Аймақтар • 22 Мамыр, 2017

Ұлтқа еңбек сіңіру – ұлағатты іс

357 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметші деген кім? Әуелі осы сұраққа жауап беріп көрейікші. Қыры сынбаған костюм-шалбар киіп, көздің жауын алар галстук тағып, қолтығына папкасын қыстырып сәні мен салтанаты жарасқан ғимаратқа кіріп-шығып, қымбат қайыс орынтақта отырған адамдарды ғана мемлекеттік қызметші санауға бола ма?

Ұлтқа еңбек сіңіру – ұлағатты іс

Жоқ. Егер мемлекеттік қызметтің шеңберін әкімдікте не министрлікте, жал­пы атқарушы биліктің бұтақтарында қы­з­мет етіп жүрген адамдармен ғана шек­тесек, онымыз ағаттық болар еді. Ба­ланың санасын инемен құдық қаз­ған­дай аршып, білім сіңіріп, әліпті әріп деп танытатын мұғалім, әрбір азаматтың дертіне шипа, деніне саулық сыйлайтын дәрігер, от пен судың ортасында жүрген өрт сөндіруші, айтып келмейтін апаттың алдын алып, жазатайым жазым болғанда жаныңызда табылар құтқарушы, шека­ра­ның шебінде тұрған әскер, ішкі ты­ныш­тықты сақтайтын полиция, яғни қо­ғам дамуы үшін қалтқысыз қызмет ете­тін осындай мамандардың барлығын мем­лекеттік қызметші деп қабылдауға бо­лады. 
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Бү­гінде мемлекеттік қызметшілердің жа­ңа шоғыры, толқыны өсіп келеді. Ел үшін еңбек ететін жастарды тәрбиелеу, дұ­рыс бағытқа салу – аға ұрпақтың ен­шісіндегі дүние. Осындай ойдан туса керек, Қызылорда облысында ай­мақ басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет жас мемлекеттік қызметшілердің слеті өтті. «Дамыған 30 елдің қатарына қосылуда жастардың рөлі» тақырыбында форум болды. Оған об­лыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Мем­лекеттік қызмет істері және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аген­т­ті­гінің аппарат басшысы Саян Ах­ме­т­­жанов және облыстық мәслихат хатшы­сы Наурызбай Байқадамов қатысты. Жи­ынды Мемлекеттік қызмет істері жә­не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда об­лы­сы бойынша мемлекеттік қызмет іс­тері департаментінің басшысы, Әдеп жө­ніндегі кеңестің төрағасы Абзал Мұ­химов жүргізіп отырды. 
Республика бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған форумда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл жә­не Ақтөбе облысынан келген 29 жас­қа дейінгі делегаттар бас қосты. Ашы­лу салтанатында сөз алған аймақ бас­­шысы Қырымбек Көшербаев жи­ын­ның маңыздылығына тоқталып, мем­ле­кеттік органдар қызметіндегі жобалық бас­қарудың ерекшеліктері жөнінде атап айтты.
– Аймақтық жас мемлекеттік қыз­мет­шілер слетінің республикамыздың тұң­ғыш астанасы болған Ақмешітте өтіп жатқанына қуаныштымыз. Әрине, қай кезеңде де қоғамның қозғаушы күші – жас­тар. Сондықтан, Мемлекет басшы­сы кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуында жастарға ерекше үміт артады. «Арыстандай айбатты, Жол­ба­рыстай қайратты, Қырандай күш­ті қа­натты, Мен жастарға сенемін», деген Мағ­жан Жұмабаевтың керемет сөзі де осыған дәлел емес пе? Сіздерге мем­ле­кеттік қызмет саласында жаңашыл да заманауи, шыдамды болыңыздар дей­мін! Сол кезде ғана барлық мақсатқа қол жеткізе аласыздар. Қазіргі таңда елі­міздің бүкіл мемлекеттік аппараты нарықтық экономика жағдайында жұ­мыс жасайды. Нарықтық экономика – өте қатаң жүйе. Ол құр жүргендер мен материалдық игіліктер жасамайтын тұлғаларды шеттетеді. Нарықтық жағ­дай­да тұрақты даму үшін біз мемлекеттік ба­с­қару жүйесіне заманауи тәсілдер қол­дануымыз қажет. Осындай тиімді тә­сілдердің бірі ретінде мемлекеттік орган­дар қызметіне жобалық басқару тәжірибесін енгізу қажет. Жобалық басқарудың әлеуеті зор және бірқатар артықшылықтары бар. Бұл тәжірибені біздің ресейлік әріптестеріміз қолдануды бастап кетті. Соның арқасында, билік органдары қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттыруда, экономикалық басқарушылық тұрғыда дамуда оң нәтижеге қол жеткізіп жатыр, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Ресейде осыған дейін бұл тәжіри­бенің тиімділігі айтылған еді. Мәселен, Белград облысында жобалық басқару оң әсерін беріп отыр. Олардың тәжі­ри­бесімен танысу үшін облыс деле­гациясы арнайы барып қайтты. Негі­зі­нен, жобалық бас­қару бақылау, ын­та­ландыру және ти­ім­ділік сияқты үш бағыттан тұрады. Осын­дай озық тәжірибенің арқасында бұл аймақтың экономикалық әлеуеті соң­ғы 7 жылда едәуір жақсарған. Бүгінде Президент Әкімшілігінің келісімімен Қызылорда облысы әкімдігі қызметіне жобалық басқару тәжірибесін енгізу бойынша жұмыстар басталды.
Басқосуда Саян Ахметжанов барлық қатысушыларға Қайрат Қожамжаровтың аты­нан алғыс білдіріп, мемлекеттік қыз­меттің тиімділігіне тоқталды.
– Бүгінгі қасиетті Сыр еліне келген сапарымда мемлекеттік қызметтің ти­ім­ділігіне осы өңірде атқарылған жұ­мыс­тардан анық көз жеткізіп отырмын. Сон­дық­тан, осындай ілкімді істер басқа да ай­мақтарға үлгі болады деп есептеймін. Бүгінде мемлекетіміз дамыған 50 елдің қатарына еніп отыр, ал ең озық 30 елдің қатарына кіруде жастардың алар орны жоғары. Сондықтан осындай жиындар мемлекеттік қызметте атқарылатын жұ­мыс­тардың сапалы болуына өз әсерін ти­гізеді деп есептеймін, – деді Саян Қылышұлы.
Мемлекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппарат басшысының айтуынша, елімізде әрбір төртінші азамат жас бу­ын өкілі болып табылады. Сол себепті жас мемлекеттік қызметкерлердің бел­сен­­ді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруда бүгінгі басқосудың маңызы жо­ғары. 
Жиында бірқатар аймақтан келген делегация мүшелері өздерін толғандырған мә­селелерді ортаға салып, тәжірибе алмасты. Ал  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Абзал Мұхимов қатысушыларға мемлекеттік қызметтің жаңарып келе жатқанын жеткізіп, департаменттің аймақта атқарып жатқан жұмысына тоқталды.
«Мемлекеттік қызметтің әлемдегі өз­ге­рістерге сай жаңаруы қыз­меткерлерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең алғаш 1995 жылдың 26 желтоқсанда мемлекеттік қызметтің жүйелі ұйым­дас­тырылуы жайында Елбасының Жар­лығы шыққан болатын. Бұл заңнама мемлекеттің қызметкерлердің мәртебесі мен санатын бекітуде және еңбекақы тө­леудің бірыңғай саясатын жүргізуге мүм­кіндік берді. Аталған құжат Тәуелсіз Қа­зақстан тарихындағы мемлекеттік қызметтің негізін қалау жолындағы тарихи маңызы бар саяси құжат болатын. Сондай-ақ, маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді жүйелі ұйымдастыру 1998 жылы құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүктелді»,  деді Абзал Сансызбайұлы.
Абзал Мұхимовтың айтуынша, мем­ле­кеттік қызметкерлерге қойылатын та­­лаптың жоғарылауына байланысты жа­рияланған конкурстарға қатысуға ниет білдірушілер саны азайған. Бірақ еліміз осы межеден көрінген азаматтарға әлеуметтік, мәдени және экономикалық қабілетін шыңдауға барлық жағдай жасауды қолға алып отыр. Ал өз идеяларымен жаңа бастамаларға ұмтылуда жас­тардың құлшынысы өте жоғары. Бү­гінде мемлекеттік қызметке тұруға ын­талы жастардың басым көпшілігі заң­намаларды білуге арналған тестілеуден сү­рінуде. Облыс бойынша тестілеуге қа­тыс­қандардың 40 пайызға жуығы шек­ті мәннен төмен нәтижеге қол жет­кіз­ген. Аталған көрсеткішті жоғарылату мақ­сатында агенттіктің тапсырмасы­мен ар­найы сайт ашылып, онда тестілеу ке­зінде келетін барлық сұрақтар ен­гі­зілді. Өз білімін сынап көрушілерге қо­сым­ша онлайн тестілеу айдары жұмыс іс­­тей­ді. Мұнда тек облыс қана емес, рес­публикамыздың кез келген тұрғыны тест тапсыра алады. 
Сондай-ақ, аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті ауыл ша­руа­шылығы мен техника және қажетті бас­қа да тапшы мамандық иелерін қатарға қосу үшін 1 наурыздан бастап облыс көлемінде тұңғыш рет «Жастар кадрлық резерві» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бірнеше жылдың көлемінде жұмысын тоқтатқан жоба болатын. Осыған дейін 2007-2008 және 2011-2012 жылдары жүзеге асырылған еді. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе жасалған бұл жобаға облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Оған аймақтың ең шеткі ауылдарынан келген 200 үміт­кер қатысты. Ресми тестілеу кезінде қа­ты­сушылардың басым көпшілігі шекті мәннен жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Соңғы жылдары облыста басшылық лау­азымдағы жас мемлекеттік қыз­мет­кер­лер саны артып келеді. Қазіргі таңда аймақта 30 жасқа толмаған 25 мемлекеттік қызметкер бөлім басшылығынан бастап, басқарма басшылығына дейінгі аралықта қажырлы еңбек етуде. Жалпы, Сыр елін­дегі мемлекеттік қызметкерлердің 20 пайызға жуығын 30 жасқа толмаған азамат­тар құрап отыр. Осының өзі – жас­тар­дың сапалы жұмыс жасауына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жат­қанының айқын дәлелі. 
Жиын соңында 4 облыстан келген делегация мүшелері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысына өздерін толғандырып жүрген бірқатар сауалдарын қойды. Форум барысында мем­лекеттік қызмет саласындағы өзек­ті мәселелер де талқыланып, жас мем­ле­кеттік қызметшілердің үндеуі қа­был­дан­ды.
Айта кетейік, екі күнге созылған шара барысында әр аймақтан келген мем­лекеттік қызметшілер Қызылорда об­лысындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, Қорқыт ата мемориалдық ке­ше­нін тамашалады. Сондай-ақ, слет ая­сында 5 шақырымдық «Адал жол» мара­фоны ұйымдастырылды.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы