Аймақтар • 20 Мамыр, 2017

Жамбыл облысында Елбасы тапсырмасы тиімді жүзеге асып жатыр

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, әуелі еліміздегі ең ірі жел электр стансасының жұмысын көрді. Қордай ауданында қолға алынған бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылып отыр.

Жамбыл облысында Елбасы тапсырмасы тиімді жүзеге асып жатыр

Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Германияда жасалған энергетикалық қондырғылардың жұмысымен де танысты. Мұндай жел турбиналарының биіктігі 60 метр болса, салмағы 180 тоннаға дейін жетеді. Өз сөзінде Мұхтар Абрарұлы баламалы энергетиканы қолданудың нәтижесінде облыста «жасыл экономиканы» дамыту бойынша аймақта алдыңғы орыннан көрінуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Сонымен қатар, аудандағы жергілікті фермерлермен де кездескен Партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұдан кейін Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Аталған кәсіпорын 70-тен астам сүт өнімдерін өндіретін өңірдегі іргелі шаруашылық. Зауыттың тағы бір ерекшелігі, бүгінде 40 шаруа қожалығын біріктіріп, тың бастамаларды қолға алып отыр. Осындай сәтті бастаманың нәтижесінде өндіріс орнында өнімділік қуаты, тұтынушылар базасы, жұмысшылар саны және жалақы көлемі артқан.

 «Елбасы тапсырмасымен жыл сайын ауыл шаруашылығын қолдауға миллиардтаған қаржы бөлінуде. Оларды тиімді пайдалану үшін ұсақ шаруашылықтар ірі кооперативке бірігуі керек. «Меркі ірімшік зауыты» осындай 40-тан астам шаруашылықтың басын қосады. Міне, бұл Елбасы тапсырмасы тиімді жүзеге асуының нақты көрінісі», деген Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының Жамбыл облысына қашанда айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

Соның нәтижесінде халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолының 500 шақырымға жуығы осы облыстан өткенін, өңірді газдандыру мақсатында «Амангелді» газ кен орнындағы өндіріс көлемінің артқанын және индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында облыста 500 миллиард теңгеден астам қаржыға 35 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бұдан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өңірдегі жұмыс сапары Тараз қаласында жалғасты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары шаһардағы  «Арай» тұрғын алабындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бас жоспарға сәйкес бұл кешенде 19 көппәтерлі үй салу көзделуде. Пәтерлер «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатылатын болады. Сондай-ақ, коммуналды тұрғын үй қорында пәтер кезегінде тұрғандарға да аталған кешеннен баспана алуға толықтай мүмкіндік бар. Айта кетейік, облыста алғаш рет құрылыс жұмыстарының көлемі 103 миллиард теңгеден асып,  салынған инвестиция көлемі 32 пайызға артып отыр. Аталған саланың мұншалықты серпін алуы «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасының басталуымен тікелей байланысты. Мұхтар Абрарұлы өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы партия өкілдерінің қатаң бақылауында болатынын айтты. «Сондықтан нұротандықтар бөлінген қаржының тиімді әрі толық жұмсалуын, үйлердің барлық технологиялық талаптарға сай салынуын және пәтерлердің тұрғындарға уақытылы берілуін ұдайы назарда ұстауы тиіс», деді.

Осыдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен партияның облыстық активімен кездесуі өтті. Кездесуде Мұхтар Абрарұлы Елбасы ұсынған экономикалық және саяси реформалардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіру жөнінде партия облыстық филиалына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда нұротандықтардың рөлі қандай болу керектігіне де тоқталды.

Сапар аясында Мұхтар Құл-Мұхаммед М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті. Шара барысында Мұхтар Абрарұлы Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, Елбасының аталған мақаласы әрбір жас қазақстандықтың басты құжаты болуы тиіс екенін және Мемлекет басшысының Тәуелсіз Қазақстанды жарқын болашаққа жеткізу жолында жастарға ерекше сенім артып отырғанын жеткізді.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы