Аймақтар • 17 Мамыр, 2017

Ақтөбеде 641 мың гектар жерге астық егіледі

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының астық өсірушілері биылғы көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін сапалы тұқым, арзандатылған жанар-жағар май және қажетті техникамен қамтамасыз етілді.

Ақтөбеде 641 мың гектар жерге астық егіледі

Топырақ құнарын сақтауға қажетті басқа да агротехникалық шаралар толығымен атқарылды. Соңғы кезде кейбір ұсақ шаруа қожалықтары тыңайтқыштарды пайдалану ісіне салғырт-салақ қарай бастағандары да жасырын емес. Биыл мұндай теріс тәжірибенің тамырына балта шабылды. Сонымен бірге, олар өз қолдарындағы бұрынғы ескі техниканы жаңғыртуда да қам-қаракет танытуда.

Сондай-ақ, осы жылы себілетін тұқымның басым бөлігін негізінен бірінші санаттағы тұқым қоры құрайды. Тағы бір айта кетерлік мәселе – 2016 жылмен салыстырғанда биыл облыстағы егістік алқаптың көлемі 74,2 мың гектарға ұлғайды.       

Осылайша, биылғы тауық жылы жалпы көлемі 641 мың гектар алқапқа егістік салу жоспарланған. Бұдан алынатын өнім мөлшері қандай болмақ? Бұл

жөнінде алдын-ала болжам жасап, бал ашу қиын әрине. Соның ішінде суармалы егіс емес, нар тәуекелдікке негізделген, тіпті керек десеңіз жаз кездеріндегі жауын-шашынға да тәуелділігі бар егістік жағдайында қандай бір болмасын айқын жорамал жасау оңайға түспейді. Әйтсе де қазіргі күні агротехникалық шаралар ойдағыдай жүргізілген жағдайда 480 мың тонна астық жинауға болатыны жөнінде есептер жасалған.

Бұл істе Қарғалы ауданының дихандары көш бастап келеді.

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»