Парламент • 17 Мамыр, 2017

Зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру бойынша заң жобасы мақұлданды

191 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру бойынша заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру бойынша заң жобасы мақұлданды

«Заң жобасында зейнетақы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізу көзделген. Біріншіден, Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері үш кезеңде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері – 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Ал, екінші кезеңде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері – 11 пайызға, базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтілгелі отыр. Нәтижесінде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы мөлшерлері 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға артады. Яғни, ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгеге дейін, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін артатын болады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына баяндама жасау барысында. 
Сондай-ақ, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыстың ең жоғарғы мөлшерін 41 айлық есептік көрсеткішінен 46 айлық есептік көрсеткішіне дейін (93 029 теңгеден 104 374 теңгеге дейін) арттыру көзделген. Бұл 2017 жылдың бірінші жартысында тағайындалған зейнетақылардың 11 пайызға арту есебімен осы жылдың екінші жартысында тағайындалған зейнетақылар мөлшерлерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін қаралып отыр. 
«Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізіледі. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Жаңа әдістемеге сәйкес, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады, бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзімі ескеріледі», – деп атап өтті Т. Дүйсенова. 
Оның айтуынша, үстіміздегі жылы зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға дейін артуын ескере отырып, заң жобасында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінен 50-ден 54 пайызға дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Осылайша, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері азаматтардың еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар кезеңі 10 жылдан аспаса – ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын, 20 жыл болса – ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, ал 33 жылдан асқанда 100 пайызын құрайды. 
«Нәтижесінде, еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болады. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2 млн зейнеткердің 44,7 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызынан жоғары алатын болады. 45,2 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алады немесе базалық зейнетақысы бүгінгіге қарағанда 2 есе көп болады деп күтілуде», – деп нақтылады министр. 
Ведомство басшысы атап өткендей, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5 пайыз жарналары есебінен қалыптастырылатын шартты-жинақтаушы компонентін енгізу көзделген болатын. Қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, заң жобасында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру қарастырылған. 
Бұдан басқа, заң жобасында балалы отбасыларды мемлекеттік қолдауға бағытталған нормалар қарастырылған. Біріншіден, бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға арттыру көзделген. Жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 31,41 айлық есептік көрсеткіштен 38 айлық есептік көрсеткішке дейін (71 270 теңгеден 86 222 теңгеге дейін), төртінші және одан көп балаға 52,35 айлық есептік көрсеткіштен 63 айлық есептік көрсеткішке дейін (118 783 теңгеден 142 947 теңгеге дейін) артатын болады. 
Елімізде жылына 400 мыңдай бала дүниеге келетінін ескерсек, шамамен 300 мыңнан астам отбасы арттырылған мөлшерде жәрдемақы алады. Нәтижесінде, 2017 жылы жәрдемақының мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артады.