Аймақтар • 21 Мамыр, 2017

Күршімде «Оралханның көктемі» атты халықаралық ән фестивалі өтті

607 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күршім ауданының орталығы Күршім ауылында танымал сазгер Оралхан Көшеровтің құрметіне «Оралханның көктемі» атты халықаралық фестиваль өтті.

Күршімде «Оралханның көктемі» атты халықаралық ән фестивалі өтті

"Бұқара.кз" сайтының хабарлауынша, бұл күні соңына елуге тарта ән қалдырған сазгердің туындыларын еліміздің әншілері ғана емес, Қырғызстан, Ресей мен Моңғолиядан арнайы келген өнерпаздар да әуелете шырқап, Оралханын сағынған жұрттың құрметіне бөленді.

«Оралхан Көшеров тек Шығыстың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы. Бұл фестивальдың басты мақсаты – Оралханның тәрбиеге толы сазды әндерімен жұртшылықты сусындатып, жас ұрпақты елді, жерді сүюге баулу. Сондықтан да бүгінгі шараның рухани-мәдени мәні өте зор», - деді өзінің құттықтау сөзінде Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев.

Күршім ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ән жәрмеңкесінде сазгердің қырыққа тарта әндері шырқалды. Халықаралық фестивалге Алатау асып келген қырғыз ағайындарымыз өнер бәйгесінің жоғары деңгейде өткенін, қазақ халқының қонақжай пейіліне тәнті болғандарын айтты. «Біз Оралхан Көшеровтың «Достарға», «Сағынбау сені мүмкін бе» деген әндерін орындадық.  Бұл фестивал ары қарай да жалғасын табады деген үміттеміз» , – деді қырғыз өнерпазы Расул Асанғазиев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген

Талғатжан Мұхамадиев