22 Мамыр, 2017

Қолдан жасалған қырғын

1940 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық ХХ ғасырдағы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған трагедия.

Қолдан жасалған қырғын

КСРО-дағы сол жылдардағы ашаршылықты айтқанда бүгінде Украинадағы аштық қырғыны қоса айтылады. Бірақ сол кезде 40 млн халқы бар Украинада аштан қырылғандар саны 3 млн-нан асса, 1929 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұрған 5 млн 965 мың адамның 1934 жылғы 1 қаңтарда аман қалғаны 3 млн 212 мың ғана. айырмашылық жер мен көктей.

1991 жылы 11 қарашада Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі ашар­шы­лық пен саяси репрессия себептерін анық­тауға арналған Мемлекеттік комиссия құр­ды. Оны сол кездегі халық депутаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­но­логия институтының директоры, аса көр­­некті ғалым және қоғам қайраткері, ака­демик Манаш Қабашұлы Қозыбаев бас­қарған еді. Комиссия құрамында тарихшы­лар­дан осы жолдардың авторы Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Мақаш Тәті­мов және басқалары жұмыс істеді. Бір жыл бойы бұрын аса құпия сақталған НКВД архивіндегі құжаттардан бастап, із­деніс жұмыстары Мәскеу, Бішкек, Ташкент қалаларының архивтерінде жал­ғас­т­ырылды. Комиссия қорытындысы Жо­ғарғы Кеңес Төралқасында тыңдалып, бекі­тілген соң, 1992 жылы 21 және 22 жел­тоқсанда «Егеменді Қазақстан», «Казахстанская правда» және басқа да мер­зімді баспасөзде жария­ланды. Сол қорытындыда жарияланған деректер бойынша, 1931-1933 жж. Қазақстанда 2 млн 200 мыңдай адам ашаршылық құрбаны болған. Оның 1 млн 750 мыңы қазақ. Бұл ашаршылық трагедиясын зерттеген, 1939-1940 жж. осы мәселені арнайы тексерген республика ІІХК (НКВД) қыз­мет­керлерінің өздері осы деректердің то­лық емес екенін ескертеді. Себебі, 1929-1932 жж. Қазақстанда халықтың жаппай қарсылығы, көтерілістері болғанын, сон­дық­тан көптеген аудандар мен елді мекен­дерде құжаттар жойылып кеткенін ес­кертеді. Оның үстіне бұл жылдар Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарында жаппай босқыншылықтың орын алғанына назар аударады.
Шындығында, 1929-1933 жылдар Қазақ­станда бұрын-соңды болмаған бос­қын­шылық кезеңі еді. 250 мың қазақ Қыр­ғызстанға барып паналады, ресми тір­кел­гені 125 мың, қалғаны жол бойы, не сол жақ­та опат болғандар. Сол сияқты 200 мың қазақ Өзбекстанды, Арал, Ақтөбе өңірінен мыңдаған қазақ Қарақалпақстанды барып паналады, әрі кеткендері Тәжікстанға, Иран мен Ауғанстанға асты. Қытай жеріне шекара бойындағы аудандардан мыңдаған отбасы мал-мүлкімен қоныс аударды.
Мен өзім соңғы 6-7 жыл бойы ұда­йы Мәскеу архивтерінде осы мәсе­ле­мен ай­налысқанда анықтағаным: бос­қын­шы­лыққа ұшыраған қазақтар сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпіріне кетуге мәжбүр бол­ған. Сталиндік бесжылдықтар кезінде са­лынған алып құрылыстарға, қалаларға жұ­мыс күші қажет болды. Міне, сол меке­мелерге жалдануға мәжбүр болған қазақтар Камчатканың балық тресінен бастап, Архангельск (Солтүстік өлке) орман трестеріне, тіптен Украинаның Запорожье облысындағы, Днепропетровск және басқа облыстарындағы кәсіпорындар құрылысында жұмыс істеген. Бұл туралы халықтың ұлттық құрамы көрсетілген Мәскеудегі 1933 жылы құжаттарда қазақ­тар­дың арнайы айтылуынан байқауға болады.
Сол жылдары жүздеген мың қазақ отбасымен Батыс Сібір өлкесіне, Түмен облысына, Свердлов облысы­на, Мордовияға, Ямал-Ненец ұлттық окру­гі­не босқын болып кетуге мәжбүр болған. Қазақ­стан­ға іргелес Астрахань, Саратов, Са­ма­ра облыс-
тарына, Сталинград өлкесіне мың­даған қазақ босқын болып барды. Тек 1933 жылы бірінші тоқсанда Сталинград өлкесінде 12 мың қазақтың өлімге душар болғаны рес­ми статистикада тіркелген. Ал олар­дың тіркелмегендері қанша?! Челя­бі, Но­восібір, Том және басқа қала­лар­дың вокзалдары мен көшелерінде аштан өлген қазақтардың көп екендігі туралы сол жерлердің басшы­лары Қазақстанға да, Орталық үкімет – Мәскеу де дер кезінде хабарлап отыр­ған. Тіптен, Сібір өлкелік партия (БК(б)П) комитетінің хатшысы Роберт Эйхе И.Сталиннің атына жазған хатында Қазақ рес­­публикасының басшылығы не істеп отыр, не себептен халқын қаңғытып жібе­р­ген деп те шағымданған.
Филип Голощекинді қызметтен босату ұзаққа созылды. Тек 1932 жылы 26 мамырда Қазақ АКСР үкіметінің төрағасы Ораз Исаев өзі тікелей И.Сталинге хат жазып, бірін­ші басшыны өзгерту туралы оның ұсы­нысы тек бір жылға жуық уақыттан соң ғана орындалады. Оның хатынан кейін Қазақ­станның үш облысына БОАК комиссия­сы жіберіліп, мал басының күрт кеміген себептеріне назар аударылды. Бірақ ол комиссия мүшелерінің жазған есеп қорытындыларында адам өлімі ашық айтылмады. 1932 жылы 17 қыркүйекте КСРО үкіметі мен БК(б)П Орталық Комитеті «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы туралы» де­ген қаулы қабылдайды. Большевиктер пар­тиясы Саяси бюросының И.Сталин қатынасқан мәжілісінде қабылданған бұл қаулының көлемі небәрі біржарым ғана бет. Онда мал басының кемуі, колхоздарды құруда асығыстық жасалған деген сөздер ғана бар да, адам өлімі туралы бір ауыз сөз жоқ. Ескертпесінде «қаулыны қабылдауға негіз болған барлық материалдар арнайы жабық сақтауға берілсін» деген сөздер бар.
Бүкілодақтық Орталық Атқару Коми­те­тінің (БОАК) Мәскеу архивіндегі қоры­нда сақтаулы КСРО-ның көшпелі және жар­тылай көшпелі аудандарындағы оты­р­ықшыландыру комиссиясының құ­жаттарында сол кездегі осындай кате­го­рияға жататын Қырғызстанда, Бурят-Моңғолия, Тува, Якутия, Қалмақ рес­публикасында, тіптен солтүстіктің бұғы өсірумен айналысатын халықтарының бірде- бірінде Қазақстандағы сияқты ешқандай адам өлімі тіркелмеген. Халықты қырғынға ұшыратып, қаңғытып жіберген тек Қазақ республикасы ғана екен. Сол құжаттарда Қазақстанда ашаршылықтан қырылған халықтың 2 млн-нан асатыны нақты цифр­лармен айтылған. Бұл 1991-1992  жж. жұмыс жасаған комиссия тұжырымының дұрыс екендігін дәлелдейді. 
1932 жылғы 17 қыркүйекте белгіленген шаралар, Қазақстанға көмек берілу жұмыс­та­ры дер кезінде орындалған жоқ. Халық бұрынғыша қырылып жатты. Нәубет әбден шегіне жеткенде ғана БК(б)П Саяси бюросы Ф.Голощекинді қызметінен босату мәселесін жол жөнекей Бюро мүшелері мен ОК хатшыларының келісімін ауызша алған соң ғана,1933 жылы 31 нау­рыз­да қызметтен алды. Л.Мирзоянды Қа­зақ­стан­ға жіберу де осындай келісіммен іске ас­ты. Тек 1933 жылғы наурыздан кейін ғана Қазақстанға арнайы астық бөлініп, көмек көрсетіле бастады.
Орталық өкіметтің нұсқауымен КСРО-ның түкпір-түкпіріне босқын болып кеткен қазақтарды еліне қайтаруға нұсқау бе­рілді. Онда оларға қайтар жолға сол кә­сіп­орындар азық-түлік бөлуі де айтылды. Бірақ көп жағдайда бұл нұсқау орындалма­ды. Жұмыстан қазақтарды босатып қоя берген соң елге жете алмаған байғұстар Қиыр Шығыстан бастап Мәскеуге дейінгі қалалардың темір жол вокзалдары мен станцияларында өліп жатты.
Кезінде көшпелі және жартылай көшпелі деген желеумен қазақты оты­рық­­шылыққа көшіру үшін құрылған Оты­­рықшыландыру комитеті деген құ­ры­лымның қызметі мазаққа айналды. Оты­рықшыландыруды қыстаулар мен әкім­шілік ауылдарда отырған қазақтарды еу­ро­палық үлгідегі поселкелерге жинаймыз деп ойлаған отырықшыландырушылар мәселені басқаша түсінді. 1929 жылы 1 қаңтарда Қазақстандағы орта есеппен шығарылған мал басы 47,5 млн болса, 1934 жылы 1 қаңтарда соның 4,5 млн-ы ғана қалды. 1934 жылдан бас­тап босқыншылыққа ұшырағандарды елі­не қайтарудың өзі үлкен трагедиялық нау­қанға айналды. Босқындарға «ауа көш­кен­дер» (откочевники) деген ресми атау бе­ріліп, енді Отырықшыландыру комитеті сол босқындарды еліне қайта орналастыру­мен айналысты.
Қазақстандағы 1930 жылы 5 млн 452 мың халық сол жылы 317 400 адамға кеміді, 1931 жылы – 758 900 адамға, 1932 жылы – 769 200 адамға, 1933 жылы 690 020 адамға кеміді. Бұл ресми деректі жа­са­­­ған сол кездегі өз қызмет құзыры бой­ын­­ша нақты жағдайды жасырмай баяндай­тын ОГПУ – НКВД органдары. Ал 1934 жылдан бастап Қазақстанға көмек көр­сетілгенімен, халықтың аштан өлу фак­ті­лері 1936 жылға дейін жалғасқанын, оның еліне қайтқан босқындар арасында көп болғаны құжаттарда нақты айтылады.
Қазақстандағы ашаршылық трагедиясы ХХ ғасырдың 1921-1922 жылдары да болған. Бірақ оның бір айырмашылығы – КСРО 1921 жылы мамырдың со­ңында елдің көп жерінде егін шықпай қал­ғанын зерттеп, халықаралық деңгейде ашық дабыл қақты, шет елден көмек сұ­рады. Осының нәтижесінде, ол нәубеттен қиындықсыз шығуға мүмкіншілік алды. 
1931-1933 жылдардағы ашаршылық – сол кездегі жүйенің қолдан жасаған қырғыны. Тіптен Қазақстанда халықтың қырылып жатқаны жасырын болды. Қазақ республикасы ол кезде негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Соған қарамастан, КСРО Сауда және дайындау халық комиссары Анастас Микоян Қазақстанды жыл сайын 42-50 млн пұт астық тапсыруға міндеттеп, жоспарды орындап отырды. Тіптен 1932 жылы аштық шегіне жеткенде Қазақстанды 42 млн пұт астық өткізуге мәжбүр етті. Қазақ­­станның мал өткізетін аймақ екені А.Микоянға сарқылмас қор сияқты болды. 1930 жылы қаңтарда ол Алматыға келіп, мем­лекетке ет тапсырудың жоспарын 8-10 есе артығымен орындатты. 1931 жылы бұл тағы қайталанды. Салдарынан 1929 жы­лы күзден бастап 1932 жылдың соңына дей­ін Қазақстанда 400-ге жуық ірілі-уақты кө­терілістер мен бүліктер орын алды. Қан­шама адамның өмірі осы көтерілістерді ба­су кезінде қиылды, мыңдаған адам жау­апқа тартылып, сотталып кетті.
Кеңестік жүйенің қазақ халқына қолдан жа­саған қырғынының салдары осындай.

Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, 
Ш.Уәлиханов атындағы 
Тарих және этнология институтының
бас ғылыми қызметкері