Аймақтар • 20 Мамыр, 2017

Жамбыл облысынан «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен Астанаға жолға шықты

1234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Енді санаулы күндерден кейін Астана төрінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Еліміздің тарихында айрықша маңызға ие көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, ұлтымыздың бай тарихын, іргелі мәдениеті мен өнегелі өркениетін тамашалайтын болады.

Жамбыл облысынан «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен Астанаға жолға шықты

Дүйім дүниенің назарын аударып отырған көрмеге еліміздің әрбір аймағы да өзіндік ерекшелігіне сай мәдени-рухани тұрғыдан атсалысып отыр. Ал Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары кезінде керуен тоқтаған, сауда мен өнеркәсіп өркендеген өлкелердің бірі болғаны белгілі. Тарихи тамыры терең Тараз шаһары көне үрдісті қайта жаңғыртып, айтулы көрмеге керуен аттандырды.

Бүгін Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы Жамбыл Жабаев ескерткіші алаңынан «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен салтанатты түрде Астана қаласына жол тартты. Көрмеге барар керуенді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жамбылдықтар шығарып салды.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған керуен құрамында 20 түйе, 46 ат, 6 ат арба, 10 жүк автокөлігі, 3 автобус, ұйымдастырушылар, ішкі істер, жедел жәрдем, төтенше жағдай салаларының қызметкерлері қамтылған 6 қызметтік автокөлік бар. Сондай-ақ, жиыны 150 адам аталған керуенмен бірге жолға шықты.

Жоспар бойынша, керуен Астана қаласына жеткенше Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы жол бойында орналасқан 10 елді мекенге тоқтайды. Әрбір тоқтайтын жерде ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, киіз үйлер тігіліп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері сахналанады және ұлттық спорт ойындары мен концерттік бағдарламалар өткізілетін болады. Ал Тараз жерінен Астанаға жол тартқан керуен бірнеше күн жүріп отырып, айтулы көрме кезеңінде Елордаға жетеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар, 26-30 шілде аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері өтеді. Әуелі әулиеаталықтар ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» мәдени-көпшілік іс-шараларын өткізсе, кейінгі күндері «Қазанат» қалалық ипподромының аумағында салынатын «Этноауылда» іс-шаралар ұйымдастырады. Мұнда күні бойы шеберлер ауылы, шеберлердің туындыларын сатуға арналған «Шығыс базары» орын алса, театрландырылған қойылымдар, концерттер мен ұлттық спорт ойындары өтеді.

Ұлы Жібек жолы туралы деректер Қытай ғалымдарынан бастап әйгілі оқымыстылардың жазбаларынан әлемге белгілі. Ал көрме аясында шетелдік қонақтар ежелгі Тараз қаласының тарихымен танысып қана қоймай, арнайы ұйымдастырылған «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуенге де куә бола алады.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»                                                                                                           

Жамбыл облысы