көзделіп отыр. Егер шағын және орта бизнестің көлемі 50%-дан асатын болса қоғам орнықты қоғам болып саналады», дейді экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан кәсіпкерлерге кедергі болатын жағдайлардың бірі – мемлекеттік функциялардың көптігі мен рұқсат беру функциялары екендігі айтылды.
«Біз мемлекеттік функциялардың барлығы «100 нақты қадам» ұлттық жоспарына байланысты өзін-өзі басқару жүйесіне берілуге тиіс деп есептейміз. Яғни, үкіметтік пункция Үкіметтің тарапынан бизнеске берілуі қажет. Осыған тосқауыл болатын кедергілердің барлығын заң жүзінде реттеуіміз керек», деді комитет мүшелері.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»