30 Тамыз, 2011

«Қара майор» киносының прототипі – қазақ жігіті

636 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Қара майор» фильмі экранға жол тартпай тұрғанда-ақ көпшілік елімізде ауған соғысы ардагерлеріне арналған фильм түсіріліп жат­қанынан құлағдар болған. Мұны жерлесіміз, қазақтың ба­тыр қызының бірі Мәншүктің экрандағы бейнесімен мәңгі жа­дымызда жаңғырып тұрар сүйікті актрисамыз Наталья Орынба­са­ро­ваның баласы, ресейлік режиссер Григорий (Егор) Михалков-Кончаловский Алматы облысын­дағы Тамғалы тау шатқалында түсіріп жатқанын, ондағы рөл­дер­ді Қазақстан мен Ресейдің белгілі актерлері қатар ойнай­ты­нын, Үкіметтен фильмді қаржы­ландыруға 5 млн. АҚШ доллар бөлінгендігін, тағы осы сияқты басқа да жәйттерді басылымдар жарыса жазған сәттердің енді, міне, қорытындысы мен нәтижесін көрер сәт те келіп жетті. «Қара майор» деген халық атауымен ел арасына кеңінен та­нымал Борис Төкенұлы кім дегенде, жұрттың есіне кеңес кезе­ңі­нің жарқыншақ жаңғырығы іспетті жан-дүниені талықсытар ауған азабы арқаға аяздай батар еді. Ол Қапшағай қаласында дай­ындалған ерекше тапсырма жүк­тел­ген отрядтың командирі бо­лып бекітіледі. Кез келген ұлан­ның көкірегінде елдік, ерлік деген ұғым қай кезде де біте қай­насып, бойдағы күш-қайраттың сол кескілескен шайқаста мейлінше өршеленіп, өмірдің өзегіне, өрнегіне айналған талай мыса­лы­на қаныққанбыз. Борис бауы­ры­мыз да кешегі күннің, кеңестік жүйенің ер-жүрек жауынгері бо­лып есептелгенмен, тарих беттерінен қаһармандық бейнесі жо­ғал­майтын, батыр бағландарды баулуда Бауыржан аталарынан  кейінгі өшпес өнеге болып  та­ны­латын, қайсар, қабілетті жан ретінде халық жүрегіне қашанда жақын тұлға болып қалатыны талас тудырмайды. Кеңестік дәуір­дің тасасында көп игілік таныл­май, тар жерге таңылып қалып жатты. Соның бірі – елге деген адалдық пен әділдік, сол жолдағы табанды­лық пен жанқиярлық әрекеттер еді. Борис Төкен­ұлы­ның батылдығы күні бүгін соңғы тынысы біткенше жан алысып, жан беріскен соғыс­тағы сандаған қазақтың патриот ұл­дары­ның бой­ына таққан тұмарын­дай қас­терленуі бекер емес. Кеңестің кесегі басып қалған сол қайсарлық рухынан енді алып мұнара тұр­ғызатын кез келді. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған фильм кейінгі ұрпақтың рухани кірпішінен қа­ланған сондай мұ­нараның «біс­мілләсі» деген абзал шығар. Қа­шан­да «тәй-тәй» бас­қан алғашқы сәттердің сүрініп-қабынып жа­туы – өмір заң­ды­лығы. Ендеше, біздің де ауған тра­гедиясын өзгеше екпіні мен бояуын сақтай отырып баян­дай­тын балапан туындының қанат­қақ­ты әрекетіне тек алдағы сам­ғар биіктеріне сәттілік тілеу па­ры­зымыз. Әйтпесе термелеп, те­ре­ңіне терезенің жарығын түсі­р­сек, кедір-бұдырсыз жол емес, ауқымды да күрделі тақырыпты тақымға басып отырып, бірді-екілі тұста анайы қылықпен адам­ның езуіне күлкі үйіртемін деушілік аса тапқырлық бола қойған жоқ. 1981 жылдың қазанында Ауған­станға кіріп, ел басқарушы Ахмед Шах Масудтың резиденциясын басып алуға рұқсат алған ол жауынгер достарымен бірге Панд­шер шатқалында нағыз батыр­ларша жауларымен шайқасып, өзіне жүктелген маңызды опера­цияны мүлтіксіз атқарып қайта­ды. Ауған соғысындағы ерліктің бүгінгі Қазақ еліне түк те қатысы жоқ, ол кешегі кеңестік жүйемен бірге тарихтың қалың қойнауына өткен тақырып деген пікірдің кей­де жаңсақтықпен айтылып қа­ла­тыны тағы рас. Алайда тарих таңбасы тартпаға салынбас десек, кешегі сол қан майданда қа­лың қазақтың да шеккен қасіреті аз болмағанын кейінгі өренге жет­кізудің өзі үлкен ғибрат бо­лып саналуда. Мәселен, «қара майор» атанған қазақ жігітінің есімін ұлықтау мақсатында аты­раулық жұртшылық бір кемеге оның атын беріп құрмет көрсет­кен. «Спецназ ГРУ СССР» деген кітаптағы тізім бойынша төр­тін­ші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік сая­сат­тың өзі осылай жоғары көте­ріп мойындаған. Ендеше, Мәс­кеудің мықтылары санасып отыр­ған қазақ офицері жайында бір емес, бірнеше фильм түсіріліп жатса да артық етпесі белгілі. Басты кейіпкер – Марат Аюмов­тың жас шағын Берік Айтжанов, ал қазіргі кезін Сейдулла Молдаханов ойнайды. Өткен шақ пен бү­гінгі уақыт кейіпкер басынан қатар өрбитін оқиғада режиссер қазақ жауынгерінің бойындағы адамгершілік қасиеттерді ашып көрсетуге тырысып бағады. Марат парсы тілін жетік біледі, ауған халқының салт-дәстүрлері мен заңдарын сақтауды мең­герген ол басына төнген қауіп-қатерге қарамастан Ауғанстанға «Ескендір Зұлқарнайынның жо­лы­мен» атты деректі фильм тү­сіруге барған қазақстандық және ресейлік шығармашылық топты есірткі плантациясы қожайы­ны­ның құрған қақпанынан аман алып шығады. Оқиға желісі адам­ды өзімен бірге алға жетелеп отырады. Алматыдан Ауған­станға дейінгі жолдың арасында 80-ші жылдар елесі, Ауғанстанда дұшпандармен болған ауыр шайқаста өзі қатты жараланып, ал досы Андрей Островскийдің (Денис Никифоров) қаза тапқан сәті сынаптай сырғып, мазасыз күй кештіреді. Мұның өзіндік тағы бір себебі бар. Сәуле есімді қызға қос жауынгер қатар ғашық болады. Бір аяғынан жарақат алып, әскери қызметте қалу-қалмауы сын тезіне түскенде жанында онымен қайғысын бірге жұтып, қасіретін бірге шеккен Сәуленің жүруі қазіргі адамдар арасындағы қайырымдылық пен мейірім мәселесін тағы бір қаузап өтуге түрткі болады. Мәйіті ауған жерінде қалған досының артынан қайтадан іздеп барып, рухына тағзым етіп қайтуына сүйген жарының өзіне деген осынау кіршіксіз сезімі әсер етеді. Жау оғынан аяғы қат­ты жарақат алғанда өзіне қол­ұшын созған аяулы бір жанның жақ­сылығын ешқашан ұмытпай­ды. Ауғанстанға оралуының себебі, бір жағынан өзін өлімнен құт­қарған сол адамға ризашы­лы­ғын жеткізу болса, көпті көрген қария оның бұл сәтті қаншама жылдар бойы асыға күтіп келгенін сезеді. Соғысқа аттанып бара жатқанда досы Андрейге Сәуле бір сырғасын сыйға тартқан еді. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін әлгі сырғаны қарияның Ма­ратқа ұсынуы фильмнің қоры­тын­ды түйініне жақындатады. Ауғанстан сапарынан оралған Марат Сәулеге сол сырғаны қай­та табыстайды. Жалқы сырға сы­ңарын табады. Режиссер осынау көркем шешім арқылы өмірдің барлық мән-мағынасын түйін­дей­ді. Адам жанын жегідей жейтін мазасыз ойлар тұңғиығына қан­шама тағдыр тұншығып жа­тыр. Бірақ Марат сынды адамгершілік парызын алдыңғы орынға қоятын адамдар мұндай тығы­рық­тан қай кезде де жол тауып шығады. Режиссер Егор Кончаловский көрсетілім алдында БАҚ өкілде­ріне берген сұхбатында: «Бұл кар­тина менің ең күрделі, ауқы­мы жағынан да айтарлықтай, қазіргі заманғы кинематография тілімен түсірілген дүнием болып есептеледі. Қазақстанда болған осы күндерімнің шығармашылы­ғы­ма тигізген әсері толайым. Шы­нын айтқанда, бұл жерге мен қатты бауыр басып кеттім. Мұн­да әлі талай жобаларға қаты­са­мын деп ойлаймын», деп алдағы біраз іс-жоспарларымен бөлісті. Оның бір парасы Қазақстанмен тікелей байланысты. Айтпақшы, фильмнің түсіріле бастағандағы атауы «Ауғандық» болатын. Бү­гін­де оны «Нағыз полковник» деп те, «А»-ға оралу» немесе «Қара майор» деп те әрқалай атай­ды. Атаудан айып іздемейміз. Әйтеуір елдің аузында жүр­ген сол фильм­нің ұл-қызға ұлағат ұялатар ұстыны болсын, ал қалғанының бәрі жай нәрсе деген ой ғой біздікі. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Астана.