Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Әлемдік цирк – Астанада

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жаз елорданың төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келетін небір дүлдүлдер өнер көр­сететін әлемдік сахнаға айналатындығы туралы бұдан бұрын да айтқан едік. ЭКСПО-2017 көр­месінің аясында атағы дүние жүзіне кеңінен тараған Дю Солей циркінің Астана қаласында үш ай бойы өнер көрсететіндігі осы сөзімізге нақты дәлел болса керек.

Әлемдік цирк – Астанада

Сонымен ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылатын Дю Солей циркінің қойылымына билеттер 2017 жылғы 10 мамырдан бастап сатылымға түсті. 

Штаб-пәтері Монреаль қаласында орналасқан Дю Солей циркі қазіргі таңда ойын-сауық ин­дус­триясындағы алып компаниялардың біріне ай­налған. Цирк ұжымында әлемнің 50 елінен жи­налған 4000 жуық адам еңбек етеді, оның
1300-і − әртістер. Әлемге әйгілі Дю Солей циркі осы уақытқа дейін әлемнің 400-ден астам шаһарында өнер көрсетіп үлгерді. Енді олар ЭКСПО-2017 аясында алғаш рет Астанаға ат басын тіремек.

Қазақстанның бай мәдениеті мен тарихынан және «Болашақ энергиясы» атты көрме тақырыбынан шабыттанған  цирк әртістері Астана тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы эксклюзивті «REFLEKT» шоу-бағдарламасын дайындады. Таңғажайып қойылымда қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен  адамзаттың болашаққа деген асыл армандары  өзара өріліп жатады. Жалпы, цирк тарапынан 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін 71 қойылым жоспарланып отыр. Цирк қонақтары бірегей шоуды арнайы жабдықталған үшбұрыш тәріздес павильонда тамашалай алады. Оның сыйымдылығы 2000 көрерменге арналған. Қойылым тұсаукесері көрме алаңында 16 маусым күні өтеді.

Дю Солей циркінің таңдай қақтырарлық қойы­лымының куәгері болу үшін ЭКСПО-2017  көрме қалашығына келіңіз. Цирк қойылымдарының билет құны 4000 теңгеден басталады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»