1. Тектілік
Оңтүстіктің орталығы Шымкент қаласының қақ төрінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай салынды. Іске кірісіп кеп кеттік. Жазықсыз жапа шеккендердің құжаттарын жинаумен қатар, олардың ұрпақтарымен қарым-қатынасты арттырдық. Мұражайдың аты облыстық болғанымен, біз әлдеқайда кең ауқымды қамтыдық. Өйткені, өзге облыстарда дәл мұндай мұражай жоқ. Өзге облыстардың да мұрағаттарын ақтарып, қуғын-сүргінге ұшырағандар жөнінде материалдар жинақтап, олардың ұрпақтарына іздеу салдық.
Жыл сайын 31мамыр күні жиын өткіземіз. Ұрпақтары жиналып, әке-шешелері туралы естеліктерін ортаға салады, такырыптық театрландырылған көріністі тамашалайды. Соңынан құрбандарға арналып ас беріліп, құран бағышталады.
Алғашқы жылы небәрі елу адам қатысқан болса, бүгіндері мыңдаған адам қатысатын дәстүрлі іс-шараға айналып кетті. Митингіге Алматы, Астана, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресеймен қатар, еліміздің батысы мен шығысынан, түстігі мен арқасынан келген ұрпақтары қатысады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Мамырдың 31-ші жұлдызы жақындағаннан қоңырау соғушылар көбейеді. Өйткені, көптеген жерлерде гүл шоқтарын қойып тағзым ететін ескерткіш, не мұражай жоқ. Мұндайда астаналықтар: «Бізден отыз шақырым жерде «Алжир» мұражайы ашылды. Бірақ бұл –ұлт зиялыларының әйелдерінің отырған лагері, біз сіздердің мұражайға барғымыз келеді» – деген өтініштерін білдіріп жатады.
Бізге келушілер де, келем деушілер де көп. Ондайда демеушілер іздеп зыр жүгіреміз. Ешқашан тарынып көргеніміз жоқ. Себебі, «халық жауы» атанып, зұлмат жылдары зардап шеккендердің тікелей ұрпақтарының өзі бүгінде сексен мен тоқсан жастың аржағында. Олар мемлекет тарапынан қолдау мен жеңілдіктер талап етіп көрген емес. Тек қана әкелерінің ақталғандарына риза. Репрессияның жетпіс жылдығына орай театрда өткен ғылыми конференцияда бір азамат Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят ағаға «Зардап шеккендер ретінде кірмелер (репатрианттар) мен шет жақтан қоныс аудандарға үкімет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп жатады, ал бізге неге жоқ?» − деп сауал тастайды. Сонда Саят ағамыз: «Біздің әкелеріміздің төгілген қаны ешқандай материалдық көмекпен жуылмайды. Ол кісілердің есімі онсыз да бүкіл қазақтың жүрегінен орын алған. Сол жетеді!» – деп тағдырластарын бір серпілтіп тастап еді.
Шындығында да бұл ұрпақтардың тағдыры – ауыр тағдыр. Құрбандар көрген қиянат – артында қалған ұл-қыздарына «өмірлік азық» болды. Тағдырлары – қыл үстінде, әне үзілем-міне үзілем деген қоңыр күздің күлгін жапырақтарындай болғаны рас.
Талайымен аралас-құралас жүргенімде білгенім, бірде-бірінің дүние-мүлікті сөз еткенін, жоқшылыққа шағынғанын естігенім де көргенім де жоқ!
Бізде осы қасиет бар ма? Жаса, ендеше, қаны жерге тамған –Тектілік!
2. Көз жасы
Мұражай ашылғалы он үш жыл өтсе де үзбей келетін ұрпақтардың бірі – алматылық Кәбира Құлымбетова (Қарабалина) апамыз. Жасы тоқсаннан асты. Кезінде КазЦИК-тің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовтің қызы. Келген сайынғы әдеті – әкесінің барлық құжатын алдырып алақанымен сипайды, бауырына басады. Сосын жылайды. Өткен-кеткен өмірін, қатыгездікпен өткен балалық шағын еске алады. Содан соң маған қарап: «Қарағым, осы күнге жеткізген Аллама, одан кейін ел баласы, Елбасы Нұрсұлтанға айтар алғысым шексіз. Мынадай мұражай салып берді. Жоғалтқанымызды бір жерден табамыз. Қолжазбалар, көне суреттер көзіме оттай басылады. Рахмет, қалқам. Сөздің шыны керек, әкемізді күнде ойлаймыз десек асылық болар, мен өзім қазір әкемнің жасынан асып кеттім. Ал сен болсаң күнде осы кісілердің рухымен тілдесесің. Суреттері, құжаттары қойылған шыны жәшіктерді күнде сүртесің. Әкем ештеңе демей ме?» – деп, сөз аяғын қалжыңға бұрады. Бұрады да тағы жылайды.
«Әкем 1937 жылы «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілгенде, мен іште қалған бала екенмін, – дейді алматылық Клара Асылбекқызы Сейітова. – Мен әкемнің жүзін көрмей өскен ұрпақпын. Бірақ оған деген махаббатым өлшеусіз. Әкем Асылбек Сейітов – Алматыдағы тұңғыш емхананы ашқан, земский врач болған екен».
− 1931 жылы Әлихан Бөкейхановпен танысып, «Алаш» партиясына мүшелікке кірген. Аллаға шүкір, бүгінде есімі өзі ашқан Алматыдағы № 5 емханаға, Алматы мен Астана қалаларынан көше аттары берілді. Өзі жайлы архив материалдарынан жинақтап, сүбелі кітап бастырып шығардық. Өткен жылы әкемнің 120 жылдығы есте қаларлықтай өткізілді. Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы театрда мұражай қызметкерлерінің күшімен дайындалған әкем туралы көріністі актерлердің орындауында көріп, көз жасыма ие бола алмадым. Бейне әкем тіріліп келгендей күй кештім. Халық барда солар үшін басын құрбандыққа шалғандардың аты өшпейтіндігіне көзім жетті, − дейді, бүгінде сексен жасқа әне-міне жеткелі тұрған Клара апамыз.
Айтпақшы, бірде Алматыда жүргенімде туған күніммен құттықтап апамыз телефон соқты. Менің сонда екенімді есіткен соң қоярда-қоймай шай ішіп кетуге шақырды. Айтайын дегенім, сол үйде көне альбомды ақтарып отырып, көзіме таныс бейне оттай басылды. Клара апай: – Бұл менің түп нағашым – Мұса Шорманов қой, – деді. Сымдай тартылған Мұсаның екі жағында бәйбіше-тоқалы тұр. Шорманов анасы жағынан Шоқан Уәлихановтың нағашы ағасы екен. Шығыс халықтарымен қатар орыс тілін жақсы меңгерген қазақ ақсүйегі, орыс әскерінің полковнигі екендігінен хабарымыз болатын. Сол Мұсаның ұлы Сәдуақастың Нафия есімді жалғыз қызы болған екен, 16 жасында Асылбек Сейітовке ұзатылған. Мұсаның немересі Нафия – Клараның анасы. Асылбек Сейітов атылғаннан кейін араға жыл салып Нафия қайтыс болады. Сонымен, Клара Ормановтар әулетінде тәрбиеленіп, ел қатарына қосылады.
Саяси қуғынға ұшыраған, атылған, асылғандардың тағдырының тереңіне көз салсақ, әрбірінен осындай тектіліктің ізін көрген болар едіңіз. Сондай тектілердің бірі – Сұлтанбек Қожанов, Міржақып Дулатов, Иса Тоқтыбаевпен қоян-қолтық араласып, ұлт болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ізімен ағартушылық жолында мол мұра қалдырған – Тәңірберген Отарбаев еді.
1970 жылдары ұлт батыры Бауыржан Момышұлының республикалық бір газетке көлемді мақаласы жарияланады. Шымкент қаласындағы №7 мектепте білім алғанын, онда дәріс берген Тәңірберген Отарбаевтың педагогикалық көзқарасы мен сабақ беру тәсілдерін тебірене еске алып, ұстазының суретін жариялапты. Газеттен әкесі туралы жылы лебізді естігенде екі көзіне ерік берген Ұлжан апай қайткенде батырға жолығу керектігін ойлайды. Бірақ жастайынан бойына сіңіп кеткен жалтақтық, жасықтық, үрей Баукеңе баруға көп кедергі жасайды. Араға жылдар салып барып Баукеңнің есігін қағады.
Бастан-аяқ қырағы көзімен бір шолып өткен Баукең: «Өтірік айтып тұрсың, бүгінде жақсылардың атын жамылғандар көбейіп кетті. Мына қортық бойыңда Тәңірбергеннің оннан бір нұсқасы жоқ. Тәкең еңселі, кеудесі шалқақ, жігіттің төресі еді. Оның ұстаздық, ақындық, ағартушылық қасиеттерін былай қойғанда, ол өнер адамы болатын», деп Ұлжан апайға тесіле қарайды.
Ұлжан апайдың айтуы: Шынында да аласамын, бет-әлпетім де келісіп тұрмаған болуы керек. Бір жасымнан жетімдік тақсыретін тартып, мектеп жасына дейін әр босағада бір жүріп, мектеп жасына жеткенімде Шымкенттегі Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп-интернаттың бірінші класына ағайындардың әупірімдеп өткізгендігін (сол он жыл оқыған мектепті менің әкемнің ашып кеткендігін білмеппін), бірде тоқ, бірде аш жетім қыз боп әйтеуір қатарға қосылғандығым, енді әкемнің көзін көрген, айтуы бойынша, одан дәріс алған адамның маған өз әкемді қимай тұрғандығын көргенде, көз жасым бұршақша төгілді. Үндемей жылаудың соңы өксікке айналды. Батыр жұбатудың орнына:
– Прекратить! Терпеть не могу женские слезы! – деп айқай салды.
– Көз жасымды сүртіп қайтуға оқталдым. Баукеңнің: Стоять! – деген сөзіне бұрылып қарадым: – «Не айтқың келді? Айтқың!» – деді.
– Бойымның қортықтығына күйеу балаңыз ренжіген жоқ еді! – дедім.
Солай айтуым мұң екен, Баукең қарқылдап күліп алды да: – Рас, сен Тәнірбергеннің қызы екенсің, оған нәзік юморың куә. Бірақ өжеттігің тартпапты, – деді.
– Ылғи жетімдік көріп, қуғын-сүргінде жүрген ұрпақта ол қайдан болсын?! – дедім.
– Батыр мені бауырына басты.
Мен тағы да жыладым...
3. Қазақ болып өлсем деймін...
Бірде қызмет орныма немересін жетелеген ақсақал келді.
– Балам, мені осында бір тылсым күш жетеледі. Петропавлдан келіп отырмын. Жасым сексенге жақындап қалды. Есімім Пархат, фамилиям Вахитов. Осы Оңтүстік Қазақстанда туғанмын. Әкем Байзақов Мәуленқұл «халық жауы» деп атылып кеткенде небәрі екі жаста екенмін. Көп ұзамай Қазан қаласынан бір-ақ шығыппыз. Оның себебі, менің анам Махинур Вахидова татар ұлтының қызы еді. Сонымен, менің құжатыма Вахидов Фархат, ұлты – татар деп жазылып кеткен.
Ес білген шағымда Қазақстанның Қызылжар өңіріне келдім. Әкем 1930 жылдары Павлодар жағында прокурор қызметін атқарған екен. Қазір, құдайға шүкір, үйлі-баранды болдым. Әкеміз ақталды. Қанша жылдардан бері бір көруге арман болған туған өлкеме аяқ басып тұрмын. Тіптен, өзімнің туған, әкемді ұстап әкеткен үйді де көрдім. Өз орнында тұр екен. Шымкенттегі Гоголь көшесі, 41-үй. Көзіме оттай басылды.
Ендігі айтпағым, сіздерде әкем туралы құжаттар бар көрінеді. Соны дәлел етіп, өз фамилиямды алып, қазақ екендігімді айғақтайын. Соған көмектес. Өйткені, мен қазақтың баласы – қазақ болып өлсем деймін...
Мұражайдың қор сақтау бөліміндегі құжаттар сөйлей жөнелді:
«Байзақов Мәуленқұл Исламқұлович – 1900 жылы туған. Ұлты – қазақ.
Әйелі – Вахитова Маһигур – 1911 жылы туған. Ұлты – татар.
Қызы – Байзақова Лайля – 1933 жылы туған. Ұлты – қазақ.
Ұлы – Байзақов Пархат – 1936 жылы туған. Ұлты – қазақ.
Байзақов Мәуленқұл 1938 жылы 20 қаңтарда ОҚУНКВД тапсырысымен ұсталған. Кеңес Одағына қарсы насихат жүргізгені үшін 58-статьяның 2,8,9 және 11 тармақтары бойынша ҮШТІКТІҢ қаулысымен 1938 жылдың 8 ақпан күні атылған. 1989 жылы ақталған.
Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси репрессияның құрбандарын реабилитациялауға байланысты Байзақов Мәуленқұл саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады... »
Ақсақал қуанып қалды. Әкесі тіріліп келгендей бір отырып, бір тұрып, қайта-қайта рахметін жаудырып жатты.
Құжат беретін мекемеге қажетті құжаттарды әзірлеп бердік.
Бұл – зобалаң жылдары атылып, кейіннен ақталған барлық құрбандарға берілетін тілдей анықтама. Аз болса да көп мағынаны білдіріп тұр. Артында қалған ұрпаққа жол сілтеп тұрған – мұхиттағы маяк-сынды, әрі алыс, әрі жақын жол сілтеу.
Араға алты ай салып Пархат аға келді. Қунақ. Жүзінен қуаныш лебі еседі.
– Сіздерге алғыс айтқалы келдім. «Ұлты қазақ» деген төлқұжатты да алдым. Ендігі арманым әкем тұрған үйге ескерткіш тақта орнатсам деймін.
Бұл мүмкін бе? – деп сұрады. Іштей толқулы. Рұқсат беріле ме, немесе оны қайтесіз? – деп айтып қала ма деген үрей де бар сияқты. – Қазір тұрып жатқан үй иесінің келісімін де алдым. Үйдің тақта ілетін қасбетін жөндеп беруге келісіп те қойдым.
– Өте жақсы, аға. Қолымыздан келген көмегімізді аяп қалмаймыз.
Жақында, 31 мамыр күні бейбіт митингі өткіземіз. Сол митингіден кейін өзіңіздің тағдырлас әріптестеріңіздің, өзге де ұрпақтардың, жалпы халықтың қатысуымен ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашатын боламыз дегенімде, Пархат Мәуленқұлұлының қуанышында шек болмады.
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты