Руханият • 21 Мамыр, 2017

Қостанайда белгілі суретші Николай Торшиннің дербес көрмесі ашылды

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Суретшілер олдағының мүшесі Николай Торшиннің бұл көрмесі өзінің 80 жасқа толу мерей тойына арналды. Көрме «Бояу, жан және сезім одағы» деп аталады. Көрмеге суретшінің 1953 жылдан бері салған түрлі жанрдағы 150-ден аса шығармасы  қойылған.

Қостанайда белгілі суретші Николай Торшиннің дербес көрмесі ашылды

Суретшілік шығармашылығын өткен ғасырдың ортасынан бастаған Николай Васильевич 900 сурет және 800-ден аса кескіндеме  туындысын  салған екен.  Ол өз шығармаларының ішінде «Менің жерлестерім» атты шығармасын  ерекше атайды. Ол онда халқымыздың рухани тірегіне,  мақтанышына айналған Қостанай топырағының перзенттерін көрсетеді.

Көрменің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Үміт Әкімбаева суретшіні мерейтойымен құттықтаған облыс әк імі Архимед Мұхамбетовтың хатын оқып берді. Суретші Вадим Быков республика суретшілер одағы облыстық филиалының атынан құттықтау хат тапсырды. Мерекелік көрмеге келгендер жылы лебізін аяған жоқ.

«Біз бір бірімізді 60 жылдан артық білеміз.Көркемсурет студиясына келгенде маған ұстаздарым «ең талантты оқушының туындысы» деп, оның  шығармаларын көрсеткен еді. Еңбекқор, талантты суретші» деді белгілі суретші Гергий Соков.

«Қатар жүріп, мен Николайдың  графикалық суреттерін көрмеппін, Бүгін көріп таңқалдым» деді белгілі зергер Лелонид Игошин. Көрмеге келгендердің барлығы да  суретші туындыларының алуан жанрда салынғанына таңданыстарын жасыра алмады.

Суретші көрмесінің ашылу салтанатына келіп, өзіне жылы лебіз білдірген  достарына, әіріптестеріне, көрермендеріне  алғыс айтты.

«Кәрілік өз дегенін істейді. Көз нашарлап келеді, бірақ қол-аяғым әлі тың секілді. Демек, әлі де қылқаламды қолдан түсірмей, жақсы шығармалар жазамын деген үмітім бар» деді Николай Вачсильвич.

 Нәзира Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»,

ҚОСТАНАЙ

Суреттер ng.kz сайтынан алынды