Бокс • 21 Мамыр, 2017

«Астана арландары» «Patriot Boxing Team»-ті ойсырата жеңді

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында «Астана арландары» мен ресейлік «Patriot Boxing Team» командалары қарымта кездесу өткізді.

«Астана арландары» «Patriot Boxing Team»-ті ойсырата жеңді

Аталған екі клубтың боксшылары осыдан бір апта бұрын Кемеревода кездесу өткізіп, «Астана арландары» жеңіске жеткен болатын. «Астана арландары» жігіттері осы жолы да ресейлік қарсыластарын қапы қалдырды.  Сөйтіп, бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалына жолдама алды.

Кездесуде 52 келі салмақта бокстасқан Олжас Сәттібаев Иван Абрамовтан басым түссе, 60 келі салмақта жұдырықтасқан Зәкір Сафуллин ресейлік қарсыласынан айласын асырды. 69 келі салмақта Асланбек Шымбергенов пен Шахабас Махмудов жұдырықтасып, Шахабас Асланбектің арынына шыдас бермеді. 81 келі салмақта Нұрлан Ақүрпеков қарсыласы Имам Хатаевті тізе бүктірді. Аса ауыр салмақтағы (+91 келі) алыптардың айқасында еліміздің атынан шыққан Дмитрий Зиско Артем Сусленковқа төтеп бере алмады.

Осылайша жалпы командалық есепте жеңіске жеткен «Астана арландары» жартылай финалдағы кездесуін енді «British Lionhearts» пен «France Figthing Roosters» командаларының жеңімпазымен өткізетін болады.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»