Мәскеудің Плеханов атындағы бизнес-инкубаторы институтының директоры Руслан Мамедовтің айтуынша өңір жастары бизнеске өте жақын.
«Осындай форумдар өткізу өте қажет, әрі өте пайдалы. Форум мақсаты – жастарға өз идеяларын жүзеге асырып, оны дамытуға және қаржылай қолдау табуға көмек береді. Университеттегі Стартап Академияда студенттің білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Тіпті, кәсіпкерлік білімдері бар. Сондықтан, форум Павлодар мен Мәскеу арасындағы тәжірбие сияқты, үйренер көп», деді Руслан Мамедов.
Жастар форумы биыл «Жастар және бизнестің диалогы» форматында өтті. Форумға еліміздің өңірлерінен, сондай-ақ, Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғыз елдерінен барлығы 200-дей делегат келді. Осымен 7-ші рет өтіп отырған Халықаралық жастар форумының негізгі мақсаты – бірлік, мәдени-рухани және интеграциялық байланыстарды нығайту. Форумды облыс әкімдігі, Ассамблеяның жергілікті филиалы, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырды. Биылғы жылғы форумда жастар арасындағы дипломатиялық, этносаралық байланыс және тұрақтылық пен кәсіпкерлікті дамыту сияқты мәселер төңірегінде ой қозғалды. Өйткені, қазір жастарды бизнес саласы қатты қызықтырады.
Жиынға қатысушыларға студенттер ұйымдастырып, «Бизнес-стартап жобаларын» ұсынды. Жастардың бизнес-стартап жобалары ұсынылған көрмеде студенттер мен жас бизнесмендер, оқушылар инновациялық идеяларын таныстырды. Мектеп оқушысы Софья Клочкова «ақылды розетка» жасап шығарды. Құрылғы үйде тоқтан ажыратуға ұмытып кеткен құралдарды ұялы телефон арқылы қашықтан сөндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, көрме қонақтарын бар-жоғы 90 секунд ішінде Рубик кубигін жинайтын робот таңқалдырды. Бұл идея авторлары IT-HOUSE инновациялық білім беру орталығында оқитын 4 сынып оқушылары Әлім Бақытжанов пен Нұрдәулет Тойжан. Ал жас кәсіпкер Әлия Қонысбаева болса, Tafella деген жобасы арқылы тәтті талқан, жаңғақ қосылған жентінен дәм таттырды. Әлия ұлттық тәтті өнімдерін шетелдерге апаруды армандайды.
Стартап жобалар байқауында университеттің магистранты Әл-Фараби Ұзақ «KazAgroTrade стартап жобасы StartUP battle байқауында 1 миллион теңге жеңіп алды. Бұл жоба ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілердің жұмысын жеңілдетуге арналған.
Фарида Бықай,
«Егемен Қзқастан»