08 Желтоқсан, 2016

Ел бағы – Елбасы

481 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
muzeiarhiv-10Қазақстан Республикасы Парламентінің бір­лес­кен отырысында Тәуел­сіздігіміздің 25 жыл­дығы Декларациясы қабылданды. Тәуелсіздік – күні кеше өз елі, өз жерінде егемендік алғанға дейін табал­дырық көзінен ұзамаған қазақ халқы үшін ең ұлық мереке. Бүгінде әлемнің бәсекеге қабі­летті 50 елінің сапына ен­ген Қазақстан ең жоғары дамы­­ған 30 елдің қатарына кіру­­ді мақсат етіп отырса, оған лайық алғышарттар аз емес.  Солардың бірі – ел дамуын ай­қын­дай­тын  «Қазақстан-2050» Страте­гия­­сы.  Атал­мыш  жаңа си­пат­­­тағы құжат, өс­ке­лең ел­дің жар­қын ер­теңі­нің кепілі іспеттес. Елбасының  «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға соны серпін беріп отыр. Туған жер тұтастығы үшін сақалына шіркей ұялап, ат үстінен түспей жауымен қидаласқан, түрлі шапқыншылыққа ұшырап, көзінің жасы кеппеген ата-бабаларымыз осындай мамыражай заманды армандап өткенін сарғайған тарих парақтары көз алдымызға жайып салады. Қазақстан өз тәуелсіздігінің жиырма бес жылында небір тар жол, тайғақ кешулерден аман өтіп, азаттықтың алғашқы асуларынан абыроймен аса білді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз қазір бүкіл әлем таңдана, таңырқай қарайтын ғаламат даму жолынан өтіп, ынтымағы жарасқан, экономикасы өркендеген, халықаралық қауымдастыққа именбей кіретін іргелі мемлекетке айналды.  Бүгінгі азат Қазақстан – әлемдегі іргелі  мемлекеттердің санатына қосылды.  Біздің Елбасының пікірімен әлем саясаткерлері санасатын күнге жеттік. Дүние жүзі халқының адасқанда бағыт ұстар, дәтке қуат етер темірқазығы Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде қазақ дауысы әлемге естілсе, оның  Елбасының арқасы екенін халқымыз және біледі. Декларацияда Елбасының Тәуелсіздік шежіре­сін­дегі еңбегі толық қамтылып, жан-жақты көрсетілгенін де айта кетуіміз қажет. Ширек ғасырдағы өткен жолдарымыз тарқатылған тари­хи құжатты Оңтүстік халқы да бірауыздан қолдап отыр. Тәуелсіздік пен Елбасы бүгінде егіз ұғымға айналып кетті. Осы жағдайды Ұлыстың ұйытқысына баланған Оңтүстік жұрты толық қуаттайды. Табиғи қазба бай­лық­тардан гөрі адам ресурсына бай аймақтың халқы да Елбасының саясатына бірауыздан қолдау білдіріп, қашан­да қасынан табылып келеді. Елбасының да Оңтүс­тікке деген  ықыласының ерекше екенін жақсы білеміз. «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бас­тысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүл­дендіру­мен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар, өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғас­тырып жатқанын көремін». Оңтүстікке келген сапары­ның бірінде Мемлекет басшысы осылай деген болатын. 1993 жылдың мамыр айының 1 жұлдызында қасиетті Ордабасы биігінде қазақтың үш әйгілі биі Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биді еске алу мақсатында ұлы жиын өтті. Сол кемеңгер үш бидің ізі қалған Ордабасы тауына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан және Қырғызстан президенттерін бастап келді.  Елбасы осыдан төрт ғасырға жуық уақыт бұрын үш би ақ шатырын тігіп, кеңескен Тутөбеге көтеріліп,  Қазақстан Республикасының көк Туын көкке желбіретті. Мемлекетіміздің Әнұраны ойналды. Президентіміздің қаулысымен «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығы дүниеге келді. Бүгінде біздің Елбасын дүние жүзінің сұңғыла саясаткерлері «Көреген басшы» деп бағалайды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аяғын тәй-тәй басқан жас Қазақстан үшін өте ауыр кезең болатын. Жұрт алда жақсы кезеңдер бар, еліміз әлемдегі айтулы мемлекеттердің бірі болады дегенге сене қоймайтын. Өйткені, дастарқаны тақыл-тұқыл, жұмыс орындары аз, әркім өз білгенімен жүріп жатқан кезең еді. Жақында Елбасымыздың үш кемеңгер бидің Ордабасыдағы орнында тұрып айтқан сөзін қайта ой елегінен өткіздік.  Шетелдіктер алдағыны болжай білетін, батыл шешім қабылдай алатын көреген басшы деп бекер айтпағанына тағы да көзіміз жетті. «Мені осы елдің басшысы ретінде қатты толғантатын тағы бір жайды орталарыңызға салғым келеді, – деп еді сонда Елбасы. Ол – біздің жастарымыздың отан­шылдығын, өз еліне, Отанына, жеріне деген, бола­шағына деген аса зор жауапкершілік сезімін тәрбиелеу. Қазақ тарихында тұңғыш рет тұрақты әскер құрдық. Елімізді, жерімізді, бостандығымызды сақтау үшін бұл бізге қажет болды. Кезінде қазақ даласының әр түкпірінен осы Ордабасыға жиналып, елім, жерім деп еңіреген, бастарын ажалға байлап, қан төккен ата-бабаларымыздың аруағы разы болсын десек, біз елімізді қорғауды азаматтық та, перзенттік те борышымыз деп санауымыз керек. Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді алдымен өзіміз қорғамасақ кім қорғайды? Біздің туған жер ұғымының аясын әбден тарылтып жібергеніміздің салдарынан талай адам өз облысын, өз ауданын ғана туған жерім деп танитын таяз түсініктен әлі арыла алмай жүр. Оқу бітірген жастардың қайткенде де ауылына оралуға тырысып, мамандығы бойынша жұмыс табылмаса да ата-анасының жанынан шықпайтын психологиясын құптай беру қиын. Табиғаты сұлу, топырағы құнарлы небір шұрайлы өлке-өңірлеріміз отаншыл жастарымыздың перзенттік жүрегі мен қуатты білегін күтіп жатыр, ағайын! Үш ұлы бабамыз сонау бір қилы кезеңде осы Ордабасының биігіне шығып, терістіктегі Арыс пен Бөгенге, күншығыстағы Қазығұртқа, Арқа жақтан мұнартқан Қаратауға қарап тұрып, ел бірлігі, халық ынтымағы туралы кезек-кезек ой толғаған екен. Осы Ордабасы биігінде киізтуырлықты қазақ атаулы ауызбірлікті болуға серттескен. Үш дана биіміз ақ батасын беріп,  Әбілқайырдай бас сардарын қолбасы етіп  сайлап, ата жауға аттандырып салған екен. Кейін айбынды Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Райымбек, Есет, Бөгенбайлардай талай-талай мықты білек, түкті жүрек батырлар сонда айтылған армандарға түгел жетіп, қазақ даласының төрт тарабын да басқыншы жаудан түгел арылтып алғанын білеміз. Енді сол бабалар алып берген кең-байтақ жерімізді  түгел құлпыртып,  түгел көркейту бүгінгі біздер мен ертеңгі жеткіншектердің үлесіне тиіп отыр. Азаттыққа жетер жолдың қаншалықты ұзақ, қаншалықты тауқы­метті екенін көрдік.  Ал азаттықты баянды ете білудің де оңай шаруа емес екенін түсіне бастадық. Осы арада тағы да ұлы бабалар даналығын еске аламыз: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме? Ел тірегі – ері, ер тірегі – Елі бола білген қауымның басынан бағы кетер ме? Есті еріңді ез тұтсаң – өзіңді-өзің қорларсың, Есеріңді ер тұтсаң – іргеңізден жау кетпей, сойқаннан сойқан болар. Ез мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Көрешегін күйттеген – түбі қоймас сүрінбей. Жетелі ер адаспас – бабадан қалған сөз бар ғой. Жетелі ел адаспас – бағзыдан қалған із бар ғой», деген екен Әйтеке би Күлтөбедегі бір жиында. Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз. Талай-талай алқалы кеңес өткен атақты Күлтөбе баяғыда жыртылып кетіпті. Сайрам түбіндегі Мәртөбе күні кеше құртылып кетіпті. Қасиетті орыннан қалғаны – Ұлытау мен осы Ордабасы.  Бауырында бабалардан түскен із әлі сайрап жатыр. Басында бабалар даусы әлі саңқылдап естіліп тұр. Енді сөзден жаңылып, ізден адасар еш ретіміз жоқ. Бүгінгі жиын – сол жаңылмағандығымыздың, адаспағандығымыздың куәсі».  Мемлекет басшысы осылай толғанған. «Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау – әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын бар азаматтардың қасиетті борышы, ең биік мақсаты», дейді Елбасы. Азат ел болу үшін ел іргесі бүтін болып, барлығы бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тұтас болу керек. Нұрсұлтан Әбішұлы Ордабасы биігінде тұрып осы ұлы мақсатқа бір кісідей жұмылдыратын Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру идеясын айтқан еді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған жұмысы ең озық деген мемлекеттердің өзін қызықтырып, қазақстандық тәжірибеден үйреніп жатыр. Елбасының сындарлы саясаты дегенде алдағыны болжайтын асыл қасиеті, елді тұтастырудағы ерен еңбегі ойға бірден оралады. Мемлекет басшысының Оңтүстікке келген әр сапарынан жұрт жақсылық күтеді. Соның бірегейі – Сырдария үстінен салынған стратегиялық көпір. Кеңес өкіметінің кеудемсоқ мінез, арам ниетінен қазақ жері талан-таражға түсе жаздағаны белгілі. Соның бірі – Мақтаарал ауданы Өзбекстанмен үш жақты шектесетін айлақта қалып кетті.  Мақтааралдың бір ғана жолы Шардара ауданы арқылы еді. Бірақ, Арнасай су плотинасы үстіне кеден, шекара бекетін қойған қоңсы ағайынның қоқан-лоқысы елдің зықысын шығарып жіберді. Сондықтан, Сырдың арғы бетінде қалған қалың ел Елбасынан дария үстінен көпір салып беруді өтінген еді. Экономикалық қиындықтар белді қайыстырып тұрған кезеңнің өзінде Елбасы Үкіметке пәрмен беріп, ел аузында «Тәуелсіздік көпірі» атанған стратегиялық нысанды салғызды. Бүгінде 300 мыңнан асқан мақтааралдықтар ешкімге жалтақтамай, еркін өмір сүріп жатыр. Оңтүстік тұрғындарының тағы бір қиналған тұсы ағын су жетіспеушілігі болатын. Бұл өте күрделі мәселе еді. Қырғыз Алатауынан Тоқтағұл ГЭС-і арқылы электр қуатын алу үшін айдалған су қысқы уақытта Шар­дара су қоймасын аузы-мұрнынан шығара жаз­дайтын.  Сыйымдылығы 5 млрд текше метр ғана болатын су қоймасы ернеуінен толып, қатарындағы бес аудан мен Қызыл­орда облысына қатер төндіретіндіктен, артық су Арнасай арқылы Өзбекстанға өткізілетін. Қазақстан екі жағына да бәйек болып, айыппұл төлеп келді. Сарапшылар осы кезеңде Шардара арқылы Өзбек­стан су қоймаларына шамамен бір Арал көлінің суы кет­кендігін айтады. Осындай жағдайда Елбасы «Көксарай» су реттегішін  салуға бұйрық берді. Оның сыйым­дылығы 3 млрд текше метр болғандықтан, Шардара су қоймасын қосқанда 8 млрд текше метр су Оң­түстікте қалды. «Көксарайдың» арқасында суар­малы жерлер көбейді, шабындық молайды. Балық өсірі­ліп, артық су  Аралға құйылды. Мақтааралдағы «Тәуелсіздік көпірі» мен «Көксарай» су реттегіші Оңтүстіктің ең ірі аудан, қалаларындағы күрмеулі мәселелердің түйінін осылай шешіп берді. Елін, жерін сүйген, қысылғанда қолтығынан демейтін Елбасы осы өңірдегі миллионнан астам халықтың аманатын орындады. Сырдария тасып, жағалауындағы шағын ауылдарды қарғын су алып, жанайқайы шыққанда да Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма беріп, қауіпсіз жерден барлығына жететіндей көркем ауыл салдырып берді. Үйлерді тапсыру салтанатына арнайы келіп, жүздеген жұрттың қуанышымен бөлісті. Маяқұм ауылындағы тұрғындармен кездесуде «Болған жайтты естісімен апат орнына дереу барып, Үкімет тарапынан қажетті шаралар қабылдау жөнінде Премьер-министрге тапсырма бердім. Біздің мемлекетіміз – қуатты мемлекет, сондықтан өз азаматтарымызды қиындықта қалдырмаймыз», деді сонда Президент. 2005 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік бюджет есебінен салынған «Нұрсәт» шағын ауданында бол­ды.  «Осы құрылысты жүргізе отырып 3 мың адам­ды жұмыспен қамтамасыз еттік. Бұл – өте жақсы көр­сеткіш. «Нұрсәт» шағын ауданының болашағы зор. Оңтүс­тік Қазақстан – тұрғын үй құрылысы бағдарла­ма­сын алғаш қолға алған өңірлердің бірі», – деп баға берді. Ақ алтынға бағаланатын мақта тек Оңтүстік өңірін­де өсіріледі. Диқандар көп қиыншылықтарға тап бол­ған­­дықтан, Елбасының тапсырмасымен «Мақта туралы» Заң қабылданды. Оңтүстіктегі атышулы ВИЧ оқиғасы елімізді дүр сілкіндіріп кеткендігі белгілі. Елбасы жағдайды тұрақтандыру, денсаулық сақтау ісін жақсарту үшін Қан орталығы мен Медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандыру орталығын Шымкентте салдырды.  Бұл – ТМД-дағы ең мықты орталық. 2010 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында Түркия Президенті Абдулла Гүл Елбасына асыл тастармен әшекейленген асатаяқ пен ақ шапанды сыйлап тұрып:  «Көп жыл бұрын біз Түркі әлемі мем­лекеттерінің кеңесін құрдық. Бұл жолдағы Қазақстан Президентінің еңбегі ерекше. Сондықтан, бүкіл түркі­тілдес халықтар әлемі атынан мына асатаяқты үлкен құрметпен Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етемін», деді. Сондай-ақ, ол Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің көшбасшысы деген ойды айтты. Қазақстан Республикасы 25 жылдық уақыттың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен төрткүл дүниеге танылды, әлем мойындаған егемен ел болды. «Ұлыстың ұйытқысы – Оңтүстік» атанған өңір халқы да Тәуелсіздіктің тартуларын іс жүзінде сезінуде. Тәуелсіздік жылдарында өңір экономикасына 3 трлн 300 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 347 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Білім саласында 491 мектептің құрылысы жүргізіліп, осы салаға қаралған қаржы 257 есеге артқан. Мәселен, 1991 жылы  облысымыздағы білім беру саласына 895 миллион теңге бөлінсе, қазіргі таңда оның көлемі 230 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар, соңғы 25 жылда өңірімізде жаңа­дан 1491 балабақшаның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі күні мектепке дейінгі мекемелердің саны 1582-ге жетті. Нәтижесінде балабақшамен қамтылған бүлдір­шін­дер саны 170,6 мыңға ұлғайып, қамту көрсеткіші 83,3 пайызға артып отыр.  Өңірімізден Тәуелсіздік жыл­дарында мектеп бітіруші 4524 түлектің «Алтын белгі» иегері атануын білім саласына бағытталған инвес­тиция­ның өтеуі деп білеміз. Елімізде 2009 жылы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 20 зияткерлік мектебі» жобасы әзірленгені белгілі. Осы жоба бойынша республикамызда  20  «Назарбаев зияткерлік мектептері» ашылса, оның екеуі Оңтүстік Қазақстан облысында бой көтерді. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен ірі жеңістерге дәлел болатын мысалдар өте көп. Қазақстанның қаншалықты өскенін салыстырмалы түрде айтсақ, 2001 жылы бүкіл мемлекетіміздің бюджеті 508 млрд теңге болса, бүгінде тек Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті 550 млрд теңгеге жетіп отыр. Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танымал. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. 25 жыл ішінде Қазақстан экономиканы дамытуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сыртқы саясат республиканың ғаламдық деңгейде беделін өсірді. Бүгінгі Қазақстан – кемелденген, қуатты, іргелі мемлекет! Шын мәнінде, бұл – біздің бірлігі бекем халқымыздың ерен еңбегінің арқасы, Елбасымыздың орасан зор алып қызметінің көрінісі. Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі