Осыдан-ақ суреттен түсірілген суреттің ар жағында бір адамның ғана басынан өткен азаптың айтылмаған даты тұрғанын түсіну қиын емес еді. Соры бес елі саяси-қуғын сүргін құбандарының ішінде қаншама қасірет кетті екен. Ең ғажабы атылып кетті деген суреттегі адам 1985 жылы өз ажалынан қайтыс болған. Ал жылдар бойы түрменің мұрағатында жатқан құжаттар байырғы фототілшінің объективіне ілінуінің өзі де сирек құбылыс. Бертінде қайтыс болған нағашысының суретін КГБ архивінен тапқан Болат ағамыз да көпке дейін таңғалумен жүреді. Сонымен...
– 1992 жылдары Қызылорда облыстық әкімдігінің тапсырмасымен «Боздақтар» атты кітап шығаратын болып, соғыста хабарсыз кеткендер, ашаршылықта өлген, «халық жауы» атанғандардың құжаттары мен фотосуреттерін қарау үшін кітаптың жауапты редакторы Хамит Ембергенов ағамызбен сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен дауласып жүріп, архивке кіргеніміз бар. Рұқсат алғаннан кейін Хамит аға екеуміз екі бөлек құжаттар ақтарып отырып, мына қызыққа кездестім. «Мемлекеттік аса қауіпті қылмыскер», «Жапон тыңшысы» Орақбаев Зарлық №58 статьямен атуға бұйырылды» деген құжатты тауып, шалқамнан түсе жаздадым. Зарлық ағамыз маған нағашы болып келеді. Әрі бір ауылданбыз. Және бала кезден ол кісіні көріп, өстік. Кейін 1985 жылы өз ажалынан қайтыс болғанын да білеміз. Тек ара-тұра 1937 жылы екі-үш ай түрмеде отырғанын шешем Рәмзеден естіп қалушы едім.
Сонда деймін-ау, ұшқан құс, жүгірген аң шыға алмаған абақтыдан, талай жазықсыз арыстарымыз қаша алмай, бірден атылып кеткен жерден бұл кісі қалай сытылып кеткен? Төбе шашыңды тік тұрғызған «атақты №58 баппен» атуға бұйырылған адам қалай түрмеден құтылды деп қайран қалып, отырып қалдым.
Сұрастыра келгенде білгенім, Зарлық ағамыздың кіші баласы Әуештің (Әуелбек) айтуынша, ол кезде атуға бұйырылғандарды атар алдында екі сағат түрменің ауласына шығарып алып барып, содан кейін ажал құштырады екен.
Әуелбектің әкесінің айтқанын еске түсіріп отырғанда естігенім, соттың үкімі шығып, оларды далаға шығарғанда, түрме бастығы керемет жараулы атпен кіріп келіпті. Сол сәтте Зарлық ағамыз барыстай атылып келіп, оны атынан аударып жіберіп, атқа ырғып мініп алып, түрме қақпасын жанталаса жаба берген қарауылдарды (надзиратель) аттың омырауымен қағып жіберіп, қақпадан ағып өте шыққан көрінеді. Бірден түрме маңындағы Сырдария өзенінен жүзіп өтіп кетеді. Артынан бірде-бір мылтықтың дауысы шықпаған. Зарлық ағамыздың пайымдауынша, арғымағын қимаған түрме бастығы «оқтарың атқа тиіп кетеді» деп қарулы қарауылдарға атқызбаған болу керек.
– Зарлық бабамыз неден жазықты болған? Содан әрі қайда барып паналаған?
– Зарлық ағамыздың қарындасы Қымбат Жүсіпованың сөзіне қарағанда, 1937 жылдың басында ауылда «Құлболды» Ишанның ұрпағы мақсұм Акмалды тұтқындауға келгенде інісі Икрам «мен Акмалмын» деп ағасының орнына кетіп, атылып кеткенде Зарлық нағашымыздың әкесі Орақбайды да байдың баласы деп, атышулы №58 статьямен атып жіберіпті. Сол 1937 жылдың күзінде ауыл болып еккен бидайын жабыла орып жатады. Орақшылар түскі тамақтарын ішіп бола бергенде төбелерінен бір қос қанатты ұшақ ұшып өтіпті.
Сонда көп орақшының бірі Зарлық ағамыз: «Ой мынау ұшақтың қанатының астында «Долой СССР» деп жазулы тұр ғой» деп қалады. Осы сөзді ол кісі қай жетіскеннен айтты дейсің?! Ішіндегі жазықсыз кеткен әкесінің шері бар ғой. Ертеңінде-ақ Зарлық ағамыз тұтқындалған...
– Ол кісіні бала кезден көріп өссеңіз, бертінде қайтыс болса, қалай аман қалды екен?
– Зарлық ағамыз содан 1957 жылға дейін 20 жыл бойы Қызылқұмның Қарақалпақстандағы шекарасында, елсіз жерде жалғыз өзі бой тасалап жүрген. Қыстың аязды күндерінде күндіз қалың сексеуілді үйіп жағып, кешке отты былай ысырып тастап, орнындағы ыстық жерге шапан жамылып жатқан. Жеркепе қазып алған.
– Егер бұл сүргін жиырма жылға созылған болса, тағдыры шынында да сұмдық екен?! Аты да Зарлық...
– Зарлық Орақбаев Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында 1902 жылы туған. Тұтқындалғанда 35 жаста екен. Кейін елде 83 жасында қайтыс болды деп отырмын ғой. Әйелі Мауыты 1911 туып, 2001 жылы тура 90 жасап, өмірден өтті. Зарлық ағамыздың өзі Орақбайдың қайтыс болып кеткен 12 баласынан кейін көрген жалғыз ұлы. Он үшінші болып туған баласы. Сондықтан атын Зарлық деп қойған екен.
Айтқандай бұл кісінің үш баласы болды. Тұңғышы Әсия 1932 жылы туған. Ұлдары Айтбай 1945 жылы, кенжесі Әуелбек (Әуеш) 1949 жылы туған. Сонда деймін-ау, Зарлық ағамыз ұрланып үйіне келіп жүретін болу керек.
Міне, бір ғана суреттегі бір ғана тағдырдың сыры осы!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті суреттен түсірген
Болат ОМАРӘЛИЕВ
АЛМАТЫ