Аймақтар • 17 Мамыр, 2017

«Даму» қоры «Асылдар» жобасын бастады

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнеспен айналысатын 15 компанияға диагностика жүргізбек.

«Даму» қоры «Асылдар» жобасын бастады

Осылайша Қордың «Асылдар» атты жобасы шағын және орта бизнестің ақсап тұрған немесе көш бастап келе жатқан тұстарын анықтап, компанияның дамуын тежеп тұрған мәселелерді анықтауды көздейді. 
Жаңа жобаға қатысушылардың диагностикалық қорытындысы бойынша Жол картасы мен іс-әрекет жоспары жасалып, сараптамалық консалтинг, тренингтік қолдау, шетелдік миссия мен қаржылық көмек алу үшін ұсыным-пікір дайындалады. 
«Асылдар» – қанатқақты жоба. Біз осы саладағы шет елдік тәжірибелерді ескере келіп, «Корей республикасы Шағын және орта бизнесті дамыту корпорациясының» озық тәжірибесіне сүйенуді жөн деп таптық. Елдің ішкі жалпы өнімінің сүбелі бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайтыны белгілі. Біз бұл саланың бәсекеге қабілетті әрі қарқынды дамығанын қалаймыз. Осы мақсатта кәсіпорынның барлық «кеселін» анықтап, жоспар жасап, семинарлар мен тренингтер өткізіп, шетелдің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін жоба дайындалды. Мұның барлығы өндірістің тиімді жұмыс істеуіне, қызметтің өзіндік құнын төмендеуіне, сапасы мен өзі-өзі ақтау қасиетін арттыруға алып келеді», – деді «Даму» қорының басқарушы директор-басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков. 
Шағын және орта бизнес диагностикасына компанияның дәл қазіргі жағдайы, өнеркәсіптік/технологиялық талдау, компанияның өндірістік қуаты, Жол картасы, іс-әрекет жоспары мен сарапшылардың ұсыным-пікірі кіреді. 
Сол сияқты жобаға іліккендерге сараптамалық консалтинг ұсынылады. Бұл – өндірістің заманауи үлгісін, бизнес жүргізудің озық әдістерін, маркетинг, жаңа құралмен жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыруды енгізетін жоғары білікті сарапшылар қызметі. 
Әрі жобаға қатысушыларға салалық тақырыпты қамтитын жеке тренинг пен семинар өткізу де қарастырылған. 
Ал компанияға диагностика жасау, сараптамалық консалтинг пен семинарлар ақысын төлеудің 90 пайызын «Даму» қоры міндетіне алып отыр. Қалған 10 пайызын жобаға қатысушы төлейді. Оған қоса сараптамалық консалтингтің ұсыным-пікірлерін өндіріске енгізген іскерлер тәжірибеден өту үшін шетелдік кәсіпорындарды таңдау да «Даму» қорының жауапкершілігінде. 
Қазірге жобаға қатысушыларға төмендегідей талаптар қойылып отыр. Үміткерлер Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан шыққан өңдеу саласының өкілдері болуы керек. Оған қоса меншік түрі – ҚР азаматына толық немесе жартылай тиесілі, кем дегенде соңғы үш жыл жұмыс істеп тұрған кәсіпорын болуы керек. Және кәсіпорын басшысы немесе орынбасары кемі соңғы 5 жылда кәсіпкерлік салада басшылық етуі тиіс. 
Айнаш Есали, 
«Егемен Қазақстан». 
АЛМАТЫ