Аймақтар • 23 Мамыр, 2017

Аңызды өлкеге – маңызды сапар

227 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жуырда Қарағанды облысының әкі­мі Ерлан Қошанов 190 жылдан астам тарихы бар қасиетті де қастерлі Қарқаралы ауданына жұ­мыс сапарымен барып, ауданның же­тіс­тіктері мен қазіргі таңдағы өзек­ті проблемаларын өз көзімен кө­ріп қайтты. Аймақ басшысы екі күн­дік сапарының бірінші күнінде тас­қыннан тауқымет тартып, қара жа­мылып отырған Нұркен, Бесоба ауыл­дарындағы шаңырақтарға кіріп көңіл айтты. 

Аңызды өлкеге – маңызды сапар

Көңіл айту – қайғыны жеңілдетеді

Екі күнде бірнеше шаруа қожа­лығын, өндіріс ошақтарын, әлеу­меттік нысандарды аралаған об­лыс әкімі аудан әкімдігінің мә­жі­ліс залында өткен актив жиыны­на қатысты. Алқалы жиында аудан әкімі Халел Мақсұтовтың өңір­дің әлеуметтік-экономикалық да­му көр­сеткіштері мен болашақ жос­пар­лары бойынша есебі тыңдалып, аудан тұрғындарының ұсыныс-тілегіне, өтініш-назына назар аударылды.

Сенімге селкеу түспейді

Активте Х.Мақсұтов 2017 жыл­­дың 4 айының қорытындысы бойын­ша жалпы экономиканың кө­лемі 9,5 миллиард теңгені құра­ған­дығын мәлімдеді. Аудандық бюд­жет қаржысы 99,8 пайызға иге­рілді. Алдағы уақытта ұзақ мер­­зімді жалға берілген жерлерде де­малыс үйлері салынады деп жос­пар­лануда. 

Аймақ басшысы аудан әкіміне бұл мәселені қатаң бақылауды тапсы­рып, алдағы жұмыстарына зор сенім артты.

− Кейбір адамдар жер учас­ке­ле­рін алады да, оны игер­мейді. Өз­дері қалада тұрады, ал жер сол күйі еш қараусыз бос қалады. Сол се­кілді жайттарды қадағалаңыздар. Ол жер телімдерін қолынан іс ке­ле­тін адамдарға беріңіздер. Заңда бар­лығы жазылған. Қараусыз, иге­ріл­меген жерлерді қайтып алып, бас­қа азаматтарға берген жөн, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аудан басшысы мал шаруашылығы мен шағын жә­не орта бизнестің дамуы туралы есеп берді. 

Биылғы жылы аудан бойынша жос­парға сәйкес 54,8 мың гектар жер­ге дәнді дақылдар себу жоспарлануда екен. Егістік алқаптарының дер кезінде кеппеуіне байланысты себу жұмыстары кешеуілдеп жатқан көрінеді. Бүгінгі күні аудан бойынша 3300 гектарға тұқым себілген. 

Жолдың жыры 

Жиналыс барысында ауданның ең өзекті проблемаларының бірі – жолдарды жөндеу мәселесі тал­қы­ланды. Қарқаралы ауданы бойын­ша 1108 шақырым автомобиль жол­дары бар, оның ішінде 165 ша­қырым – республикалық, 311 ша­қырым – облыстық және 632 ша­қырым аудандық маңызы бар жол­дар. Биылғы жылы Қарағанды – Қар­қаралы бағытындағы жолдың 94 шақырымы жөнделеді, оның 51 шақырымы «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз» республикалық маңызы бар автожолдың бөлігі. Айта кету керек, бұл тас жол 1957-1964 жылдары салынған екен. Қарап отырсақ, елу жылда жол түгілі, ел жаңарып жатады. Сол уақыттан бері бірде-бір рет жөндеуден өтпеген. Жос­пар­ланған жөндеу жұмыстары 2017 жылдың тамыз айына дейін аяқ­­талуы тиіс. Сонымен қатар, жа­­ңа басшының тапсырмасымен қол­­ға алынған жаңа жоба бойынша ба­­ғыттаушы дамбаның құрылысы қа­­растырылып отыр. Дамбаның би­­іктігі – 1,5 метр, ал ұзындығы – 2,6 шақырым. Жоба құны 466,5 млн теңге болмақ.

Жаңа жобаның жай-жапсары мен мүмкіндіктері туралы «Қаз­Авто­Жол» ҰК» АҚ Қарағанды фи­лиалының директоры Қанат Шай­мин баяндады. 

Санаторий – қосымша жұмыс орындары

Ауданның денсаулық сақ­тау­ са­ласы да назардан тыс қал­ма­ды. Өңір басшыларының мә­лім­­­деу­­лерінен ұққанымыздай, Қа­ра­­ғай­лы кен­тін­­де жалпы ауданы 700 тек­­ше мет­р­ді құрайтын, бір ауы­сым­да 25 емделушіні қабылдай алатын, күндізгі стационары бар жа­ңа отбасылық-дә­рі­герлік амбу­латория салынбақ. Құ­рылыс жұмыс­та­ры 2018 жылы аяқ­талуы тиіс. Сонымен қатар, б­и­ылғы жы­лы Тәттімбет, Томар, Егін­ді­бұл­ақ елді ме­кенд­еріндегі ме­ди­ци­­налық мекемелер үшін жалпы құ­ны 14,9 млн теңгені құрайтын 3 са­нитарлық көлік сатып алынады. Сон­дай-ақ, аудан орталығында ескі ту­беркулез диспансерінің орнында са­наторий ашу жоспарда бар екен. 

– Айта кететін жайт, соңғы жыл­дары туберкулез дертіне шал­дық­қандар саны төмендеді, – деп әкім ал­дында облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Ер­жан Нұрлыбаев есеп берді. – Баршаңызға белгілі, Қар­қаралыдан шығаберісте тубе­р­кулез дертін емдейтін диспансер бо­латын. Біз оны емделушілер са­ны күрт төмендегендіктен, жауып тастадық. Биылғы жылы сол жер­де санаторий ашу мүмкіндігін қа­рас­тырып жатырмыз. Ол сауығу ме­ке­месінде жергілікті халық емделу мүм­кіндігіне ие болады. Сонымен қа­тар, қосымша жұмыс орындары ашы­лады.

Соңғы жылдары ауданда ана өлі­мі тіркелмеген, ал нәрестелердің ше­тінеу көрсеткіші орташа облыс­тық көрсеткіштен төмен. 

Мамандар тапшы

Ауданда күрмеулі мәселелер де бар. Солардың бастысы – жұмы­с­­шы кадрлар тапшылығы. Қазіргі таң­да жас мамандарды ауданға тар­ту бойынша кешенді шаралар ұй­ым­дастырылып жатыр. Сонымен қа­тар, жиналыс барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов аудан ор­та­лығында дене шынықтыру-сау­ық­тыру кешенін салу мәселесін қа­рас­тыруды тапсырды. Бүгінгі күні же­р­­гілікті бюджеттен бөлінген 4 мил­лион теңгеге жобалау-сме­та­лық құжаттар дайындалған. 

− Айта кету керек, жоба бойын­ша алғашында нысанның орнала­суы батпақ жерде болатын, – дей­ді облыстық дене шынықтыру жә­не спорт басқармасының бас­шы­­сы Наталья Сухорукова. – Бо­ла­шақ нысанның орналасатын же­рін ауыстырсақ жөн болар еді. Мектептің маңына салсақ, оқ­у­шылар дене шынықтыру саб­ағ­ын­да сол кешенге барып тұрса ың­ғайлы болады деп ойлаймыз. Қа­зір­гі жобалау құжаттары бойын­ша дің­гектік алаң жасау керек. Ол өз кез­егінде жобаны 100 млн теңгеге қымбаттатып тұр. 

– Бұл дене шынықтыру-сау­ық­тыру кешенінің құрылысына қа­ражат табу керек, – деді аймақ бас­шысы. – Егер біз келесі жылдың нау­рыз айында құрылысын бас­тасақ, желтоқсан айына дейін бі­ті­реміз деп ойлаймын. Осы секілді әлеу­меттік маңызы бар нысандар тұр­ғындар үшін қажет. 

Жел генераторлары – ел игілігіне

Қарқаралының мақтанып айтар мар­дымды істерінің бірі – құны 44 мил­лиард теңгені құрайтын жел ге­нераторларының жаңа ауқымды жоба­сы болмақ.

Ол жайлы облыс әкімі Ерлан Қо­шановқа аудан активі жиынында «Шаңырақ» компаниясының же­тек­шісі Мұрат Доштаев мәлімдеді. Кә­сіпкер алдағы уақытта жел гене­ра­торларын орнатуды жоспарлап отыр. Қазақстанда ондай қуат өн­ді­ретін құрылғылардың баламасы әзірге жоқ екен.

– Біздің жобамыздың құны 128 млн еуроны құрайды. Жел гене­ра­торларын орнату арқылы біз елі­міздің жасыл экономикасын да­мытуға үлесімізді қоспақпыз,– де­ді «Шаңырақ» компаниясының ди­ректоры М.Доштаев. – Қазіргі таң­да жобалау құжаттары мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Нысанның құрылысын осы жылдың маусым айында бастап, 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жо­ба қуат­ты­лығы 60 МВт құрай­ды. Ма­мандарды Германияда оқы­та­тын боламыз.

Жел генераторының құрылысы 220 жаңа жұмыс орнын ашып, жо­ба аясында жұмыскерлерге ар­­нал­ған коттедж қалашығы са­лын­бақ. Сонымен қатар, кәсіпкер 70 орын­дық балабақша салуды көз­деп отыр. 

Аталмыш жоба облыс әкімінің кө­ңілінен шықты. Ол осы секілді ны­сандар Елбасының «Туған жер» бағ­дарламасын жүзеге асыруда үл­кен септігін тигізетінін атап айтты. 

− Осындай кәсіпкерлер бас­қа­ларға үлгі болуы керек, – деді об­­лыс әкімі. – Бұл адамдар тек өз­де­рінің пайдасын ойлап қана қой­май, бірінші кезекте елі үшін, жері үшін жаны ашиды. Осы секілді жер­лес­теріміз көп болса нұр үстіне нұр бо­лар еді. Ал жергілікті билік мұн­дай кәсіпкерлерді барынша қолдап оты­руы тиіс.

Облыс әкімі өзінің жұмыс са­па­ры барысында жергілікті кәсіп­кер­лердің де іс-әрекеттерімен таны­сып қайтты. 

«Айсаның» артықшылығы неде?

Қазіргі таңда ауданда екі мың­ға жуық шағын бизнес субъек­ті­лері бар екен. Оларда үш мың­нан астам жергілікті халық жұ­мыс­­пен қамтылған. Жыл басынан бері 47 адам жеке кәсіпкер ре­тінде тір­кел­ген. Сонымен қа­тар, би­ыл­дың өзін­де 4 жаңа ша­руа қо­жалығы ашы­лыпты. Бұ­рын­нан жұ­мыс ат­қ­а­рып келе жат­қан кә­сіп­кер­лер өз кезегінде кә­сіп­те­рін ке­ңей­тіп, жа­ңа салаларды мең­ге­ру­ді жөн кө­ріп отыр. 
Мысалы, ірі қара мал өсі­ру­мен айналысатын «Айса» шаруа қожалығының басшысы би­ылғы жылы қымызбен емдеу қыз­меті бар қонақ үй ашуды көз­деп отыр. Бұл демалыс ор­нын­да жайлы демалып қана қой­май, сонымен бірге сауықтыру қыз­меттері де көрсетілетін бола­ды. Қожалық иесі Қайдар Ах­мет­шин айтқандай, мемлекет та­­ра­пынан көрсетіліп отырған қол­­даудың игілігін көріп отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» ат­ты ма­қаласында қамтылған «Ту­ған жер» бағдарламасы жаңа бас­та­ма­­ларға түрткі болып отыр. Ша­руа­­шылық аясында кешенді де­ма­лыс орталығын ашуды қолға ал­дық. Өзім Теміртау қаласында тұрғаныммен, осы Қарқаралының тумасымын. Еліме пайдам тисін, еңбегімнің игілігін өз отбасым ғана емес, туған елім де көрсін деген ниетпен осындай жобаларды іске асыруға кірісіп кеттік, дей­ді кәсіпкер. 

Ондай кәсіпкердің та­ғы бірі – Айдын Мезгілбаев. Қар­қа­ралы ауданына қарасты Бақты өңі­рінің тумасы ау­дан орталығынан 400 адамдық жа­ңа мешіт құрылысын бастап кет­іпті. Болашақта ол нысан «Мәди ме­шіті» деген атаумен жамағатқа қыз­мет көрсетпек.

Қарқаралы – туризмге таптырмайтын мекен

Бүгінгі таңда Қарқаралы ауданында туристердің демалуына арналған 26 нысан жұмыс істейді. Маусым басталғанда олардың 2500 де­малушыға дейін қабылдау мүм­кін­діктері бар.

– Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көр­месі аясында туристерді тарту үшін туроператорлармен ұлттық та­биғи парк арасында бірлескен қыз­мет туралы келісімшарт жаса­лып, маршрут бекітілді, – деп мә­лімдеді аудан әкімі Халел Мақ­сұтов. – Мемлекеттік ұлттық та­би­ғи парк жанынан Визит-центр ашыл­ды.

Сондай-ақ, сапалы әрі табиғи өнім­дерді бағалайтындар үшін Қар­қаралыда «Балқантау» жарты­лай дайын өнімдер шығаратын цех жұмыс атқаратынын білдік. Кә­сіпорын күніне шамамен 600 келіге жу­ық 15 түрлі өнім шы­ғарады. Ши­кізатты жергілікті шаруалардан ала­ды. Кәсіпорында өздерінің қа­­сап­ха­насы мен ветеринарлық зерт­хана­сы жұмыс істейді. «Бал­қан­тау» өнім­дерін жақын арада Қа­ра­ғанды қа­ласының әлеуметтік па­вильондары­нан көруге болады. 

Жалпы, Қарқаралы ауда­нын­да­ғы шағын бизнес субъектілері өнді­ре­тін өнімдер көлемі 2017 жыл­дың 4 айында 7 миллиард теңгеге бағ­а­ланды. 

Осынша игілікті істі өз көзімен көр­ген облыс әкімі Ерлан Қошанов ау­дан әкіміне кәсіпкерлерге қолдау көр­сетуді ұдайы назарда ұстау жө­нін­де тапсырма жүктеді. 

Екінші күн – Егіндібұлақта

Облыс әкімінің аудан орта­лы­ғынан кейінгі сапары Қарағайлы ба­й­ыту фабрикасы, «Алтай-По­ли­металл» ЖШС секілді өндіріс ошақ­тарында және Егіндібұлақ ауылында жалғасты. 

Жыл басынан бері аймақтағы өнеркәсіп орындары 3 млрд теңгені құрайтын өнім өндірген, былтырғы жылғы осындай уақыт мерзімімен салыстырғанда өсім 261 пайызға жеткен. Ол жайында да Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов мәлімдеді. Мұндай жетістіктерге жетуге облыс орталығынан 350 шақырым қашықтықта орналасқан Теректі кентінің маңында салынған «Алтай-Полиметалл» ЖШС ірі кәсіпорнының іске қосылуы себепкер болып отыр. 

Облыс әкімі Ерлан Қошанов жұмыскерлердің жұмыс шарттарымен және күнделікті өмірімен танысу мақсатында кәсіпорынды және тұрмыстық нысандарды аралап шықты. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді. Жұмыскерлердің басым бөлігі жергілікті тұрғындар. 

Өндіріс ошағы 2016 жылдың желтоқсанында іске қосылған болатын. Көктасжал руднигінде ашық тәсілмен құрамында мыс бар руда шығарылады. Және осы жерде байыту комбинатында мыс концентраты өндіріледі. Кәсіпорынның бір ерекшелігі – технологиялық процес-
терде іштен жану қозғалтқышынан толықтай бас тартуында. 2017 жыл­дың қаңтар – сәуір айлары ара­лы­ғын­да жалпы сомасы 500 млн тең­ге­ні құраған 1200 тонна концентрат өндірілген. 

Қарағайлының қарқыны қалай?

Аймақ басшысының келесі ат басын тіреген жері Қарағайлы кенті болды. Мұнда Балқаш мыс балқыту зауыты үшін мыс концентраты өндіріледі. Кенттің 5 мың тұрғынының 700-ден астамы Қарағайлы кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы өндіріс көлемін ұлғайтуға және жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік беретін қайта жаңғырту шаралары өткізіледі. 

– Осы жылдың 4 ай қоры­тын­ды­сы бойынша жалпы экономика кө­лемі 9,5 млрд теңгені құрады, – деп Халел Мақсұтов облыс бас­шы­сының алдында есеп берді. – Егер өт­кен жылдың осындай мер­зі­мі­мен салыстырар болсақ, жоспар 103 па­йыз орындалды. Негізгі ка­питалға салынған инвестиция кө­­лемі 2 млрд теңге. Ауданнан мем­лекеттік бюджетке 365 млн тең­ге түсті.

Баба тойына барымызды саламыз

Алайда ауыл тұрғындары ауыз су мәселесін, жол қиындығын, ұялы байланыс кедергілерін де ай­та кетті. Түй­ткілді мәселелердің түйі­нін ше­шу­­ге өңір басшылары кепіл бола­т­ы­нын айтып, шалғайдағы жұрт­шы­лық­тың көңілі демделді.

Сапар қорытындысы бойынша жер­гілікті халықтың ортаға салған проб­лемалық мәселелері қа­рас­ты­ры­латын болады.

Егіндібұлақ ауылында Қаз­дау­ыс­ты Қазыбек бабамыздың ес­кер­­т­кі­шіне тағ­зым етіп, бабаның 350 жыл­дың ме­рейтойын ауыл ақ­са­қал­да­рымен ақыл­­дасып, жоға­ры дең­гейде атап өту мә­селесі тал­қы­лан­ды.

Сонымен, екі күндік сапар барысында Қарқаралының қарымын мей­лін­ше аңғардық. Туризмге тұ­ғыр, ин­вестицияға игілікті орын екен. Мүмкіндік мол, талап оң. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы
Суреттерді түсірген 
Дмитрий КУЗМИЧЕВ